Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:29, 19 Шілде 2022

Айналайын, Андрей!

None
None

Қазақтың орысы осындай, Путиндікін білмейміз...

Нағыз орыс қазақтың балаларын құтқарады, бәзбір орыс Украинадағы балалардың үстінен бомба тастайды екен, ә?

Бір апта бұрын, 13 шілдеде Павлодар облысындағы Приреченск ауылында Ертіс өзенінің жағасында балық аулап жүрген 33 жастағы Андрей Карандашов деген жігіт ағыны қатты сумен бірге кетіп бара жатқан балаларды көрген екен. Сол күні салған қармағын балық қаппай, Андрейіміз үйге қайтуға жиналған. Қармағы мен қалған асай-мүсейін жинап жатып, жағадан он метрдей жерде судың ағысы алып кеткен екі баланы көрген екен. Мұның салған айқайына балалар үн қатапты. Қайта айқайлайды, жауап жоқ. Сонда балалардың су жұтып қойғанын түсінген Андрей үстіндегі киімін сыпыра сала суға секіріп, балаларға қарай малтып жетті. Жеткен кезде үшінші баланы көрген екен. Туған жеріндегі асау судың сырын балықтай білетін жігіт алдымен баланың біреуін, артынша екіншісін жағаға оңай алып шығыпты. Сол арада судағы үшінші балаға да көзінің қырын салып тұрды. Ол ендігі суға батып кетіп қалғанда бұл да оның артынан секіріп үлгереді. Бала су түбіне жетіп қалыпты, қолымен судың табанын тінткен Андрей баланы тауып алып, оны да жағаға алып шықты. Жағада үшеуін жатқызып қойып, жан бітіруге кіріскен.

Оның сөзінше, екі бала бірден есін жиды. Үшіншісі өліп қалған сияқты болды.

«Дәл қазір әр секунд қымбат екенін білдім. Балаларды құтқару үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап бағуға тырыстым. Үшінші балаға ауызбен де дем бердім, жүрегіне массаж жасадым, оның тірілетін түрі жоқ. Өзім де қорқып кеттім, «мен бұл баланы құтқара алмай қалғаным ба?», – деп. Амалсыздан бір сәт баланы бір қырымен жатқызып, алақаныммен арқасынан қаққылай бастадым. Сонда баланың өкпесінен су шыға бастап, ол дем алып кетті. Менің тұла бойым адам айтып жеткізбестей жеңілдеп қалды», – деген екен Андрей батыр.

Жаңағы жерге жеткен дәрігерлер үш баланы ауруханаға алып кеткен. Үшеуі де дін аман қазір. Балалардың ауыл тұрғыны Андрейдің дер кезінде жасаған сауатты әрекеттерінің арқасында аман қалғанын дәрігерлер мойындапты. Құтқарылған екі бала жеті жасар егіз, үшіншісі екеуінің тоғыз жастағы ағасы екен. Сөйтсе, ағасына еріп, соған сеніп суға барған егіздің көз алдында ағасы суға ағып кетіпті. Ағасын құтқармақ болып қалған екеуі де суға секіріпті.

Міне, қазақтың орыстары осындай! Қалай мақтанбаймыз?!

Тегтер: