Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 22 Сәуір 2022

Айгүл Иманбаева: Тағдырдың қандай да бір тартқан сыйына құрметпен қараймын

None
None

Қазақ эстрадасының жарық  жұлдызы, театр және кино актрисасы Айгүл Иманбаевамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Айгүл ханым, қазір өміріңіз бен шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Өмірімдегі жаңалықтың бәрі бір Жаратушының маңдайымызға жазғанымен өтіп жатыр. Тағдырдың қандай тартуы болса да, бәрін қасқайып тұрып қарсы алуға дайынмын. Ал бағыма қуанышты сәттер болса, әлі де көрерміз. Шығармашылығымдағы жаңалыққа келсек, он бір жылдық тарихы бар жеке ашқан «А.И» театрым Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Айгүл Иманбаева» шеберханасынан тәлім алып шыққан жас кәсіби мамандарымен толықты. Жастардың лебі мен энергетикасы сезілетін айқын, жас театрға айналды. Қоржынымызда өте көп спектакльдер бар. Жеке театр болсақ та жылына 2-3 қойылым қоямыз. Бұл үлкен бюджетті талап етеді. Сонда да күшті де, қаражатты да тауып, бәрін үйлестіріп, қарап жатқан жоқпыз. Оған да шүкіршілік етеміз.  Ең басты жаңалықты айтар болсам, 2021 жылы 26 желтоқсанда «А.И» балалар театры ашылды. Оған 7 жас пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан жасақталған кәсіби театр Қазақстанда тұңғыш рет өз шымылдығын ашты. Ең алғашқы қойылым халық ертегісі «Ұр тоқпақ» болды. Алдағы уақытта Әуезхан деген жас автордың «Ақыл патшалығы» шығармасын сахналайтын боламыз. Артынша «А.И» үлкен театрында Мәскеуден арнайы режиссерлар шақыртып, қойылым қоятын боламыз. Сондай-ақ өңірлерге гастрольдік сапарлармен аралап жатырмыз. Жалпы айтқанда шығармашылығымыздың барлығы қарбалас, тығыз графикпен өтіп жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын пандемиямен жағаласып жүріп, 2020 жылы «А.И» кәсіби академиясын ашқанбыз. Бұл орталық балаларды үлкен театрға осы бастан тәрбиелеп, дайындайды. Қазіргі таңда 300 бала білім алады. Академиямызда оқыған балалар бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы үлкен жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, білім алып жатыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп айта аламыз. Ал жеке шығармашылығыма келсем, 2022 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Республика сарайында өзімнің жеке есеп беру кешімді өткіземін. Оған шәкірттерімнің оқып жатқаны бар, бітіргені бар, барлығының басын қосып, айтар ойы мен берері бар үлкен кеш болады деген сенімдемін.

– Жоғарыда сіз жеке театрыңызда қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Бірақ сол театрға келетін көрермендердің қарқыны қандай? Бір сөзбен айтқанда, көңіліңізден шығады ма?

— Театрды сүйетін, театр өнерін құрметтеп, бағалайтын көрермендер бар. Жалпы әр ортаның өз көрермені болады ғой. Сол сиқты бізді де сағынып, әр қойылымымызды асыға күтетін көрермендеріміз бар. Оған Алматы қаласына гастрольдік сапармен барғанда, зал аузы-мұрны толғанша, лық толғанда куә болдым. Күніне 3 спектакль қойдық, барлығында да зал тола көрермен болды. Соның өзіне ішіміз жылып, қуанып қалдық. Бұл әрине, аянбай жұмыс істегеніміздің арқасы деп білемін.

— Театрға артистерді қалай таңдайсыз?

— Театрдың құрамына не актер емес, не әнші емес, таза толыққанды әртістерді жинадым. Бұл әртістердің барлығы да шешен сөйлеп, әнді де айта алады. Барлығы дерлік Қазақ ұлттық өнер университетінің «А.И» шеберханасында муз-драма бойынша дайындаған шәкірттерім десем де болады. Бұл құрам алдағы уақытта дайындап жатқан шәкірттеріммен тағы да толыға түседі деп ойлаймын.

— Кейінгі кездері жаңа әндеріңіз шықпай қалды. Соған қарағанда, театр саласын көбірек бет бұрып кеттіңіз-ау...

— Жаңа әндерімнің шықпауының бірден-бір себебі, тек театрға бет бұрғандықтан емес, 4 жыл бойы бизнес саласында оқып жүрмін. Бастапқы екі жылын Қазақстанда оқып, соңғы жылдары Америкадағы бизнес университетінде білімімді онлайн түрде жалғастырып жатырмын. Арасында Испания, Турция мемлекеттеріне барып, семинарларға қатысып тұрамын. Менімен қатар 500-ге жуық шәкірт білім алуда. Сондай-ақ менеджерлік жұмыстарға белсене араласып, ән жазу мен жеке өнеріме уақытым мен энергиям жетпей қалды. Бірақ алдағы уақытта ән әлемін қайта қолға алып, жеке концертімді өткіземін.

— Бұрын әншілердің көбі бейнеклип түсіріп, сонымен танылатын. Тіпті шетелге клип түсіру үшін арнайы баратын әншілер де көп еді. Бірақ кейінгі жылдарда бейнебаян түсірушілердің қатары сиреп кетті. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

— Қазір әлеуметтік желілер дамыған кезеңде, әркімнің жеке парақшалары өздерінің кішкентай теледидарларына айналды. Онда өздерінің сүйсініп тыңдайтын көрермендері бар. Бұрындары шетелге барып, бейнебаян түсіріп, оны эфирге апару сән болатын. Ал қазіргі заман оны талап етпейді. Тек өзімнің жеке инстаграмым парақшамыз бен ютуб каналымызға өнерімізді саламыз. Арасында миллионнан аса көрермені бар әріптестерімізге өтініш айтып, парақшаларына салдыртамыз. Осылай заман талабына сай өнерімізді паш етіп жүрміз.

— Бір сұхбатыңызда Индияға барып киноға түскеніңіз жайлы айтыпсыз. Сол жайында айтып берсеңіз. Жалпы киноға түсу барысында  Үндістан мен Қазақстанның киноөндірісінде қандай айырмашылықты байқадыңыз?

— Ол осыдан он сегіз жыл бұрын болған еді. Бірақ айтарлықтай үлкен рөл де емес. Жай ғана эпизодтық рөл болатын. Бұл фильмге Индиядағы достарым «азиаттық түр қажет» деп шақырған. Осылайша, шетелдік киноға түсіп келдім. Ал Қазақстандағы киноөндірісі қазір жақсы дамып келе жатыр деп айта аламын. Алдағы уақытта қазақстандық кинопродюссерлердің бастамасымен жаңадан кино түсірілгелі жатыр. Сол киноға басты рөлге өттім. Оның жарты сьемкасы шетелде, жартысы Қазақстанда өткізіледі. Бұл еліміздегі кино саласындағы жаңа қырынан көрсетілетін кино болмақшы.

— Шымкентте өткен концертіңізде шашыңызды-бір ер адамның тартқылап тұрған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Ол кісіні анықтап, қандай да бір шара қолдандыңыз ба?

— Ия, бір ер адам бір уыс шашымды жұлып, қалтасына салып алып кетті. «Неге олай жасады екен?» деп бір күн бойы уайымдадым. Бірақ артынша, жаман ойға берілмей, соңына түсіп алған жоқпын. Себебі ол кісі концерттің басында кішкентай немересін әкеліп, аузына түкіртіп алған болатын. Шашты алса да, «жолымды берсін» деген жақсы ниетпен алды деп ойлаймын. Бұндай келеңсіздіктер өмірімде көп кездесті. Концерт ештеңе емес, театрда спектакль ойнап тұрған сәтімде сахнаға шығып кетіп, альбом жасатып, гүлін сыйлап, ұсыныс айтқандар да болды. Сол себепті, мұндай оқиғалардың концертте болуы қалыпты жағдай. Бірақ көпшіліктің ортасына түскеннен айналаңда түрлі адамдар жүргендіктен, жанымызда күзеттегілердің болғаны дұрыс деп ойланып қалдым.

— Өміріңіздің ең қиналған сәтінде қайдан жұбаныш табасыз?

— Осы сұрақты осыдан 10-15 жыл бұрын қойғаныңызда көз жасымды сығып, қай жерде қалай қиналғанымды айтып, мұңымды шағар едім. Қырық бес жасқа келген соң, ой да, заман да өзгереді екен. Көп нәрсеге басқаша қарап, толысып, кемелденесің. Сол себепті, маған тағдырдың қандай да бір тартқан сыйына құрметпен қараймын. Қиыншылық та, қуаныш та – бәрі мен үшін үлкен сабақ. Менің бүгінгі Айгүл Иманбаева болғанымның өзі өткен кедір-бұдыр жолдарымның жемісі, жеңісі деп білемін. Тіпті қазір қиын кезеңдерді есіме түсірейін десем, есіме түспейді. Тек анам ауырмаса екен деп тілеген күн-түндерім есіме түседі. Сол үшін анамның амандығын тілеймін. Ал қалғанының барлығының тігісін жатқызып, реттеуге болады. Құдай өмір бергеннен кейін бізде миллион жол мен таңдау бар. Жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те өзімнен. Сол үшін тек анашым аман болса, қанатымды кең жайып, құлашымды сермеп ұша беремін. Әрине, оның бәрі бір Алланың қолында.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: