Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:21, 14 Шілде 2023

Айкөркемнің әкесі қаңтарда оққа ұшқан қызына сотқа шақырту келгенін айтты

None
None

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты сот отырысы өтті.

Іс Алматы гарнизонының әскери сотында қаралды. Бірақ оған журналистерді қатыстырған жоқ. Тіпті Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханды да «рұқсатыңыз жоқ» деп сот залына кіргізбеді.

Өзін әскери соттың қызметкері деп таныстырған Рүстем Мұхтаров оның себебін былай түсіндірді:

«Кейбір істер мемлекеттік құпия. Сондықтан өкінішке қарай БАҚ өкілдерін қатыстыра алмаймыз», — деді ол.

Біздің заң халықты қорғауға келгенде жұмыс істемейді

Сот залына кіре алмаған Айдос Мелдеханды сөзге тарттық. Ол өзінің де сотқа қатыстырылмайтынын тура есік алдына келгенде білгенін айтады.

«Бұл туралы маған ешкім ескерткен жоқ. Қазір хатшыдан естіп отырмыз. «Кіруге рұхсат қағазың жоқ» деп кіргізбей отыр. Қорғаушыны және үлкен ұлымды ғана кіргізіп отыр. Мен және қызымды қатыстырмады. Құпия құжаттарға рұхсатым жоқ екен. Менсіз сотты қалай өткізейін деп жатқанын түсінбедім. Бұл Қазақстан! Бұл елде заң тек мемлекетке жұмыс істейді. Халықты қорғауға келгенде жұмыс істемейді. Басқа айтар сөзім жоқ!», — деп ашынды Айкөркемнің әкесі.

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 4 жасар Айкөркемді сотқа шақырған

Әкесін қатыстырмағаны аздай, қаза тапқан 4 жастағы Айкөркемге де сотқа шақырту келген. Бұл туралы Айдос Мелдехан айтты.

«3-4 күн бұрын Айкөркемнің атына хат келді. Бұл не хат екен деп ашып қарасам, сотқа шақырту екен. Не деген сұмдық?! Мені, баламды, қызымды шақыртады да сотқа қатыстырмайды. Бұл қалай болды? Осындай прокурор мырзалар халықтың тағдырын шешіп отыр. Солай ете отырып, өздері арсыздық жасайды», — дейді ашынған әке.

16 қаңтарға дейін Айкөркемнің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалмаған. Әкесінің полицияға арызданғаннан кейін ғана іс қозғалып, Айдос Мелдеханды жәбірленуші ретінде тіркеген.

«Айкөркем қаза тапқан кезде үлкен қызым да қасында болған. 7 жеріне оқ тиген. Осы күнге дейін шырылдап қызым да жүр. Денсаулығына көмек сұрап бірнеше рет бардым. Билік бір-біріне сілтейді. Сылтау айтып, құтылады. Соңғы рет Алматыдағы оңалту орталығына шақырды. Ауру балаларды емдейтін жер екен. Қызымды да сол жерге жатқызбақшы. Бірақ тастай алмай алып кеттім. «Біз сіздерге оңалту орталығына жолдама бердік, өздеріңіз бас тарттарттыңыздар, енді не керек?!» дейді. Тастамаған себебім, қызымның денсаулығына зиян келтіре ме деп қорқамын», — дейді Айдос Мелдехан.

Атқан қару бар да, атқан адам жоқ

Жәбірленушілердің қорғаушысы Жанғазының айтуынша сот процесінде шынында да құпия материалдар көрсетілген.

«Судья Жексенбиев «терроризмге қарсы операция» деп айтты. Бірнеше құпия материалдарды көрсетті. Бірақ бұл істе ешқандай терроризм жоқ. Тек билігін асыра пайдалану бойынша іс тергеліп жатыр. Оған келіспейміз. Билігін асыра пайдаланумен бірге адам өлімі бойынша да іс тергелуі керек деп есептеймін. Жұманов бұл істе адам өлтіру бойынша тергеліп жатқан жоқ. Атылған қару бар да, атқан адам жоқ», — дейді қорғаушы.

Айдос Мелдеханның айтуынша, қару табылған, тіпті оқ та бар. Бірақ атқан адам жоқ.

«Қару табылды. Кім атқаны белгісіз. Сол жердегі 4 әскеридің бірі атқаны анық қой. Соны айта алмайды. «Біз білмейміз, сондықтан жазаға тарта алмаймыз» деп отыр. Қару қабылданған. Бекетке келгенде журналды жоғалтып алыпты. Төртеуі де кінәлі ғой. Осы сот барысын қараймыз. Болмаса одан да жоғары жақтарға арызданамыз. Мен біреуге жала жауып отырған жоқпын. Шындық айтылса екен деймін. Шындық, ақиқат біреу», — дейді Айкөркемнің әкесі.

Сот шешімі

Жәбірленушілердің қорғаушысы шыққан қаулымен келіспейтінін айтты.

«Сот қаулысы бойынша енді іс жабық жағдайда өтеді. Әзірге айтарым осы. Меніңше, бұл заңсыз», — дейді ол.

Іс әскери прокротураға өткен кезде жабылған

«Осы уақытқа дейін адам өлімі бойынша іс қаралды. Қалай әскери прокротураға келгенде қызметін асыра пайдаландыға ауыстырып, құрамында қылмыстық іс жоқ» деп істі жауып тастады. Біздің айқай-шуымыздан кейін істі қайта қозғады. Бірақ тек қызметін асыра пайдаланды деп қана. Болды. Біздің прокурордың айтқаны осы», — дейді Айдос Мелдехан.

Көлікке оқ дәлдеп атылған

«4 әскер атқанын мойындап отыр. Бұйрықты орындапты. Көлікті көрсеңіздер оған дәлдеп оқ атқанын байқайсыздар. Көліктің алдыңғы әйнегі, оң жақ есігі, артқы оң жақ есігі, артқы әйнегі шұрық тесік. Дөңгелекке бір оқ тимеген. Әдейі адам отырады-ау деген жерден атқан. Бұл көліктегі адамдарды қыру дегенді білдіреді. Жұман Арман Игілікұлын сотқа шақырып отыр ғой. Біреуге айыпты тағу керек болған шығар. Міне, кінәлі адам. 451-бап бойынша ғана, қызметін асыра пайдаланған деп айыптап отыр. Сонда бұлар жұмыс барысында қызметін асыра пайдалана береді екен. Қалай? Біз көшеде бірдеңе бүлдірейікші, бірден айыппұл салады, біз біреуді шапалақпен тартып жіберейікші бірден сотқа дейін 15 күнге қамап тастайды. Ал әскерилерге еш шара қолданбайды», — дейді Айкөркемнің әкесі.

P.S. Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілгені биыл маусымның соңында белгілі болды. Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары А.Игембердиевтің қолы қойылған хабарламада «билік өкілетін асыра пайдалану» (451-бап, 2-тармақ) бойынша айыпталған А.И.Жұманға ашылған қылмыстық іс Алматы гарнизоны әскери сотына жолданғаны жазылған.

Балалар отырған көлікке оқ атқан өзге адамдар бұл істе куәгер ретінде тіркелген.  Оқиға кезінде Айдос Мелдеханның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза тапты, ал 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.

Айдос Мелдехан отбасымен бірге «сотқа риза емеспіз» деп кетті. Ол күрестің енді басталғанын айтты. Алдағы уақытта Астанаға барып арызданбақшы.

Тегтер: