Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:17, 07 Наурыз 2023

Әй, Әлихан! 25 кенді сатып, елге не бетіңді айтасың?

None
None

Үкіметтің жасап отырған жұмысы – мемлекеттің шаруасы ғой деп сенгің-ақ келеді. Елдің тағдырын шешіп отырған азаматтарға сәттілік тілеп, тып-тыныш отырғың-ақ келеді.

Қисық болса да, көз жұма қарап, мін іздегің келмейді. Астананың бір білгені бар шығар, тектен-текке қазаққа қарсы жұмыс жасамайтын шығар деп ақтағың-ақ келеді.    Бірақ ақылға сыймайтын, ауыш адамның тірлігіндей, кейбір орашолақ шешімдерін көргенде, қаның басыңа шауып, меңдуана жеген меңіреудей күй кешесің.

Мысалы, осы аптада үкімет аукцион арқылы 25 кен орнын сатуға шығарғанын мәлімдепті. Бұлар отыз жылдан бері сатып тоймады ма?! Мемлекетшілдік туралы әңгімені көбінде, сол биліктегі «биік» кісілер айтпайтын ба еді? Сонда мемлекетшілдік дегеніміз – Қазақстанның бар байлығын сату ма еді?! Неге біз сақтауға емес, сатуға құмармыз? Неге сол кенді өзіміздің кәсіпкерлерге беріп, қаржыны Қазақстанда алып қалуға тырыспаймыз?! Шетелге қаржы құйып жүрген қазақ кәсіпкерлері баршылық. Бірақ олар Қазақстанға сенбейді, бизнесімізді тартып алады деп қауіп қылады. Назарбаев дәуірінен қалған індет...

Әңгімеге оралайық! Әлгі аукционға шығарған 25 кен орнының құнын 48 млрд доллар деп белгілепті. Ауылдағы қарапайым қойшыға 48 млрд долларды 4800 отар қой деп түсіндірмесеңіз, басқаша жеткізу қиын.

Сатқышбектер қазақтың байлығын саудаға салып отырғанымен шаруасы жоқ. Министр Марат Қарабаев процесс толығымен цифрландырылған деп соғыпты. Саудаға адам араласпай, бәрін компьютер өзі реттейді-мыс. Басқа саланы цифрландырып қатырып тастағандай, мұнысы не мақтан? Айтпақшы, бұл саудаға қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қатысып, өз бағасын ұсынып, кенді емін-еркін сатып ала алады екен. Ал осыдан кейін Қазақстанның байлығы кімге тиесілі екенін бағамдай беріңіз!

Бәссауда 26 мамырға жоспарланыпты. Келісімшарт кемінде, жиырма жылға жасалуы мүмкін. Сатып алған компания жыл сайын өз есебін беріп, бағдарламасын көрсетіп отыратын көрінеді. Бұл да ақталу. Сатып алған кәсіпкер бақай қулыққа бармайды деп кім айтады? Салықтан жалтару үшін табысын төмен көрсету Қазақстан сияқты жемқорлық жайлаған елде қалыпты жағдай.

Аукцион демекші, 2015-2016 жылдары біздің сатқыш үкімет қазақтың қасиетті қара жерін бәссаудамен сатамыз деп ауызы қатты күйген-ді. Халық «Жер сатылмасын!» деп қарсылық қылды, митингіге шықты. Ақыры, үкімет аукционды тоқтатып, Жер комиссиясын құруға мәжбүр болған-ды.

Жерді қайдам, мына сауданың талабы бойынша кенді кім көрінгенге сатқалы отырмыз. Үнсіз қалатын шаруа емес, бұл. Өйткені шетелдік деген талаптың ішінде ешқандай анықтауыш жоқ: Қытай ма, Қырым ба, Ресей ме, АҚШ па – кімнің ақшасы бар, сол келіп сатып алады. Сату деген – инвестиция тарту емес. Үкімет «біз шетелден қаржы тартып жатырмыз, бұл инвестиция» деп ақталуы мүмкін. Қазақтың кен орындарының көбі шекаралы аймақтарда орналасқан. Бұл да геосаяси жағынан қауіпті.

Кезінде Бөкейханның Әлиханы қазақтың ұлтарақтай жері үшін, астындағы байлығы үшін басын бәйгеге тікті. Жерін, елін, тәуелсіздігін сатпаймыз деп атылды. Смайыловтың Әлиханы кен сатуға кенезесі кеуіп-ақ отыр... 

Тегтер: