Әй, атымтай жомарттар-ай, бір қытайға татымадыңдар!

19.03.2020, 12:18

10

 Аты жаман індет апта, күн, тіпті сағат санап өршіп келеді. Індеттің алдын алу үшін Тимур және Динара Құлыбаевтардың Халық банкі медицина қызметкерлеріне 100 млн теңге аударыпты. Дұрыс шығар. Бірақ салыстырмалы түрде алар болсақ, бұл да жеткіліксіз. Мысалы, Қытай миллиардері Джек Ма өзінің жеке қорынан коронавирусқа қарсы күреске 14 млн 400 мың доллар бөлген еді. Мұны қазіргі бағаммен теңгеге шақсақ 6 млрд 200 млн теңге екен.
    Ал жылдық пайдасы жылына 30 пайыздан артып, 2019 жылды 334 млрд 500 млн теңге таза пайдамен қорытындылаған Халық банктің 100 млн теңгесі теңізге тамған тамшыдай ғана емес пе?! 100 млн теңгемен дәрігерлердің қандай проблемасын шешуге болады? Қазақы пайымға салсақ, әрине, «жоқтан бұл да жақсы». Тимур Құлыбаевтың бастамасына кәсіпкер Айдын Рахымбаев қолдау көрсетіп, дәрігерлерге 100 млн теңге аударыпты.  Айдын Рахымбаев құрылыс бизнесімен айналысады. Астана, Алматы сияқты ірі қалаларды былай қойып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Сауд Арабиясы нарығына батыл еніп барады. 
    Forbes жазған ақпаратқа сүйенсек, Тимур Құлыбаевтың Динарадан бөлек, жеке байлығы 3,1 млрд доллар екен. Ал Айдын Рахымбаевтың байлығы бұдан сегіз-тоғыз есе төмен – 370 млн доллар ғана. Яғни Тимур Құлыбаев індетке қарсы 1 миллиард теңге берсе де дәулеті ортаймас еді деген ойға қаласың.   
    Тәп-тәуір бастама әзірше бұдан ары жалғаспай тұр. Ал «тағы қандай кәсіпкерлеріміз бар еді?» деп бас қатыратындай жағдайда емеспіз. Құдайға шүкір, әлемдік миллиардерлер мен миллионерлер тізіміне енген жерлестеріміз жетіп-артылады. Forbes журналы 2018 жылы еліміздегі ең бай 50 адамның тізімін жариялапты.  Бірінші орында Тимур мен Динара Құлыбаевтар екен. Екінші орынды   3,4 млрд доллармен KAZ Minerals басшысы Владимир Ким иемденген. Болат Өтемұратов 2,6 млрд доллармен үшінші орында. Одан соң Алиджан Ибрагимов, Рашит Сәрсенов, Дәурен Жақсыбек, Кеңес Рақышев, Бақытбек Байсейітов, Нұрлан Смағұлов, Еркін Тәтішев, Қайрат Боранбаев деп мультимиллионерлермен жалғаса береді. 
Бірақ жоғарыда аталған нақты екі адамнан басқа, «елулікті» еңсерген байшыкештеріміз әлі әрекетке көшкен жоқ. Елдің мақтанышына айналған «ұлттық буржуазиямыз» сын сағатында неге үнсіз? 
     Әр миллиардер мен миллионердің байлығында қазақ жұртының ешқандай еншісі жоқ па? Әлде атауға миың шатасатын қаржысы осы азғантай топтың жеті атасынан мұра боп қалған байлық па еді? Байқағанымыздай, «Еуразиялық үштіктен» Александр Машкевич пен Патох Шодиев «зып» ете қалыпты. «Зып» еткенде, аспанға ұшып кетпегені белгілі. Біріншісі –Израильдің, екіншісі Бельгияның төлқұжатын қалтасына басқан. Сөйтіп, автоматты түрде Қазақстан азаматтығынан шығып кеткен. 
     Айтпақшы, ең соңғы ақпаратқа сенсек, коронавирусқа қарсы күрес үшін «Тұңғыш президент» атындағы қоғамдық қор – 200 млн, «Нұр Отан» партиясы 150 млн теңге аударыпты. 
     Реті келгенде айтар дүние, бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Ол үшін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа қарсы күрестің жай-жапсарын ғана емес, жұмсалған және жұмсалуы тиіс қаржыға БАҚ арқылы немесе әлеуметтік желідегі парақшасында ашық есеп беріп отыруы тиіс. 
     Ал сын сағатта елі мен жерін қолдай алмаған сараң байлар алда-жалда сазға отырса, мемлекет есебінен қолдауды тыю керек.

  Тоқтар Жақаш  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

11.08.2020, 13:22
Берешекке белшесінен батқан беткеұстарлар
07.08.2020, 12:39
Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті - ІІМ
06.08.2020, 13:36
«Біздің әкім белсенді»
04.08.2020, 13:05
Диқандар неге ашулы?
30.07.2020, 13:14
«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті
29.07.2020, 13:57
Алматыда құрбандыққа шалынған мал етін мұқтаж жандарға жеткізу ұйымдастырылады

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39