Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:41, 08 Ақпан 2022

Айтарымды-айтайыншы!

None
None

«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. Енді осыдан былай заманның қабағын (заманның қабағын баға бастағанын өзі де байқамай қалды-ау деймін) бағып, қабылдайтындар «Назарбаевты, Назарбаевтың дәуірін тұтастай мансұқтай бастауы мүмкін», – деп қалам сілтепті, қазақ ақын-жазушыларының «Алтын діңгегі» саналатын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат мырза.

«Иә» – деймін-ау! Расында да «айтпаса сөздің атасы өлетіні» рас болса, біз де біразырақ қалам сілтеп көрейік. Бірақ Дәурен Қуат мырза меңзегендей емес.

2012 жылы Оңтүстіктегі Шардара өңірінің тумасы, жазушы Жалел Кеттебектің «Ақтық сөз. Қазақты қалай құтқарамыз» – деген журналист Суханберді Оразаұлына берген сұхбаты «Дат» газетінің №15.04. 2012 жылғы санында жарық көрді. Ал сұхбат  2007 жылы жүргізіліпті.

(Бұл сұхбатты оқыды ма екен Дәурен Қуат мырза?)

«Назарбаев бәрін билегісі келеді. Бірақ ештеңеге жауап бергісі келмейді. Міне, осы нәрсе өте қауіпті» деп тайға таңба басқандай тарс еткізген.

«Мен жазушымын ғой, Шардараны қалай айтпайын?!» деген Жалел Кеттебек Шардара ауданының сол кездегі әкімі Өзтемір Тілегеновтың бетімен кеткендігін әшкерлеген. Бетіне басқан.

Жаз бойы маңдай терін шелектеп төккен дихандардың жинаған 80 мың тонна күрішін аудандағы орталық қоймаға тығып, есік-терезесін қымтап, мықтап құлыптап, полициямен күзеттіріп қойған. Күрішті әкім өз қалауынша, оңды-солды жұмсаған. Дихандарға көк тиын татырмаған. Құдайшылығын айтқан жазушының сөзін жүре тыңдаған. Желел Кеттебекті қудалауға көшкен. Сол кездері орныққан Назарбаев жүйесінің шынайы көрінісі.

Сөйтіп, жазушы сұхбатынан байқағанымыздай, «Шардараны жау шапқандай» еткен. Жалғыз Шардара ма?

Назарбаев бүкіл қазақ даласын жау шапқандай еткен жоқ па?!

Заман қабағын бақпай-ақ, 2018 жылы Дина Елгезек қарындасымыз «Президенттің – халыққа өкпесі жоқ  кететін кезі келді» деп жар салды.

Президенттің «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деген үндеуінен кейін ақын жазушылардың бір тобы дүрлігіп шыға келді. Қызды-қыздымен кейбіреулер тіпті: «… Ақордадан аттап баспай, Күлтегіннің: «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым...» деген аманатын орындады деп Президент Тоқаевты (құдайым жаңа мырзатайлардан сақтасын!) Күлтегін бабаның қатарынан бірақ шығарған.

«Халықтың қамқор панасы, дауыл өтіндегі қалқан-тасы» (Сәкен Сейфуллин) бола білген Жалел Кеттербек бауыр: «бізге орыстың тепкісі емес, оның гуманистік ілімі керек» деп халық алдындағы перзенттің парызын парасаттық биіктен өтеп кетіп еді.

Қазіргі таңда әрбір Қазаққа «Жаңа Қазақстан» керек-ақ. Тамсанып, үмітпен қарап отырмыз. Күтіп отырмыз!

Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» кімдермен құрмақшы? Қазақ ұлтшылдығын «Үңгірге» тыңпақшы болып жанталасқан, Ресей саясатының шашбауын көтеріп жүргендермен бе? Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков аруақтары күңіренбей жатыр деп кім кепілдік бере алады?

Осы арада: «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» деген ұлы Бауыржан Момышұлының сөзі еріксіз еске түседі. Күндіз-түні жүрегі «Қазағым» деп соғатын адам ғана мәдениетке ие бола алады. Қаншама былыққа белшесінен батқан, қаншама сайқымазақ сайлаулардың ортасында болған орталық сайлау комиссиясының хатшысы болған, мүшесі болған Назарбаевқа қаншама рет тоқсан бірдеңе пайыз дауыс ұрлауға қатысқан сенатор Ләззат Сүлеймен ханыммен енді «Жаңа Қазақстан» құрмақшы ма? Осы сенат дегеннің өзі не қылған орын?  Әлде «бұрынғыларға» жанбағуға арнап қойған орынтақ ба? «Еуропаны елес кезіп жүр. Ол – коммунизм елесі» деген еді XIX ғасырда марксшілдер.

 «Отыз жыл оттағаның – «ғажап ертек», «Ертекші», қараң батсын! Маза бер! Кет!», бұл ақын Светқали Нұржанның Үні! Түсінген жанға бұл-барша Қазақтың Үні.

Отыз жыл бойы Назарбаевтың «Тарихи еңбегін» ерінбей-жалықпай жарапазандағандардың еншісіне қалдырып, ендігісінің жөні жоқ деп айту керек! Ел билеудің аяғы Қазақ қырылған қанды қасапқа ұласқан, отыз жыл бойы Қазақтың несібесін сүліктей сорған оның қай қылығын тарихи еңбекке жатқызуы керек? Айтыңдаршы, Алаш жұрты!

2019 жылы 4 сәуірде «Бұл қаланың не жазығы бар еді, ағайын!» деген мақалам «Жас Алаш» газетінің бетінде жарық көрді. Осында: «… Билік халықпен бұдан әрі ойынды доғару керек! Өмірінің елу жылын ұстаздық қызметке арнаған адамның жанайқайы деп түсініңіздер! Халықтың ашу-ызасы кернеуінен асқалы тұр. Күнде байқап, көріп отырмыз. Осыдан қорқамын» деп аяқтаппын.

Президент Тоқаев ел басқаруда, «Қазақтың екінші Абылайы» атанған Жұмабек Ташеновтың үлгісімен жүрсе, арқасын тек ғана Қазағына сүйесе ғана мықты мемлекет болатынымызға кәміл сенемін!

Тегтер: