Аймағамбетовтен қалған шалажансар мұралар
Білімнің алты атасын арқалап, жеті атасын жетектеп жүрген педагогтар қауымы экс-министр Аймағамбетовті жер-жебіріне жетіп жамандамағанымен, өкпелері қара қазандай.
Сол Аймағамбетов министр болып кеткен аз уақыттың ішінде біраз нәрсені бүлдіріп үлгеріпті.
Құдай-ау, кімдер министр болмады, кімдер білім саласын басқармады десеңізші!? «Могиканның соңғы тұяғы» – Аймағамбетовте солардың кебін киді. Адамзат баласы атам заманнан ақылды адамдарға зәру болса, біз отыз жылдан бері министр болатын тұлғаға жарымадық. Аймағамбетовке абырой әпермеген, бір қайнауы ішінде, жартыкеш «жаңалықтарына» тоқтала кетейік.
«Қазақ Құдайдан кейін, дәстүр бұзушылықтан қорқады» деп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұзақ жылдар бойы қанымызбен араласып, сүйегімізге сіңіп, дәстүрге айналған 25 мамыр – Соңғы қоңырау мерекесін тарих бетінен біржолата сызып тастады. Биыл мектеп бітіретін 172 мың түлектің жүрек лүпілін жаншып, армандаған күннен алыстатып жіберді. Сонда дейміз-ау, оқу жылын бір аптаға ұзартқанда ұл-қыздарымыз ұшпаққа шықты ма? Соңғы қоңырау үнін сағынышпен еске алатын ата-аналарға экс-министрдің шалағай шешімі – түйеге мініп алып, жасырынбақ ойнағандай әсер қалдырды.
Аудан әкімдігінің құрамында аудан бюджетінің 7О-8О пайызын талғамай жұта беретін білім бөлімі деген болатын. Сол бөлімнің заты қалды да, аты өзгеріп, адами әлеуетті дамыту бөлімі болып атала бастады. Мемлекеттік мекеменің аты өзгергенімен, білім сапасы артып кеткен жоқ. Құжаттар мен маңдайшадағы жазуларды өзгерту үшін бюджеттің қыруар қаржысы сарп етілді. Обал болды-ау деген ешкімді көрмедік. Бұл әңгіменің бергі жағы, арғы жағына ойыссақ: сол ескіше білім бөлімі аудан әкімдігінің «құлдығынан» құтылып, тәуелсіздік алып, тікелей облыстық департаментке бағынатын болды. Тұқыртып айтқанда, Асанның үйінің аталасын ішіп, Үсеннің үйін күзетеді. Осыдан кейін «заврайоно» дегеніңіз аудан әкіміне мұрнын шүйіріп қарамағанда қайтсін-ай. Аудан әкімдігі тарапынан бақылау мен қадағалау болмаған соң, қолдан келгенде қоныштан басып, білгенін істеп, білім сапасы әдіре қалды. Аймағамбетовтің артық етемін деп, тыртық қылған бір тұсы осы еді.
Президент Тоқаев ел тізгінің ұстап, таққа мінгеннен кейін жасаған алғашқы жолдауында бұқаралық спортты дамытуда ерекше екпін түсіріп айтқан болатын. Президенттің бұл тапсырмасы тіл алғыш мектеп мұғалімдерінің қатысуынсыз іске асыру мүмкін емес. Соған қарамастан, өзбілермен Аймағамбетов мектептердегі дене шынықтыру пәні сағаттарын қысқартып, тізеден төмен түсіріп жіберді. Сабақ жүктемелері «ставканың» жартысын құраған соң, көңілсіз мұғалімдерден көлемді нәтиже күтудің өзі күлкілі көрінеді. Аймағамбетовтің сілтеген сойылы талай мұғалімнің талабы мен талғамын күл-талқан етті. Экс-министрдің білім саласына жасаған осындай, т.б. «қиянаттарын» Тоқаев билігі кешіре алмады ма, қайдам, ойда-жоқта орнынан босатып тастады.
Орыс жазушысы А.Чеховтың: «Егер дәрігер науқасқа үйіп-төгіп әртүрлі дәрілер жазып берсе, демек ол ауруынан айықпайды» деп ой өрбіткені бар. Сол айтпақшы, білім саласының құрылымдарын өзгертіп, оқу бағдарламаларына ананы-мынаны тықпалап, ана елге бір, мына елге екі еліктеп, көрген білгенімізді талғамай жұтып, тыраштана бергеннен білім сапасы артып кетпейді. Баланың табиғи өсіп жетілуін місе тұтпай, тіпті кедергі келтіріп, қиянат жасап жатқанымызды ештемемен ақтап алуға келмейді. Бізде қалыптасып қалған жаман әдет бар: балаларды аз уақыттың ішінде ақылды етіп шығарғымыз келеді. Олай болуы мүмкін де емес. Сорбонна университетінің маңдайшасындағы: «Құдайдың бермегенін, Сорбонна бере алмайды» деген жазу адамдардың пендешілік тәбетіне тоқтау айтып тұрғандай көрінеді.
Бір күні Қожанасырдың үйіне ұры түсіпті. Қожекең олармен біраз қарсыласады. Алайда ұрылар оған пышақ көрсетіп қорқытады да, бір бұрышқа шеңбер сызып, Қожекеңді соның ортасына отырғызып қояды да: «Мына шеңберден шықсаң өлдім дей бер!» деп ескертеді. Сөйтіп, үйіндегі барын көз алдында алып кетіпті. Кемпірі ертеңіне оған ұрысып жатса, Қожанасыр еш саспастан: «Кемпір, үндеме. Олар дүние ұрлап, басы қатып жүргенде, мен сызықтан аяғымды шығарып отыра бердім. Байғұстар көрмей қалды» деген екен. Сол айтпақшы, экс-министрдің бір қайнауы ішінде қойыртпақ қаулы-қарарларын Құран сөзіндей көріп отыра бермей, су жаңа министріміз Бейсембаев жаңа оқу жылына дейін білім беру саласының бүлінген тұстарын бүтіндеп, қайта қарап, қалпына келтірсе құба-құп болар еді.