Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
«Жас Алаш» газетінің тілшісі Бифат Нұрмаханның үн парақтың №66, 25 тамызындағы санында «Министрді құрту мақсат па?
» атты мақаласын оқи отырып, өз үнімді білдірсем деп едім.
Әрине, Асхат Қанатұлының еңбегі зор. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ… мектеп әкімшілігінің директор, директордың орынбасары, психолог, әлеуметтік педагог, тәлімгер сияқтылардың ешбір сабақ өтпей, 8 сағат алып кенелуі әділеттікке жатпайды. Сондай-ақ директор қашан қарасаң жиналыста, оқу орынбасары, психологтар ішкі істер бөлімінде және семинарларда жүреді. Онысымен қоймай, kundelik.kz толтырып, өтілмеген сабаққа жалақы алады.
Сондықтан министр мырза! Аталмыш әкімшілік қызметкеріне 0,5 ставка бермесе екен! 99,99 пайыз директорлар «Әдеп кодексін» білмейді. Қазақта «ит жеңгенің талайды» деген мақал бар. Сол сияқты директорлар да (оңтүстікке) сөз сөйлері жоқ, мінезі тым жуас, жағдайы төмен отбасынан шыққан қызметкерлерді «талауға» әрқашан дайын. Өзіне қарсы шыққандарға тізесін батырып, «шөміштен» қағып, сабақ кестесін аптаның бес күніне екі ауысымға шашып тастап, өз күшін көрсетеді. Ал техникалық қызметкерлер директордың құлақ кесті құлы ма дерсің. Жер-жебіріне жетіп ұрысып, намысына тигенде жерге кірерге тесік таппайсың. Және біздің мектептерде жалғызбасты аналарға, көпбалалы аналарға, үйлерінде қариялары бар қызметкерлерге ешқандай жеңілдік жоқ. Кәсіподақ та, директордың «құлы». Үнсіз отыра береді. Бес күндік оқу аптасы үшін министрге алғыс. Әйтпесе, сенбі күндері балабақша істемейді. Байғұс аналар балапанын қайда апаруды білмей, кейде жұмысына алып барады.
Директордың, басқа да әкімшіліктің сабағында «қарауыл» болғандарға ет мол, «майлы жілік» ұсынады.
Тағы бір айтарым, мектепте биология пәнін оқыту жүйелі түрде жүзеге асса. 5-сыныптан бастап, «жаратылыстану» атты қойыртпақ пәнді оқытқанша, жүйелі түрде биологияны оқыту керек. Яғни, микроағзалар, өсімдіктер, жануарлар әлемі, адам және оның денсаулығы, тіршіліктану.
Биологияны жүйелі түрде оқытпайынша, біз табиғат алдында, түрлі аурулар алдында мүлде әлсізбіз. Медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырайды. Сондықтан биологиядан бағдарламаны, оқулықтарды бір жүйеге көшіру қажет.