Аймағамбетов неге мектептерді алақан жайғызып қойды?
Қанша министр ауысса да мектептегі ақша жинау үрдісін түбегейлі тоқтатып тастай алмады.
Тіпті, Аймағамбетов келгелі соңғы жылдары ақшаны қойып, ата-аналар мен балалар мектепке заттай да таситын болды. Мектептегі ақша жинауды қойдырта алмай отырып, мемлекетті жемқорлықтан тазартамыз деп айта аламыз ба?!
Мәселен, биылғы оқу жылы бастала сала балаларымыз үйге «Апай «Мектепке жол» акциясына үн қосыңдар деп жатыр» деп келді. Ұялы телефоным арқылы сынып үшін құрылған чатқа кірсем, менен басқа ата-аналар жинап та қойған екен. Сұрастыра келсем, мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға көмек ретінде беріледі екен. «Жарайды, садақа ғой» дестік. Сұраған ақшасын беріп жібердік. Бір емес үйде бірнеше оқушы болған соң, әрине, ол ақша қалтамыздан еселеніп шықты. Одан соң, мектептегі балалар ішетін суды әкелетін ата-аналардың тізімі жасалды. Су ішетін стакан мен салфеткаға да «кезекке тұрдық». «Өздеріңіздің балаларыңыз үшін» деген соң, көндік. Әйтеуір, бұл мектептің жыртығы бүтінделіп болмады.
Енді кеше үйге кіргенім сол кіші қызым: «Қарттар күніне орай, қайырымдылық ұйымдастырылып жатыр. Апай бір шұлық болса да болады деді», деп қарсы алды. Артынша, одан үлкені «біздің апайымыз азық-түлік түрінде де болады», деп жатыр дейді. «Жарайды, сабақтарыңды оқыңдар», дедім айтарға сөз таппай. Балаға нені айтып түсіндіресің...
Шыны керек, былтыр оқу жылының аяғында «енді мектепке ақша бермеспін», дегенмін. Алайда мектептердің сынып бөлмелерін жөндеуге мемлекеттен арнайы ақша қарастырылмағанын, сондықтан мектеп директорлары сынып жетекшілеріне өз сынып бөлмелерін келер оқу жылына дайындауды тапсыратынын, ол сынып жетекшілерінің қалтасына салмақ салатындықтан, ата-аналарға өтініш айтуға мәжбүр екенін естіген соң, «көппен көрген ұлы той» деп, жинауға қосылғанбыз. Бәрібір министрлікке менің дауысым жеткенімен – мектептегі балама сынып жетекшісінің «әлі келетінін» түсінгендіктен, тілімді тістедім. Оның үстіне, Министрлік тарапынан мектептің жөндеу жұмыстарына ақша жиналмауы қажет екені айтылғанымен, оның себеп салдарына үңіліп, мәселенің оң шешілуіне көңіл бөле бермейді. Нәтижесінде, министр «ақша жиналмауы керек, жинаған мұғалім мектептен кетеді», деп «айқайлатып» мәлімдеме жасайды. Тіпті, сол сөзі арқылы халық алдында бедел де жинайды. Ал сыныптар келер оқу жылына дайын болуы үшін мектепте ақша жинала береді. Осыдан соң, мектептегі жемқорлыққа, ақшаның жиналуына министрлік кінәлі деп қалай айтпайсың?! Сондықтан Аймағамбетов мырза, мектептегі жемқорлықпен күресті күшейтпесе, мектептің қайыр сұрауы тоқтамай тұр. Тіпті, қазір мектеп «ақша жинады» деген сөзден қашып, енді заттай жылу жинауда.
Мәселенің анық-қанығына жету үшін Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиеваға хабарластық. Бәрін толықтай жоққа шығарды. Өздері басқаратын салада не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз ба әлде мәселені түбірімен шешіп тастадық дегендегісі ме, мүлдем бет бақтырмады.
«Мектепке жолдың» бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде – ұстаздарға ғана емес, барлық мамандық иелеріне ортақ шараға айналғанын, қыркүйек айы бойына құқық қорғау орындары да, кәсіпкерлер де шабылып жүріп өткізетіні, соның ішінде, мектептердің де бар ынта-шынтасымен кірісетіні талай жылдан белгілі емес пе?!
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей, білімге қатысы жоқ мамандар айналысып жатқанда, бұл қайырымдылық акциясының мектеп мұғалімдерін айналып өтпейтіні бесенеден белгілі. Ал министрлік өкілі «мектептің нөмірін айтыңыз, тексеріп, жауапкершілікке тартамыз» деп, бақты. Ең болмаса, басқалары мойындар деп, Қарасай аудандық білім бөліміне қоңырау шалдық.
Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркінбаева:
— «Мектепке жол» акциясы республика көлемінде өтеді. Бірақ ол ерікті шара. Демеушілер мен кәсіпкерлерді тарта отырып, мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды қолдау мақсатында өткізіледі. Барлық әлеуметтік желілерде осындай акция басталды, қолдау білдірулеріңізді сұраймыз деп, жұртшылыққа арнап хабарландыру жасап, көмек сұраймыз. Ал қарттар күніне орай, «Тимур және оның командасы» деген секілді қолғабыс ету мақсатында болмаса, қаржылай немесе басқалай көмек көрсетпейміз. Алайда жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы жедел желі жұмыс істейді. Жемқорлықпен күрес агенттігінен арнайы маман шақырып, барлық мектеп директорларын жинап, жемқорлықтың салдарын түсіндірдік. Бұл бағытта барынша жұмыс жасап жатырмыз, – деді.
Шыны керек, республикалық деңгейдегі кез келген шара, науқан, сайлау, сенбілік, акция әйтеуір, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде мұғалімдерді айналып өтпейді. Мектептер ауданық білім бөлімі «түшкірсе», «саулық тілеуге» әзір тұратыны да белгілі. Демек, білім бөлімі бастаған шарадан оған қарасты мектептер еш сырт қала алмайды. Тіпті, білім бөлімінің көзіне түсуге тырысып, межені асыра орындауға да тырысады. Осыдан соң, министрлік пен аудандық білім бөлімдерінің бұл шараға мүлдем қатысы жоқ деп, қалай айта аламыз? Ал содан соң, ақша жинау, азық-түлік, киім-кешек жинау басталады. Сөйтіп, сыбайластық жалғаса береді.
Мектептегі «жылу жинау» қашан тоқтайды, Министр мырза?