Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:06, 25 Наурыз 2022

Аймақтағы туризм елеусіз қалмасын

None
None

Қазақстан  туризм айлағына ыңғайлы мемлекеттің бірі. Себебі, біздің ел кәрі тарихтан сыр шертетін  көне мұралар мен жауhар жәдігерлерге  кеңінен бай.

  Дара болмысына тән табиғи ландшафты да талай саяхатшыны тамсандыратыны даусыз.   

          Дегенмен, әлем елдері біздегі эко және этнотуризм жайлы енді біліп жатыр. Шетелдік сарапшылар оған 2017 жылы Елордада өткен «Экспо» көрмесі ұйтқы болғанын жоққа шығармайды. АҚШ-тың атақты «New York Times» газеті былтыр демалуға кеңес берген 52 елдің тізімін жариялаған. Онда Қазақстан 26-орында ойып тұрып орын алған.  Еуропаның кіндігінде орналасқан бізге бұл үлкен мерей. Бірақ еуропалықтар елімізде туристерді қызықтыратын айлақтар жайында мағұламаттан кенде.

— Көптеген Еуропалықтар Қазақстанның  Орталық Азия құрлығында мекендейтінін білмейді. Көне халықтың туристік мүмкіндігі Дубайдан асып түспесе, кем емес. Туристер бұл елге не үшін және қалай келетінінен хабарсыз. Сондықтан үгіт- насихат жұмысын көбірек жүргізу керек,-деген еді, ілгеріде Азаттыққа берген сұқбатында Ұлыбританияның «TraveI Tourism» институтының қызметкері Джордж Смит.

Қазақстанға демалуға бейілді туристер үшін қазір экотуризмге сұраныс басым.  Қонақтар негізінен эколодждарда және табиғатқа зиянсыз заманауи қуат көзін пайдаланатын  ыңғайлы қонақ үйлерде тұруды қалайды. Бүгінде  дүниежүзінде  осындай жаңартылған энергияны қолданатын эколоджы бар елдер аз емес. Отандық мамандардың айтуынша,  болашақта эко және этнотуризмен шұғылдануға ниет білдіруші отандық  кәсіпкерлер демалыс орындарын жоғары сапалы инфрақұрылымен жабдықтап қана қоймай, аталған критерий бойынша бастаманы қолға алатын уақыт келді.

-Елімізде экотуризм дамыған өңірлер бар. Мәселен, Алматы облысындағы «Алтын алқа» туры көп нәрсеге қанықтырады. Мұнда «Көлсай көлі», «Қайыңды көл», «Шарын шатқалы», «Іле Алтауы» Ұлттық саябағы секілді жанға жайлы тынығу ошақтары бар. Сонымен қатар, «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағының сұлулығы адамның көз жауын алады. Бұл өңірдің экотуризмнен айырмашылығы, туристер тұмса табиғатта демалып денсаулықтарын нығайтады, қымыз ішіп, атпен серуендейді. Экотуризмге сұранып тұрған келесі  аймақ-Маңғыстау облысы. Халықаралық тәжіребие көрсеткендей, соңғы кезде  эко және саяхатшылық туризмге басымдылық берілуде. Қосарланған туризмді жүйелі жүргізуге Маңғыстау өңірі сұранып тұр. Шығыс Қазақстандағы «Қатон-қарағай» айлағы экотуризмге жайлы. Бұл жерде тұрақты даму қоры құрылған. Ғимараттары бір мезетте 10 мың туристі қабылдауға қауқарлы,-деп мәлімдеген еді, ілгеріде Үкіметтің ресми сайтына «Қазақстан туризмі» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Қазақстанда туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктері бар. Соған қарамастан, көлденең тұрған үлкен проблемалар көп. Ең басты түйткіл -демалыс аймағына апаратын жолдардың сапасы сын көтермейді.  Мәселен, Арқаның інжу-маржаны атанған-Қарақаралыға апаратын көлік жолы  көптен шешілмей келеді.

-Короновирус пандемиясы келгелі шетелде тынығуға шектеу қойылды. Сондықтан былтыр өзіміздің Қарқаралыда демалуды жоспарлаған едік. Алайда, облыс орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан шаhардағы демалыс орындарына бару қиынға соқты. Тас жолы адам төзгісіз. Асфальттың бетіндегі ойдым-ойдым шұңқырлар тереңдеп кеткен, көліктің дөңгелегін шыдатпайды. Ойлана келе, амалсыз Алакөлге жол тарттық,-дейді Қарағандылық Бақытгүл Ысқақова.

Республикалық маңыздағы туристік айлақтың көлік жолын жөндеу «Қазавтожолдың» міндетті.  Дегенмен, мәселені қадағалап орындатуға облыс, жергілікті әкімдер құлықсыз болып отыр.  Ендеше, жергілікті биліктегілер  экономиканың кірісін ұлғайтуды ойласа, туризм ошақтарына шындап  назар аударуы керек.

Тегтер: