Айгүл Құспан: «Көрші де көршіден тәлім алады»

Бүгінде еліміздегі барлық мемлекеттегідей күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі – халықаралық қатынастар, яғни сыртқы саясат.
Осыған орай, бұған дейін шет елдерде елші болған, халықаралық істердің майталманы, бірнеше тілді жетік меңгерген, дамыған елдердің дипломаттарымен тең дәрежеде пікір таластыра алатын, елдің өркендеуі мен экономикалық дамуына үлес қосып, еларалық істердің басы-қасында жүрген ҚР парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанмен бүгінгі қазақстандық сыртқы саясаттың басымдылығы, көрші мемлекеттермен стратегиялық серіктестік жайы, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған мәселелерге көзқарасы туралы сұраған едік.
— Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен және ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруға бағытталып отыр. Осы елдердің ішінде қайсы мемлекетпен стратегиялық серіктестік көбірек дамыған?
— Өзіңізге белгілі, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап өзінің сыртқы саясатында көпвекторлы қағиданы ұстануда. Ол осы бағдарынан таймақ емес. Геосаяси тұрғыдан белгілі бір елдермен анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнату қалыпты жәйт. Бұл мемлекеттік мүддемізге сай келеді. Ресей мен Қытай – Құдай қосқан көршілеріміз. Солтүстіктегі көршімізбен шекарамыз дүниедегі құрлықтағы ең ұзыны екенін жақсы білесіз, оның үстіне біздер Ресеймен бірнеше халықаралық көпжақты ұйымдарда бірге тізе қоса ынтымақтастамыз. Екі ел арасындағы тауар айналымы да өте жоғары деңгейде. Өз тарапымыздан парламентаралық байланыстарды жан-жақты дамытудамыз. Қазақша айтқанда, «алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көрші артық» деп, көршілермен тату болу мемлекетіміздің стратегиялық мүддесіне толық сай келеді. Қазақ «таспен ұрғанды аспен ұр» деп тегін айтпаған. Ел ішінде бір тентек жүреді демекші, егер арғы жақтан арандату, арам оймен орынсыз пікірлер аракідік қылаң беріп жатса, оған біздің де, көрші тараптың да ресми органдары тиісінше жауап беруде. Сондықтан ресми түрде Ресеймен екі арамызда ешбір шешілмеген мәселе жоқ деп айтуға болады.
Кеңес кезінде даулы тұстары болған Қытаймен де мемлекеттік шекарамыз әбден бекіп, шегенделген. Ол ресми түрде екі тарапта да, әлемде де танылған. Бұл ретте бізге алаңдайтындай ештеңе жоқ. Оны тәжірибелі дипломат ретінде анық айта аламын. «Отты түрте берсең өшеді, көршіні түрте берсең көшеді» демекші, әсіресе әлеуметтік желілерде көп жағдайда мәселенің байыбына бармай байбалам салу, қарақан басын көрсету үшін құр шулау, сайып келгенде өзіміздің пайдамызға кері әсері болуы мүмкін. Мысал ретінде айтайын. Қытаймен визасыз режимді екі жақтың азаматтарына да 30 күнге дейін ұзарту жаңалығы кейбір отандастарымызды біраз дүрліктірді емес пе?! Жеме-жемге келгенде бұл біздер үшін тиімді шешім. Оны біздер, депутаттар, барлық тәуекелдерді зерделеп, қолдадық. Көршілеріміз Қытай, Ресей секілді біздің стратегиялық әріптесіміз, онымен тату көршілік біз үшін аса маңызды. Президентіміз қытай тілінде еркін сөйлейтін, сол елде дипломат санатында жұмыс жасаған, яғни тамыры терең шығыс өркениетін бүге-шігесіне дейін білетін маман, қытайтанушы-синолог. Сол себепті Қ. Тоқаевтың аспанасты еліне мемлекеттік сапары мейлінше табысты өтті. Қытай басшысы бүгінде біздің еліміздің аумақтық тұтастығына, әлемдегі ірі мемлекеттермен қатар кепіл болатынын ашық мәлімдеді. Әрі-беріден кейін, күнделікті киетін киімдерімізден бастап, тұтынатын көптеген тауарларға дейін сол елден келеді. Білесіздер, ҚХР әлемнің екінші экономикасына айналды. Егер онымен шекара жабылса тек біз емес, бүкіл әлем қаншалықты бұйымдарға зәру болып, тапшылыққа тап болатыны пандемия кезінде анық байқалды. Сондықтан да біз құрлық ортасындағы, теңізге тікелей жолы жоқ ел ретінде Ресей мен Қытай секілді алпауыт мемлекеттермен көрші-қоңсы болған жайымызды барынша өзіміздің ұлттық мүддемізге ұтымды пайдаланғанымыз жөн. Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізуші президентіміздің де ел-елге сапарлағандағы негізгі діттеген мақсаты – осы. Сонымен қатар әлемдік өркениеттегі өзіндік орны бар АҚШ секілді дамыған мемлекетпен, Еуропалық одақпен де стратегиялық байланыстарымыз алдыңғы екеуінен асып түспесе, кем емес. Американың компаниялары тәуелсіздік алған жылдары мұнай-газ саласын дамытып, ірі инвестиция салған елдердің бірі. Ол да Қытай секілді ядролық держава ретінде біздің қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызға кепілдік берген ірі мемлекет. АҚШ-та біздің Әділетті Қазақстан құру үрдісіне үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұны мен таяуда Вашингтонға барған сапарымда, АҚШ Конгресіндегі жүздесулерде айқын байқадым. Соның ішінде таяуда Президентіміз қол қойған елімізден қылмыстық жолмен шығарылған активтерді кейін қайтаруға қатысты заңды іске асыруға көмегін беретіні қуантады.
Еуроодақ елдері де Қазақ елі үшін тиімді әріптестер. Олар елімізге көптеген инвестициялар салды. Мысалы, кішкене ғана Нидерланды Корольдігі Қазақстанға құйған инвестициялар көлемі жағынан жетекші орында. Еуроодақпен байланыстарды кеңейту арқылы Қазақстан келешекте жаңа нарықтарға шығады деген ойдамын. Жалпы Еуроодақ, оның ішінде дамыған қуатты Австрия, Бельгия, Франция және Германия секілді елдердің Қазақстанға деген көзқарасы өте жақсы. Бұған Брюссельде елші қызметінде болғанымда көзім жетті. Еуроодақ Қазақ елін Орталық Азия аумағындағы сенімді де жауапты әріптесі ретінде санайды. Бір сөзбен айтсақ, АҚШ секілді алпауыт және дамыған еуропалық елдермен достық қарым-қатынасты нәтижелі нығайту – әлемдік экономикалық, техникалық өрлеу жолымен жүру деген сөз.
Татулық туралы сөз болса, Орталық Азиядағы бауырлас елдер жайында әңгіме бөлек. Олардың бірсыпырасы – Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан – түбі бір түркі туысқан елдер. Ал Тәжікстан болса, қуаңшылық тауқыметі қысқанда бізге суымен жәрдем беретін Құдай қосқан көрші. «Көрші қолайлы болса, қораң кең» демекші, біздің Орталық Азиядағы бұл бес ел қазір бір-бірімен тығыз араласып, тонның ішкі бауындай тірлік жасауда. Қазақстан секілді ауыл шаруашылығы дамыған ел үшін су мәселесі аса маңызды. Әсіресе біздің оңтүстік аймақтар осы көршілерімізден келетін өзендер суына тәуелді екені бесенеден белгілі.
Орталық Азиядағы көрші туыс елдерден біздің де үйренеріміз бар. Бұған Қазақстан Парламенті атынан жақында Өзбекстанда өткен президент сайлауында бақылаушы болғанда анық көзім жетті. Мәселен, өзбек халқының атам заманнан қалыптасқан «махалля» атаулы жергілікті өзін-өзі басқару институтын алайық. Ол бүгінгі күннің үрдісінде өте берекетті қызмет атқаруда. Махаллялардың арқасында ұрпақтар байланысы (үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау), қоғамдағы ауызбірлік, имандылық, ауқатсыздарға демеушілік бой алған.
Тағы бір мысал, түркімен және өзбек халықтарының ежелгі қолөнер дәстүрін сақтап, бүгінгі күні оны ұлттық брендіне айналдырғаны. Оның ішінде кілем тоқу, кесте тігу, ағаш, металл, қыш бұйымдарын жасау ғажайып өнері. Дана халқымыз «Көрші де көршіден тәлім алады» деуі де содан. Осы тұрғыда Орталық Азия мемлекеттерінің парламенттерімен де тығыз байланыс орнатудамыз. Таяу арада Өзбекстан сенатының төрайымы және Қырғыз жоғарғы кеңесінің төрағасы Астанаға ресми сапармен келді. Жалпы, шетелде біздің елдерді ділі бір, діні бір, тілі ұқсас, бауырлас халықтар деп біртұтас аймақ ретінде қарау саясаты қалыптасуда. Сол себептен АҚШ, Еуроодақ, Жапония, Қытай, басқа да мемлекеттер Орталық Азия елдерімен 1+5 форматындағы кездесулерді өткізуде. Күні кеше президентіміз Орталық Азиядағы өзге әріптестерімен бірге Жиддада өткен Орталық Азия және Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммитіне қатысты. Жалпы, араб елдерімен де қарым-қатынастарымыз ерекше дамуда. Әсіресе Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Мысыр, Қатар, Кувейт, Марокко және Алжирмен ынтымақтастығымыз нығаюда. Мәдени байланыстарды алатын болсақ, маусым айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған ресми делегация құрамында Мысырдағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің салтанатты қайта ашылуына қатыстым. Осындай игілікті істер қатары біршама.
— Әлемді алаңдатып отырған Ресей мен Украина арасындағы шиеленіске өзіңіздің көзқарасыңыз қандай және ол қалай аяқталады деп болжайсыз?
— Бұл сұрағыңыз бір жағынан өте өзекті, екінші жағынан жүгі тым ауыр. Шынын айтсам, өзім елдер түгіл, екі пенде арасында болатын кикілжіңді қаламайтын адаммын. Менің табиғатым сондай. Демек, кез келген араздасу жағдайды өзара келісім, түсінушілік арқылы реттеуге болады деген ойдамын. Осы тұрғыдағы нық сенімім, көршілес, бауырлас болып келетін екі елдің арасындағы қақтығыс, шындығы – соғыс ерте ме, кеш пе аяқталады деп сенемін. Алапат дүниежүзілік соғыстардың өртіне жалындап күйген мемлекеттердің қарапайым халқы бейбіт өмірге ораларына үмітім зор. Ал біздің елдің ресми ұстанымын президент ашық айтқандай. Ең алдымен біздер Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттары мен халықаралық құқықтың басымдығына мән береміз, яғни мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қол сұғылмауын қалаймыз. Сондықтан да жалғыз сол жердегі емес, жалпы әлемдегі үй ішінен үй тіккен жаңа аумақтық құрылымдарды мойындауға бармаймыз. Бұл жөнінде шетелдік әріптестерімізге үлкен мінберлерден анық-қанық айтылды. Бұл ұстанымымызды халықаралық қауымдастық үлкен ықыласпен қабылдады.
— Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі мақсаты – елдің қауіпсіздігін сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыру екені белгілі. Ол қандай қолайлы жағдайлар?
— Жақсы сұрақ. Өзекті мәселе. Айтқаныңыздай, әлемдік шиеленістер бізді де қатты алаңдатады. Дүниежүзілік жағдай күн сайын өзгеріп жатса да, еліміз жаңа халықаралық күн тәртібіне орай ыңғайланып, қолайлы ахуал туғызуға әзір болуға тиіс. Бірінші мақсат – елдің қауіпсіздігі. Оған шекара, экономика, экология, азық-түлік, ақпарат қауіпсіздіктері кіретінін ұмытпаған жөн. Ең бастысы – елдің өз позициясын қорғайтындай, ешкімге тәуелді болмайтындай сыртқы саясаты, әлемдегі оқиғаларға дербес ұстанымымыз болуы, ішкі мәселелерді сыртқы пікір мен біреудің нұсқауынсыз өзіміз шешетіндей жағдайға жетуіміз, яғни саяси қауіпсіздік.
Міне, осындай сантүрлі қауіпсіздікті сала-сала бойынша қорғау үшін тиісті мемлекеттік органдар өз жұмысын атқаруда. Біздер парламентте арнайы заңдар қабылдаймыз. Тиесілі ресми тұлғалардың жұмыс есебін тыңдаймыз. Мәселен, жақында киберқауіпсіздік бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап, Цифрландыру министрлігіне дейін бірнеше жауапты органдар мәжілісте есеп берді. Мемлекеттік шекара қызметімен етене жақын танысу, ондағы түйіні қиын мәселелерді шешуге атсалысу үшін комитетімнің төрт депутаты азаматтық киімдерін әскери формаға ауыстырып, шекара бекеттерінде шынайы қызмет етіп, жазғы демалыс күндерін сонда өткізді. Ол туралы әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да көріп, оқыған боларсыздар. Қолайлы жағдай жасау оңай шаруа емес. Бұл барлық мемлекеттік органдар бірлесе, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, президенттен бастап қарапайым мемлекеттік қызметшіге дейін тер төге, кешенді жүргізетін жұмыс. Өйткені әлемдегі геосаяси жағдай аумалы-төкпелі, тым тез өзгеруде. Сондықтан президент айтқандай, той тойлай беретін заман қалды, білім мен технологиялар дамуы дәуірлеп тұр. Баяғыда бабаларымыз жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаса, енді өркениет көшінен қалмау үшін, еліміз беделді болып, жеріміз тыныш болуы үшін білекке емес, біліктілікке бет бұруымыз қажет. Сонда ғана біз іште де, сыртта да ұлтымыздың мүддесін нық қорғай алатындай жан-жақты жағдай жасай аламыз.
– Қазақстан халықаралық саясатта беделі бар ел, осыған дейін көптеген интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып келді. Биыл сыртқы саясат саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Иә, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері көптеген бүкіләлемдік бастамаларға ұйытқы болып келеді. Оның ішінде ядролық қарусыз әлем, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары секілді бастамаларды Қазақстанның сыртқы саясатының жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады. Біздің тәуелсіз тарихымыздағы бірінші президенттің осы бағыттағы еңбегін жоққа шығаруға болмас. Астанамыздың төрінде қаншама халықаралық кездесулер өтуде. Көптеген бастамаларымыз іске асып, оған қатысу үшін әлемнің беделді деген саясаткерлері мен қайраткерлері, экономистері елімізге ағылып келуде. Мысалы, биылғы Астана халықаралық форумына қатысу үшін Катар шейхі біздің елге мемлекеттік сапармен келді. Одан басқа жүздеген әлемнің көрнекті қайраткерлері, ірі компания басшылары жиынның қонақтары болды. Жалпы, жыл басынан Катар басшысынан басқа Әзербайжан, Германия, Сингапур, Тәжікстан президенттері, Чехия премьер-министрі елімізге ресми сапарлармен келіп қайтты. Ал президент жыл басында Біріккен Араб әмірліктеріне ресми сапармен барды. Одан кейін ол Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапар шекті. Бұдан басқа, президент Түркияда және Ресейде бірнеше рет ресми және жұмыс сапарларымен болды. Бұған қоса, Еуропалық кеңес президентімен кездесуге Қырғызстанға барды. Көріп отырғаныңыздай, жарты жылға жетер-жетпес мерзімде президентіміз қаншама ресми тұлғаны елде қабылдап, өзі қаншама мемлекеттерге ресми сапармен шықты. Президенттің осынау тынымсыз, еселі де еңселі еңбегі халқымыздың берекетті бейбіт өмір сүруіне арналған. Ал бұған БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ФИФА, МАГАТЭ секілді халықаралық ұйымдардың басшыларымен жүздесуін, басқа да саммиттер аясында өзге елдер басшыларымен кездесуін, сондай-ақ Еуропалық Одақ + Орталық Азия, ҚХР+ Орталық Азия, Парсы шығанағындағы араб елдері+ Орталық Азия секілді саммиттерге қатысуы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіндегі төрағалықты қабылдауын, Еуразиялық экономикалық одақ кеңесіне қатысуын қоссақ, сыртқы істер саласындағы атқарылып жатқан тар жол тайғақ кешу жолындағы жемісті де жеңісті еңбектің мәйегін танимыз. Парламенттік делегациялардың алыс-беріс сапарларының мол болғанын айтып кету орынды. Кейде Мемлекет басшысы шет елдердің компания басшыларын, ірі бизнесмендер мен топ-менеджерлерін өзі қабылдағанына орай сұрақтар туындап жатады. Бұл экономикалық дипломатияға жатады. Президент өзі кепіл болып, әлемдік бизнес пен өнеркәсіп тұлғаларын шақырғаннан кейін елге молынан инвестиция тартылады, жаңа технологиялар келеді.
Әңгімелескен
Жанна Ақбергенқызы