Әйелдерге арналған дағдарыс орталығы тапшы
Елімізде отбасылық ойран мен психологиялық қыспақтан арыла алмай жүрген әйелдер аз емес.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қазақ келіншектердің басым көпшілігі қиналған сәтте барар жер, басар тау таппай дағдарады. Соның салдарынан ауыр күйзеліске шалдығатыны кәдік. Осындай жасырын қыспақтың құрбандарына арнап әр өңірден 234 орталық ашылу жоспарланған. «Аманат» партиясының 2025 жылғы «Өзгерістер жолы: әр азаматқа – лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы аясында республика бойынша уақытша паналайтын 45 үй ашылды.
— Отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болған аналар мен балаларға тұрақты, әрі жан-жақты көмек көрсететін кешендерді тұрғызудың маңызы зор. Бұл ана мен балаға қамқорлықтың нышаны деп білеміз. Уақытша паналау орталығы нәзік жандардың күйзелістен арылуына, баланың қауіпсіздігіне және түрлі әлеуметтік ахуалды шешуге септігі мол, – дейді отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева.
Кеше Қонаев қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы қатарға қосылды. Өңірдегі отбасыларда аналарға қысым жасау фактілері жылдан-жылға өсу үстінде. Былтыр аймақта 43 әйел өз шаңырағында соққыға жығылып, зорлау фактісі бойынша 8 дерек тіркелген. Қонаевтағы әлеуметтік тұраққа шалғай ауылдан отбасында құқай көрген кіріптар келіншектер де келіп паналайды. Әйелдер уақытша мекенде 6 ай тұрақтай алады. Олар осы арада киім тігуге машықтанып, білім алады, үш мезгіл тамақтанады.
— Біздің дағдарыс орталығына келушілерді еңбекке және қандайда бір кәсіпке икемдеу үшін жұмыспен қамту орталықтарына өтініш жасаймыз. Талапты аналарды 3 айлық курсқа оқытуға жіберуге жәрдемдесеміз. Осындағы тәрбиешілер олардың балаларына қарайласуға септігін тигізеді, – дейді орталық директоры Раушан Алпысбаева.
Өткен жылы Алматы облысында отбасылық жанжалға қатысты 87 әйел полицияның көмегіне жүгініп, 27 қылмыстық дерек тіркелген. Құқық қорғаушыларға хабарласқан азаматшалардың барлығы Алматы қаласындағы дағдарыс орталығына жіберілген. Полиция қызметкерлері күйеуінің әлімжеттігінен көз ашпайтын әйелдерге қорлыққа көну өзінің және перзентінің өмірі мен келешегіне зиян екенін ескертіп отыр.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 1307 нөмірлі CaII орталығына хабарласса болғаны, аудандық жедел уәкіл мен инспектор шағым түскен мекенжайға барып, дереу оқиғаның себеп-салдарын анықтайды. Жәбірленушінің қауіпсіздігі мен құқығы қорғалады. Зомбылық көрсеткен күйеуіне және сыбайлас туыстарына заң аясында әкімшілік, яки қылмыстық жаза қолданылады, – деді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Динара Аятбекова.
Алматы облысында пайдалануға берілген алғашқы дағдарыс орталығы бір мезгілде 50 адам қабылдау мүмкіндігіне ие.
Ал өткен жылы Қарағанды облысының Қушоқы кентінде ашылған дағдарыс орталығы небәрі 5 отбасының сыйымдылығына арналған. Өңірлік орталықта қиын жағдайға киліккен әйелдер 6 ай мекен етеді. Отбасындағы жанжал құрбандары қоғамдық орында балаларымен стационарлық әлеуметтік-психологиялық тұрғыда бейімделе алады. Ғимаратта медициналық кабинеттер бар. Әлбетте, осындай оқшаулау кешендері елдімекендерге ауадай қажет. Себебі ауыл әйелдерінде өмірлік серіктерінен қыспақ көп. Әсіресе қазақтың күрделі менталитеті жойылмаған, әрі ерлі-зайыптылардың мәдени қарым-қатынасы үйлеспеген ауылдар әлі жойылмай отырғаны жасырын емес. Сол өңірлерде езгінің астында еңсесі езіліп жүрген қазақ әйелдері қаншама? Алайда, билік ауылдық жерлерден дағдарыс орталықтарын ашуды әлі сөзбұйдаға салып келеді. Демек, қоғам аналар тағдырына бей-жай қарап отыр деген сөз.