Аймақтардағы Ассамблея тынысы
Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде теңдессіз мәдени, рухани орталық. Бұл енді даусыз ақиқат.
Неге? Өйткені, қазір бүкіл әлем ұлт атауынан, ұлтқа қатысты мәдениеттің бәрінен ақырын-ақырын бас тартып жатыр. Мысалы, АҚШ-та американдық ұлт, Қытайда жұңго халқы деп атайды. Еуропа туралы әңгіме қозғамай-ақ қолық. Еуропа елдерінде ұлт жоқ, халық қана бар. Осындай алмағайып кезеңде Қазақстан ғана басқа ұлт өкілдерінің тарихи-мәдени ерекшелігіне құрметпен қарап, салт-дәстүрін сақтап, этностардың басын қосып, оған – Қазақстан халқы Ассамблеясы деп ат беріп, өзінше отау тігіп отыр. Қазір осы отауда Қазақстанда бар барша этнос өкілдері қызмет етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық облыс орталықтарында бөлімшелері, аудан орталықтарында өкілдері бар. Бірнеше қалада Ассамблеяның арнайы ғимараты соғылып, оған әртүрлі этно мәдени бірлестіктер, өнер орталықтары топтастырылған. Ассамблеяға қатысты шаруаның бәрі сол орталықтарда өтеді. Түрлі этно-мәдени кештер, этно-мәдени мерке-мейрамдардың бәрі сонда ұйымдастырылады. Апта сайын болмаса да, сол Ассамблея шаңырақтарында айына бір-екі мәдени шара өтеді. Біз облыстардағы Ассамблея бөлімшелерінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірнешеуіне тоқталдық.
Болгар этномәдени бірлесігіне – 25 жыл
12-тамыз. Ақтөбенің Алға ауданына қарасты «Болгарка» деп аталатын ауылдағы этнографиялық мұражайда үлкен шара өтті. Болгарлардың қазақ топырағына қоныс аударғанына – 115 жыл. «Вяра» болгар этномәдени бірлесігіне – 25 жыл. Осындай қос-қабат мерейтой аталды.
Болгарлар бұл ауылға қоныстанған 115 жылдан бері қазақтармен ауылы аралас, қойы қоралас, тату-тәтті, бір атаның баласындай өмір кешіп келеді. Салтын сақтап, дәстүрін ұлықтап, мәдениетін мәуелетіп отырған Болгарка бұл өңірдегі талай ауылға үлгі, талай жұртқа өнеге. Ал «Вяра» болгар этномәдени театры болгар халқының рухани қарашаңырағына айналған орталық. Бұл театрда болгар халқының салт-дәстүрі айшықталып, ұлттық биі қойылып, әні әуелеп, күйі күмбірлеп жатады. Қысқасы, болгар ұлтының өзін-өзін ұмытпау үшін ұлттық рухын ұлықтап отырған жалғыз мәдени орталық. Ауылдағы этнографиялық мұражай-үйінде бәрі бар. Көне жәдігерлер мен тарихи ескертіштерге айналып үлгерген болгар халқының қолөнер бұйымдары. Оның ішінде болгар ыдыс-аяқтары, болгар киім-кешегі, болгар үй жиһаздары топтастырылған.
Тарихқа азды-көпті шегініс жасай кетсек. 1992 жылы «Вяра» фольклорлық ансамблі Қазақстан халқының бірінші форумына қатысады. Сол жолы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы айтылып, соның куәгері болған тарихи сәтті басынан кешті.
Қос-қабат келген мереке өте көңілді өтті. Мысалы, этномәдени шара кезінде болгар ұлтының тамыры терең тарихы туралы баяндама жасалды. Одан кейін ән-жырдан атаулы кешке арнап шашу шашылды. Бишілер мың бұралып би биледі. ҚХА жанындағы шығармашылық бірлестік өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама қойды. Ал Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Көшеров құттықтау сөз сөйледі, облыс әкімінің жолдаған алғыс хатын берді. Одан бөлек, «Вяра» этномәдени бірлестігінің төрайымы Подольянова барша қонақтарды мерекемен құттықтады. бірлестік мүшелері мен құрметті қонақтарға мерекелік төс белгі табыс етті.
«Довира» концерті
Атырауда «Довира» украин этномәдени бірлестігінің концерті өтті. Жайықтың еліндегі мәдени шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Атырау қалалық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған.
Этно-мәдени шараға аталмыш бірлестік өкілдері мен қала тұрғындары, қала қонақтары және жастар қатысты. Атырау жұртын әнмен тербеп, күймен көңілдендірген, бимен баршаны құттықтаған «Довира» украин этномәдени бірлестігінің өнерпаздары мен әнші-бишілеріне халық дән риза болып қайтты.
Көңілді кешті украин этно өкілдерінің кішкентай бүлдіршіндері қойған шығармашылық концерт одан ары қыздырды. Бұл жай ғана көңіл көтеретін кеш емес екені баршаға аян. Осы этно-мәдени концерт арқылы аймақтағы украин халқының тыныс-тіршілігін, өмір салтын өз көздерімен көргендей болды қара тұрғындары.
Еске салайық, аталмыш концерт этномәдени бірлестіктер апталығының аясында өткізілді.
Тұңғыш этноспартакиада
Тұңғыш рет Қостанай қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған этноспартакиадасы өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жарыс бұрынғы жарыстардан өзгерек. Өйткені, мұны ҚХА-ның облыстық бөлімшесі өткізіп отыр. Ұйымдастырушылар шаһар тұрғындары мен қала қонақтары үшін 13 түрлі ұлттық жарыс бойынша жүлдегерлер анықтады. Кәсібиі бар, кәсіби емесі бар спортшылар аталған спорт түрлерінен бақ сынап, ҚХА дайындаған бағалы сыйлықтар мен естеліктерді ұтып алуға бақ сынап көрді.
Мысалы, Қостанайдың кәрі-жасы бас қосқан спорттық шара екі сағатқа созылды. Олар лото мен дженга ойнады. Одан бөлек, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт ойындарынан бақ сынады. ҚХА ұйымдастырған жарысқа келген спортшылардың біразы нарды ойнап, асық атты, гір көтергендер де болды. Арқан тартып, садақ атудан да жарысқа қатысқандар өзара сынасып көрді. Бұл жарыстың басқа додалардан бір ерекшелігі жастар мен жасамыстар түгел дерлік қатысты. Тіпті, мектеп оқушылары этно ойындардан алдарына қара салмай, үлкендерге дес бермей ойнады. Тұңғыш өткізілген жарыстың ең қызық тұсы Заречный кентінде өтіп жатқан көкпар.
Жарыстың көркін қыздырған бір дода – Қостанайдың орталығында өткен башқұрт күресі. 30 палуан күш сынасты. Бұлшық еті ойнаған қара күштің иелері бірін бірі ұршықша үйіріп, башқұрт ұлттық спортының ажарын аша түсті. Сөйтіп, жарыс мәресіне жеткен палуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Мысалы, 50 келіге дейінгі салмақта Мұхамбетқали Дәулет алтын медель қанжығалады. Одан кейін, Сағандық Шыңғыс есімді жас палуан күміс алқа тағып қайтты. Кәкаляев Бектемір қоланы місе тұтты. Бірақ бәрі кіл мықтылар екенін еске сала кетейік.
Енді 60 келі бойынша Алмаз Тілеуғалеев алтыннан алқа тағынса, Бахтияр Қалиханов күміспен күптелді. Ал Арлан Валеев үшінші орынды иеленді. Башқұрт күресінен өткен күштілер мен ептілердің аламанынан оза шапқан палуандарға дәстүр бойынша екі қошқар берілді. Сөйтіп, Қостайда тұңғыш рет өткізілген этноспартакиада өз мәресіне жетіп, 13 түрлі спорт бойынша жүлдегерлер марапатталды. Бұл қала тұрғындары үшін өзінше бір көңілді күн болды.