Айлығы шайлығына жетпейтін қазақ қайтып күн көрер?
Қазақ өмірбойы кедейлікпен күресіп келе жатыр. Жоқшылық бұл халықты бүгін ғана иектеген жоқ.
Хатқа түскен қадым дәуірлерден бері есептесеңіз, қазақтың аузынан ақ май аққан ырғын өмір болды ма, болмады ма? Әй, қайдам, болса да, біз көрген жоқпыз. Алысқа бармай-ақ, тәуелсіздіктен бергі отыз жылы айтайықшы, қазақ не көрмеді? Кедейдің сіңірі шығып, бай-манап біткен ақшаның астында қалды. Бұл тақырыпты бостан босқа көтеріп отырған жоқпыз.
Өткен аптада Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқанын барлық телеарна жарыса көрсетті. Сол жиында біз көтеріп отырған кедейлік тақырыбы басты сауалдың бірі ретінде айтылмады ма? Президент мұны күн тәртібіндегі көп түйткілдің санатына жатқызған жоқ. Астын сызып, айшықтап тұрып сөйледі.
Шыны керек, халық кедейліктің қамытынан құтылудың орнына, жоқшылықтың шыңырауына батып барады. Тоқаевтың айтпағы осы еді. Айтты. Мәселен, Кемелұлы сөздің ретіне қарай бүй деді:
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Мамыр айында азаматтардың нақты табысы өсудің орнына керісінше, 3 пайызға төмендеп кетті. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз!».
Талдап көрейік. Азаматтардың табысы 3 пайызға төмендеп кетті дегенді қалай түсінеміз? Бұл халықтың өмір сүру сапасы нашарлады деген сөз. Дамыған Еуропа елдерінде кедейлік туралы әңгіме бола ма? Америка құрама штаттарында ше? Болса болатын шығар. Бірақ ол мемлекеттерде халықтың табысы күн көрісінен бірнеше есе артық. Бұл боямасыз ақиқат. Ол жақта жұмысқа жарамды кез келген азаматтың айлығы бала-шағасының нәпақасынан асады. Асқан ақшаны не істейді? Әрине, жылына бір емес, үш-төрт рет әлемді аралайды, қыдырады, ел көріп, жер шолады. Соған да жетеді. Тіпті артылады. Олар осылай адам сияқты өмір сүреді...
Қазақстанда ше? Қазақтардың айлығы шайлығына жетпейді. Әлемді аралау түгілі, орта жастағы азаматтардың өзі ауылда үй жалдап тұрады. Бұл жерде қаладағы қаңғырып жүрген жастар мен жасамыстарды айтудың өзі ұят. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқысы келгені осы еді. Астарлап болса да, жеткізді.
Президент ана мен бала өліміне де алаңдаушылық білдірді. Бұл сапалы медициналық көмектің жоқтығын көрсетеді, әрине! Оның үстіне, қалтасында ақшасы жоқ, мардымсыз жалақымен ілдебайлап күнелтіп жүрген қазақтарда ақылы емделу туралы ой болушы ма еді? Болмайды ғой. Денсаулық дегеннен шығады, үкімет екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтардан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын талап етіп отыр. Жарна құймасаңыз, тегін емделемін деп армандамай-ақ қойыңыз! Тоқаев соны да сынады. Дұрыс қой, жұмысы жоқ адам денсаулықты ойлаушы ма еді? Аш адам алдымен қарынның қамын қылады. Ал денсаулықтың жарнасын құю – тоқ адамның шаруасы.
Тоқаев: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» – дегенді ашық айтты.
3 миллион адам аз ба, көп пе? 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін көп, әрине! 3 миллион адам медициналық көмексіз, қараусыз қалып отыр деген сөз. Сол үш миллионнан үш адам аяқ астынан ауырып қалды дейік. Немесе соқыр ішегі жарылып кетсін. Жарнасы төленбеген соң, әлгі үш адам аурухананың есігінде ішегі ақтарылып жатып, опат бола ма? Президент дұрыс айтып отыр, бұл тиімді жоба болған жоқ. Әсіресе кедей қазақтар үшін кедергісі көп, нақты нәтижесі жоқ жүйе болып шықты.
Қаңтар оқиғасы қалай болып еді? Бүкіл Қазақстан жақсы біледі, Қаңтар қасіретіндегі 20 мың лаңкес, Түркиядан арнайы келген «Жабайы Арман» – бәрі бос сөз. Қаңтарда атылған оқтың артында –кедейшілік пен жоқшылықтың ашуы тұрды. Ақшасы бар адам алаңға шыға ма? Шықпайды. Неге сол күндері тек қана қазақтар ғана бас көтерді? Өйткені кедейлердің бәрі қазақтар. «Кедей адам ұрысқақ, ұрысқақ адам тырысқақ келеді». Кедейліктің, жоқшылықтың соңы осылай халықты алаңға алып шықты. Ақорда мен үкімет қаңтардан сабақ алмаса, тапқаны талқанына жетпейтін қазақ тағы бір қаңтар жасаудан тайынбайды. Өйткені қазақ қан көріп алды. Аянары жоқ енді. Не үшін аянсын? Байлардың байып, шетелден сарай салдырып, қазақтың алтыны мен мұнайын сорып жатқаны үшін аяна ма? Жоқ, қазақтың енді аянары жоқ.
Оның үстіне, бай мен кедейдің арасы – Алтай мен Атыраудай алшақталы қашан. Бұл әлеуметтік бөлініске әкеліп соғады. Кедейлер неге өмірбойы жоқшылықпен күресуі керек? Байлардың баласы жөргегінде жатып алтын астаудан ас ішуі керек? Қаңтар оқиғасын тудыратын нақты фактінің бірі осындай теңсіздік.
Кедей қазақтың мақтанатын бір әңгімесі бар. Баяғы Менделеев кестесі туралы аңызды айтып отырмыз. Аңыз дейтініміз, егер сол әңгіме ақиқат болса, әлгі таблицадағы 99 элементтің ақшасы қайда? Бір тиыны қазаққа бұйырмайтын ол қандай байлық? Естеріңізде болса, 1990 жылдары Қазақстанның жер астындағы байлығы 10 триллион долларға бағаланған болатын. Қайда сол триллиондар? Отыз жыл бойы Назарбаевтар жеді, тамағынан өтпегенін таратты дедік. Ал жаңа Қазақстанды құрғанымызға да жарты жыл болды ғой. Кедейліктен серпілудің орнына, неге кері кетіп барамыз? Әлде «кішкентай» Назарбаевтар өсіп жатыр ма?
Өткен жылы сенатор Мұрат Бақтиярұлы 1 миллион бала кедей отбасында туып-өсіп жатқанын айтып, үкіметке нақты мәселе қойып еді. Сенатордың айтқаны тақыр кедейлердің шаңырағындағы балалар. Асылында, жалпы халықтың бестен бірі кедей-кепшіктер қатарында.