“Айналасы кландық мүддеге толы” деген “СК-Фармацияға” жаңа басшы келді

13.07.2020, 02:59

8

Қазақстан медициналық ұйымдарына дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер “СК-Фармация” компаниясына басшы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 44 жасқа шыққан Есқалиев осыған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Көлік логистикасы ішкі комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Есқалиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі үкімет отырысында сынына ұшырап, қызметінен айырылған Берік Шәріптің орнына келді.

“ҚазТАГ” агенттігінің жазуынша, 10 шілдедегі үкімет отырысында Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қарата “Кейінгі 15 жылда осы ұйым туралы естіп жүрмін. Бәрі сонда жұмыс істегісі келеді, бұл ұйымның айналасында қандай да бір кландық мүдделер бар” деп, артынан жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа “ұйымды жемқорлық қатері бойынша тексеру керек” деді. Тоқаев сондай-ақ компаниясын жұмыстан шығаруды бұйырып, қажет болса оның үстінен қылмыстық іс қозғау қажетін айтты.

Қазақстанда жаз айларында COVID-19 індеті мен белгілері коронавирустікіне ұқсайтын пневмония өршіп, ауруханалар лық толып, өзін өзі емдеуге мәжбүр болған адамдар жаппай дәріханаларға лап берді. Көп ұзамай дәріханаларда “парацетамол” секілді дене қызуын түсіретін қарапайым дәрілердің өзі тапшы болып қалды. Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларды қамтамасыз еттік дегенмен, дәріхана алдындағы ұзын-сонар кезек бірнеше аптаға жалғасты. Өзіне не туысына дәрі іздеген жұрт қала кезіп, ондаған дәріхана аралап, іздегенін толық таба алмай жүргенін айтып шағынды. Осы ретте дәріні қамтамасыз етуге жауапты “СК-Фармацияға” шағым көбейді.

10 шілде күні үкімет отырысында Тоқаев сауалына жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой компанияның отандық дәрі өндірушілерді қолдап отырғанын, соның арқасында елдегі фармацевтика өндірісінің үлесі жыл сайын 22 пайызға артып отырғанын айтқан.

5 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте дәрі тапшылығының себебін түсіндірмек болған Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов Қазақстан дәрінің 13 пайызын ғана өндіреді, қалғаны импортталады деді.

“СК-Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2009 жылы ақпана мемлекеттің “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры жанынан құрылды. Компания Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің меншігінде.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 58253 адамға жетті. Оның ішінде 33 814 адам жазылып шыққан, кемі 313 адам қайтыс болған.

Сонымен қатар COVID-19 ауруын жұқтырып қайтыс болған бірақ негізгі статистикаға кірмей қалған адамдардың қосымша тізімі бар. 2 шілдедегі ресми мәлімет бойынша, COVID-19 статистикасына коронавирус жұқтырған 101 адамның өлімі кірмеген.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция” деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

10 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1-8 шілде аралығында елде 56 809 пневмония жағдайы тіркелгенін, оның 39 702 жағдайында коронавирус белгілері байқалғанын бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққанын айтты. Ресми дерек бойынша, тек маусымның өзінде пневмониядан 628 адам көз жұмған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27