Әйелі мен екі қызын өлтірді деп айыпталған БҚО тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды

31.07.2020, 16:38

19

Батыс Қазақстан облысының аса ауыр қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандырылған соты Серік Кафизовты әйелі мен екі кішкентай қызын өлтірді деп тауып, өмір бойынша бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

Кафизов аса қатыгездікпен кісі өлтіру (Қылмыстық кодекстің 99-бабы), өзгенің мүлкін адам денсаулығына зақым келтіретіндей етіп қасақана жою немесе бүлдіру (202-бап) баптары бойынша айыпталды.

Судья Бақыт Ермахановтың мәлімдемесіне сәйкес, Серік Кафизов 9 cәуірге қараған түні әйелі Жадыра Жұмалиева мен 6 және 8 жастағы екі қызы тұратын үйге келген. Ол өзімен бірге бес литрлік бөтелкемен бензин әкелген. Кафизовтың айтуынша, ол мұны әйелін қорқыту үшін істеген. Сот процесінде ол сіріңке бензин құйылған бөтелкеге «абайсызда түсіп кетті», соның салдарынан өрт болып, отбасын "құтқара алмадым" деп мәлімдеген. Марқұмдардың туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Олар Кафизов бұл қадамға саналы түрде барды дейді.

— Кафизовтың кінәсі куәгерлердің жауабымен және сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді. Сот жасының кіші болуына байланысты қарсылық көрсете алмаған балаларға қарсы жасалған қылмыстың қатыгездігін, өлтіру амалында кісіні аса қатты азаптау мақсаты болғанын ескере отырып Кафизовты өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кесті, — дейді судья Бақыт Ермаханов брифинг кезінде.

Тағайындалған психиатриялық сараптама Кафизовтың бойынан психикалық ауытқуды анықтамады. Сот шешіміне сәйкес, жаза төтенше қауіпсіз колонияда өтелуі тиіс. Жалпы мерзімнің алғашқы бес жылында Кафизов толықтай қауіпсіз тәртіпте өткізуі қажет. Яғни ол бес жыл бойы жалғыз адамдық камерада отыруы керек, деді судья Ермаханов.

Сот сондай-ақ Кафизовты моральдық шығын ретінде қаза тапқан Жадыра Жұмалиеваның ата­-анасына 45 миллион теңге және материалдық шығын ретінде үш миллион теңге төлеуге міндеттеді. Материалдық шығынға Жадыраның әкесі Ақболат Жұмалиевтің өрт кезінде жойылған үйі жатады.

— Біз үкіммен толық келісеміз, соттан оны өмір бойынан бас бостандығынан айыруды сұрағанбыз. Оны моральдық және материалдық шығынды өтеуге де міндеттеді, бірақ ешқандай ақша жоғалтқанымызды қайтара алмайды, — деді Ақболат Жұмалиев.

Судья Бақыт Ермаханов негізгі үкімнен бөлек Жадыра Жұмалиеваның арызын қараусыз қалдырған полиция қызметкерлеріне қатысты жеке қаулы шығарды. Жұмалиева қайтыс болғанға дейін полицияға бірнеше рет ұрып-соғу жөнінде арыз түсірген. Полиция ол кезде Кафизовты тек бес тәулікке қамаған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42