Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:07, 01 Маусым 2021

Аймағамбетов цифрлы жүйені қалай-қалай сиқырлап жүр?!

None
None

        Былтырдан бері оқудың берекесін, оқушылардың есін, ата-ананың ебін қашырған 2020-21 оқу жылын да тәмамдадық.

Бірақ толықтай емес. 25 мамыр күні республикадағы жалпы білім беру мектептерінде соңғы қоңырау соғылғанымен, оның сыңғыры әлі жалғасады. Бұл ретте еліміздің білім министрі Асхат Аймағамбетов биылғы оқу жылы аяқталар тұста «жазғы мектеп» деген бастаманы шығарды. Министрдің өкімімен, ата-аналардың өтініші бойынша енді балалар жазғы мектепке қабылданады.

        Оқушылар 26 мамыр мен 19 маусым аралығында жазғы мектептерде білім алады. Министрліктің пайымынша, онлайн оқу саласындағы бір жыл бойына кеткен олқылықты осылайша үш аптада толықтыруға мүмкіндік болады-мыс.

              Мектептегі жанталасты министр ұға ма?!

       Жазғы мектепте білім алу тегін. Мектепте сабақтар санитарлық талаптарға сай өтеді. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Сабақ беретін мұғалімдерге ақы төлеу үшін қосымша қаржыландыру қажет емес. Ақы төлеу осы оқу жылына бекітілген оқу жүктемесімен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдер 19 маусымнан кейін демалысқа шыға алады.«Бұл ерікті шара және қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Қаржы түгелімен қамтамасыз етілді. Мұғалімдерге 56 күндік еңбек демалысы беріледі, ешқандай мәселе жоқ. Барлық жұмыс заңға сай ұйымдастырылады», – деді Асхат Аймағамбетов.

        Министр осылай дегенмен, қазір мектептерде қарбалас. Мұғалімдер жазғы мектепке қатысты күнтізбелік жоспарларын қайта жасап, әрбір ата-анаға хабарласып, баласын жазғы мектепте оқытатын-оқытпайтынын сұрап, шала бүлініп жатыр. Ең қызығы, «оқытпаймын, балам демалады» деген ата-аналардан «өз балама өзім ие боламын, қауіпсіздігіне жауап беремін» деген қолхат та алып  үлгеріп жатқан ұстаздар бар. Осы арада айта кету керек, ол қолхатты жазбаса да, әр ата-ана баласы үшін өзі жауап береді емес пе?! Бірақ ұстаздар қауымы ата-анаға жыл сайын оқу жылы аяқталарда қолхат жаздырып алуды әдетке айналдырғалы қашан?! Бұл көрініс  «бәріне мектеп жауапты» деген ұғымнан ұстаздардың әбден дегбірі қашып қорқып қалғанын  айқындап тұр.

               Үш апталық үшкіру: цифр ма, сиқыр ма?

       Негізінен, тәуелсіздік алғалы бері бізде өзгеріске ең жиі түсетін саланың бірі – білім және ғылым. Бұл саладағы министр ауысқан сайын, жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім саласын былыққа батырып, ұстаздардың зәресін әбден қашырған. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың»  ісі ел есінен де, мектептегі ұстаздар санасынан да әлі кете қойған жоқ. Жаңартылған білім жүйесі, оқушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік беру, ата-анамен қарым-қатынасты жаңарту, коучингтер өткізу, біліктілікті анықтайтын тест тапсыру, мұғалімдерді тіл үйренуге машықтандыру, электронды күнделіктің жыры деген толып жатқан реформалардан қазір ұстаз да, ата-ана да, бала да шаршады. Одан бөлек, сайлауалды науқандарға қатыстыру, көше аралату, сенбілікке шығару, мектепке комиссия келсе ақша жинау дейсіз бе – толып жатқан жүктемелерді мұғалімдерге артып қойғанымыз тағы бар.

         Бұдан сапалы білім бермек түгіл, ұстаздар қауымы аты-жөнін ұмытып қалатын деңгейге жетті. Қызды-қыздымен біздің реформаторлар оқу бағдарламасынан  «Әліппені» қуып шығып, «Сауат ашу» пәнін енгізді. Жаңартылған жүйемен оқыту «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегеннен де асып түсті. Міне, осынша бас қатырғыш жүйеден шаршап жүрген ұстаздар енді пандемия салдарынан «онлайн оқуда озық боламыз» деп жанталасып бағуда. Былтырдан бері онлайн оқудың олқылықтарын, оқушылардың білім сапасына кері әсерін, тіпті интернеті жоқ ауылдардағы оқушылардың цифрлы жүйені түсінбей, ит сілікпесі шыққанын қанша жаздық. Ал енді келіп айналдырған үш аптада «жазғы мектеп» ұйымдастыру қаншалықты тиімді? Жыл он екі ай  онлайн оқып түсіне алмаған білімді үш аптада миға сіңіріп жіберетін ол сиқыр ма, әлде бұл үш аптада мұғалімдер балаларды үшкіріп жіберіп, вундеркинд қыла ма?

           

                         Онлайн оқу неге опық жегізді?

        Онлайн оқу дегеннен шығады, біздің бұл бағытқа беттегеніміз де қызық. Жүзу білмесе де, ешқандай дайындықсыз теңізге қойып кететін  Қожанасырдың әрекеті тәрізді  біз осы қашықтан оқыту, онлайн жүйесі дегенге дайындықсыз ендік. Былтыр көктемде елде төтенше жағдай жарияланып, оқушыларды төртінші тоқсанда қашықтан оқытқанда-ақ бұл жүйеге дайын еместігіміз аңғарылып қалды. Айқайға басып жүріп өткен оқу жылын аяқтадық. Енді биыл «2021 жылғы жаңа оқу жылында жіберген кемшіліктерден нәтиже шығар» деп үміттенгенбіз. Бірақ керісінше, сервердің сергелдеңі, зумның зобалаңы оқушылар мен ата-аналар алдында масқарамызды шығарды. Министрлік мақтаған зум бағдарламасынан жік шығып, тіпті ұстаздар сабақ беріп отырғанда жалаңаш бейнелер көрсетіліп кетіп, бұл саланың жалаңаштанып тұрғаны тағы әшкере болды

           Бұған қатыстыардагер ұстаз Аманғайша Қасымжанова:

     – Біздегі ұйымдастыру жұмыстарының өзі күлкіңді келтіреді. Министрлік «былтыр оқушыларды қамсыздандыру үшін 300 мың компьютер сатып алдық» дейді. Жақсы, компьютер сатып алынсын. Бірақ интернеті жоқ аймақтар ол компьютерді не істейді?! Оларға компьютер бергенмен не пайда?! Желіге оқушылар қалай қосылады?! Ұялы телефонын алып, төбеге шығып оқып жүрген оқушыларды көрдік. Ал төбеде желі ұстамайтындар не істейді? Компьютердің тоғын мұрындарына тыға ма?! Сервер, желі дұрыс істемейтінін жоғарыда отырғандар біледі. Сондықтан алдымен сауатты жүйе қалыптастырсын. Содан кейін барып талап етсін. Қазіргі онлайн оқу опық жегізіп тұр. Мұны мойындау керек, – дейді.

            Ал заң ғылымының кандидаты Еркін Әлиасқаровтың айтуынша, шындап келгенде ұстаздардың бұл еңбегі өтемақыға лайық. 

    – Негізінде, бірқатар дамыған елдерде коронавирус індетіне байланысты жүктеме артып отырғаннан кейін ұстаздарға қосымша өтемақы төлене бастады. Мысалы, Оңтүстік Корея, Италия, Испания тәрізді елдерде ұстаздар осы жағдайға байланысты өтемақы алады. Ресей бұған қатысты ұстаздарға салмақ салмау керектігін, жүктемені азайту қажеттігін жиі қаузап отыр. Бірқатар елдер ұстаздарды мүлік, табыс салығынан босатып қойды. Ал бізде не сапалы сервер жоқ, не зырлап тұрған интернет жоқ, Әйтеуір, мұғалімдерге жүктеме көп. Бұл қисынға келмейтін дүние, – дейді Еркін Әлиасқаров.

        Жалпы, қазір білім және ғылым министрлігіндегі олқылықтарды жіпке тізушілержетіп-артылады. Тіпті мұның қайсыбірін  Аймағамбетовтің қоғамға «сүйкімді» бола бастағанымен байланыстырып, мұны  соған қарсы ұйымдастырылған әрекетке балайтындар да бар. Ал, шындығында, проблеманың бар екенін көретін, еститін кезең келген тәрізді.

 

                   Қаражат дұрыс басқарылды ма?

       Басқаны қойып, пандемия кезінде бір рет тырс етіп үнін шығармаған мәжіліс депутаттары да былтыр білім саласына қатысты қатты сын-пікірлерді жіпке тізді. Мәселен, мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетованың«Қазақстанның e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсаған 30 миллиард теңгесі далаға кетті. Ешқандай нәтиже жоқ», – деп ашынғаны біздің есімізде.  «Жалпы алғанда, «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан-2020» сияқты бағдарламаларға, білім беруді дамыту шараларына соңғы бес жылда 72 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген, оның ішінде 30 миллиард теңге e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған еді. Ол ақшаны далаға кетті деуімізге болады. Өйткені ешқандай нәтиже жоқ», – деген болатын депутат.

        Оның пайымдауынша, білім беру платформалары қажетті ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, білімнің сапалы мазмұны жоқ. Оқу үрдісі қайта-қайта үзіледі. Қашықтан оқуға интернет жылдамдығы жеткіліксіз, шалғай ауылдарда тіпті интернеттің өзі жоқ. 55 мыңнан астам мектеп оқушысы әлі күнге дейін интернеті жоқ 835 ауылда тұрады. 1 миллионнан астам оқушының компьютері жоқ.  Бұдан бөлек, депутаттар 2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Дүниежүзілік банктен 67,5 миллион теңге қарызға алынғанын да айтты. Бұл жобаның атауы – «Орта білімді жаңғырту». Негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру. Осылайша 5000 мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге шешім қабылданған. Ауыл мектептерінің барлығына компьютерлер мен кеңсе техникасы жеткізіледі деген жоспар болған. Ең бастысы, интернет жылдамдығы баяу мектептерге қосымша сымсыз байланыс құралдарын орнату көзделген-ді.

        Бірақ бұл бастамадан қандай нәтиже шыққаны бүгінде бізге белгілі болып қалды. Цифрлы жүйені тиісті ведомостволар қанша сиқырласа да, былтыр да, биыл да бұл саланың олқылығы көзге ұрып тұр. Ал енді алдағы үш апта болатын жазғы мектепті ұйымдастыруға ұстаздарға шыдам, оқушыларға зейін берсін дейміз. Бұл үш апта еш нәрсені шешіп бере алмайтынын сезіп отырмыз. Бірақ бізде жоғарғы жақ жаңашылдық енгізіп, төмендегілердің оны бұлжытпай орындауы ләзім. Дегенмен министрлік оқушылардың түрлі тәсілді тексеріп, сынай беретін эксперимент құралы емес екенін ұмытпаса дейміз.

Тегтер: