Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 19 Тамыз 2022

Аймағамбетовтың айласы ұстаздардың қалтасын қағу ма?!

None
None

Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгелі бері еншісін алып, өз алдына жеке шыққан оқу-ағарту министрлігі төңірегінде бүгінде алып-қашпа әңгіме көп.

Жаңа оқу жылы ұстаздар қауымы үшін тағы да жаңалыққа толы болғалы тұр. Оның қайсыбірі мұғалімдерді мұңайтып, уайымын қоюлатып отырғаны да шындық. 

Алдағы уақытта оқу-ағарту министрлігінің енгізген жаңалықтарына сәйкес, бірқатар пән мұғалімдерінің сағаттары қысқарады. Мәселен, болашақта дене шынықтыру пәні бұрынғыдай, екі топқа бөлінбейді, бір мұғалім бір сыныпқа ұлдар мен қыздарды біріктіріп сабақ өткізеді. Сондай-ақ информатика, орыс тілі тағы да басқа пәндер бір сыныптағы оқушы саны 24 баладан аспаса, екіге бөлінбейді. Ал бұл үрдіс сағат санын екі есеге қысқартып, мұғалімдердің жалақысын азайтып, қалтасын қақшитыны даусыз. Қазірде бұл мәселеге байланысты мұғалімдер қауымы арнайы петиция жариялап, Аймағамбетовтың атына үндеу де жолдапты. Бірақ оны министрлік те, ел мақтаған министр де естімейтін сыңайлы.

   Ел мақтаған демекші, 2019 жылдан бері министр болып келе жатқан Асхат Аймағамбетов құрметке бөленіп, мақтаулы шенеуніктердің қатарында жүр еді. Рас, Аймағамбетов келгелі білім саласына  өзгерістер еніп, ұстаздардың жалақысы едәуір өсті. Бірақ соған орай, ұстаздар қауымының жүктемесі де айтарлықтай, қатты артты. Бүгінде бұл саладағы жөнді-жөнсіз реформалар оқушыларды да, мұғалімдерді де әбден ығыр қылған. Мысалы, жаңартылған білім жүйесі, оқушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік беру, ата-анамен қарым-қатынасты жаңарту, коучингтер өткізу, біліктілікті анықтайтын тест тапсыру, курстарға қатысу, онлайн сабақтар, аттестацияның жыры, мұғалімдерді тіл үйренуге машықтандыру, «Күнделік.кз»-тің жұмысы тәрізді толып жатқан реформалар осы саланың берекесін қашырып, мұғалімдердің жүйкесін тоздырып-ақ жіберді.  

         Бұдан бөлек, сайлауалды науқандарға қатыстыру, көше аралату, сенбілікке шығару, мектепке комиссия келсе, ақша жинау дейсіз бе, толып жатқан жүйкеге салмақ түсіретін жүктемелерді мұғалімдерге артып қойғанымыз тағы бар. Бұдан сапалы білім бермек түгілі, ұстаздар қауымы аты-жөнін ұмытып қалатын деңгейге жетті. Ал енді осындай жүктемелерге қарамастан, мұғалімдердің сағат санын қысқарту қаншалықты қисынды? Бұрыннан екіге бөлініп оқылып келе жатқан пәндерді бөлінбейтін етіп, тәжірибеге енгізу мұғалімдерге одан әрі салмақ түсірмей ме? Сонда сағатымен бірге жалақысы қоса азайған, бірақ қағазбастылық жүктемесі сол қалпында қалған аталмыш пән мұғалімдері отбасын қалай асырайды? Бұған қатысты ардагер ұстаз Ғазиза Орынбасарованың айтуынша, министрлік ұстаздардың қалтасын қақшу арқылы бюджетті үнемдегісі келетін сыңайлы. 

Бұл да бюджетті үнемдеудің бір айласы болар. Сағаттарды қысқарту үрдісі 2024 жылы, тіптен, қолға алына бастамақ.  Сонда бұған дейін бөліп оқытып жүрген пәндерді екі жылдан кейін болса да, биыл болса да  бөлінбей оқыту да жаңалық па?! Сыныпты екіге бөліп, 18 баланы оқытқан қандай, 30 баланы бөлмей оқытқан қандай? Едеуір салмақ. Бәлкім, дене шынықтыру пәні жеңіл ойнайды, секіреді, жүгіреді деп ойлайтын шығар. Ол қате түсінік. Бұл пән өте қауіпті. 30 балаға бір мұғалім қалай ие болады?! Ойнап жүріп, бір бала мертіксе, оның қауіпсіздігіне министр жауап бере ме?! Қазір ата-аналармен де жұмыс істеу өте қиын. Мектептерде барлығына мұғалімді кінәлау cиндромы өршіп тұр. Сондықтан өз басым, министрліктің бұл бастамасын қуаттамаймын. Бұл тек бюджетті үнемдеу үшін ойластырылған бір айла деп ойлаймын. Шикі ойластырылған бастама. Мұны әбден зерттеу керек. Ойлаңыз, ЖОО-ны оқып, дипломын алып, қаншама жыл мектепте жұмыс істеп келе жатқан дене тәрбиесінің мұғалімдері сағат жетпегендіктен, жұмыссыз қалуы керек пе?! Оқу-ағарту министрлігі мұнысымен жұмыссыздық деңгейін өсіргелі отыр ма?! Қазіргідей, қымбатшылық заманда олар отбасын қалай асырауы керек? дейді ұстаз Ғазиза Орынбасарова.

 Негізінен, осы салада еңбектеніп жүрген ұстаздардың айтуынша, министр бір жаңалықты айтады, бірақ ол, шын мәнінде, толыққанды орындалмайды. Мәселен,  Аймағамбетов бұған дейін «мұғалімдерді қағазбастылықтан және қоғамдық жұмыстарға тартудан құтқарамыз», деген уәдесін де берген болатын. Алайда шындап келгенде, мұғалімдердің сол қағазға көмілгені көмілген, қоғамдық жұмысқа жегілгені жегілген болып отыр. Бүгінде біздің ұстаздардың «Ақпараттық Қазақстан 2020», «Цифрлық Қазақстан 2020» бағдарламаларының үдесінен шығамыз, «талапқа сай жұмыс істейміз» деп-ақ сілікпесі шықты.

   Ең қызығы, биыл «Цифрлық сауаттылық» пәні оқу бағдарламасына еніпті. Оқу-ағарту министрлігінің «Жас Алашқа» берген мәліметінше, жаңа оқу жылында 5-11-сыныптарда міндетті «Жаһандық құзыреттер» курсы енгізілген.

«Бұл курс оқушылардың ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыруына көмектеседі. Негізгі мектепте курс мазмұны «Адалдық және әдеп», «Экологиялық мәдениет», «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» пен тағы басқа модульдеріне бағытталады», дейді министрлік өкілдері.

    Негізінде, осы цифрлық бағдарламалар аясында, білім беруді дамыту шараларына елімізде соңғы бес жылда 72 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген, оның ішінде, 30 миллиард теңге e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған еді. Бірақ қыруар қаражат бөлінгенімен «білім беру платформалары қажетті ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді», деп тағы айта алмаймыз. Бізде интернет жылдамдығы жеткіліксіз, шалғай ауылдарда, тіпті, интернеттің өзі жоқ. 55 мыңнан астам мектеп оқушысы әлі күнге дейін интернеті жоқ 835 ауылда тұрады. Сонда осындай әлеуетімізбен қайдағы медиа сауаттылық пен цифрлық сауаттылықты оқушылардың санасына сіңіргелі жүрміз?!  Біздегі цифрландырудың әлеуеті өткен жылғы және былтырғы онлайн оқудан-ақ аңғарылды емес пе?! Онлайн оқу барысында оқушылардың төбе кезіп, шатқал іздеп интернетке зар болып қалғанын министрлік қалай жылдам ұмыта салды?!

Ойлап қарасақ, нақ біздің елдегідей жүктемемен жұмыс істеп жүрген ұстаздардың жалақысын жыл сайын 50 пайызға өсірсе де артық емес.  Бүгінде бұл әдіс өркениетті елдерде кеңінен қолданысқа енген. Әсіресе, біз қосалқы сабақтардың қатарына қосатын дене шынықтыру, еңбекке баулу, бейнелеу, информатика тәрізді пәндер дамыған елдерде  заманның сұранысына айналып отыр. Бұл пәндердің баланың ой-өрісін, денсаулығын, ойлау қабілетін дамытуға қажеттілігі әлемдік тұрғыда жиі көтеріле бастады. Өкініштісі,  біздің министрлік бұл пәндерге жүрдім-бардым қарап, мұғалімдердің сағатын қысқартып әлек. Өркениетті елдерде ең жоғары жалақы мұғалімдерге тағайындалатынын Аймағамбетов білмейді емес, біледі ғой. Шетелде «мұғаліммін десе», шенеуніктер елпілдеп барып қолын алып, ұстаздың алдына барын ұсынады. Ал біздің елде мұғалімнің мәртебесін тау көтерер шенеуніктер әлі тумай тұр...

Тақырыпқа тұздық 

    «Жас Алаштан» сауал, министрліктен жауап

 

«Жас Алаштың» оқу-ағарту министрлігіне жіберген арнайы сауалына сәйкес аталмыш министрліктің өкілі Маржан Амангелдиева бет қатталып жатқанда былай деп жауап берді: 

— Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес дене шынықтыру сабағында сынып шағын топтарға бөлінбейді.Бұл ретте мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуы тиіс.2021 жылдан бастап үйірмелер мен спорт секцияларына мемлекеттік тапсырысты орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айта кеткен жөн. Тиісті министрлік желісі арқылы спорттық тапсырыс орналастырылады. Мұның барлығы спортпен шұғылдануға жағдай жасап отыр.Халықаралық тәжірибеде де (Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Финляндия және т.б.) дене шынықтыру сабағында қыздар мен ұлдар бөлек оқытылмайды. Көптеген шет елде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағаттар бастауыш мектепте.Сыныпты топтарға бөлу мынадай себептерге байланысты тоқтатылды: - мектептердің көпшілігінде бір спорт залы бар, онда бір сабақта 2-3 сынып, яғни 4-6 шағын топқа дейін болады, оларға бір уақытта 6 мұғалімге дейін сабақ береді. Яғни мұндай сабақтарда ешқандай сапа жоқ. Пән көбінесе сабақ кестесіне сәйкес келмейді; - спорт алаңдарының көпшілігі жабдықталуы мен қауіпсіздігі жағынан заманауи талаптарға сай емес (үйде жасалған спорт құрал-жабдығы пайдаланылады, қоршаусыз болады); - республикада спорт залдары жоқ немесе стандартқа сай емес ғимараттарда орналасқан мектептер бар, нәтижесінде санитарлық нормалар мен талаптар бұзылады, бұл оқушылардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.Еліміздің мектептерінде 30 мыңнан астам дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жұмыс істейді, олар 175 мыңнан астам сынып жинағында жұмыс істейді. Бұл аптасына шамамен 528 мың сағат, яғни әр мұғалім бір ставкадан артық жұмыс істей алады.

 

Тегтер: