Айтарың бар ма, ассамблея?
Мәртебесі жоғары, мемлекеттік деңгейдегі ең іргелі ұйым болғандықтан, ассамблеяға қатысты әңгіме айтқың-ақ келіп тұрады.
Осыдан бірер апта бұрын тілге қатысты дау туындағанда әншейінде Қазақстанның бірлігі мен татулығын ту етіп шыға келетін ассамблея неге үнсіз қалды? Бірақ ұялды ма, жоқ па, елде он күн өткен соң, осындай өте іргелі ұйымның барын халық сөз ете бастағанда қайтадан оянды.
Кешелі бері Қазақстан халқы ассамблеясы мемлекеттік тілдің елімізде мәртебесі өте жоғары екенін, қазақ тілінсіз елдің болашағы жоқ екенін қайтадан айта бастады. Бірақ, ең бір қызығы, біздің билік саясатты екі түрлі стандартта жүргізеді ғой. Бұл жолы да қазақ тілін меңгерген, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері сөз ала бастады. Олар өз ойларын мемлекеттік тілде білдіріпті. Жалпы, біздің билікте басшысы қазақ болса, орынбасарын орыстан сайлайтын ежелгі Кеңес Одағынан қалған, бұзылмайтын бір әдет бар ғой. Осы жолы парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев этносаралық келісім, тіл мәселелері туралы өз ойымен бөлісті.
«Біздің елде бұл мәселе бойынша проблемалар жоқ. Әртүрлі ұлт өкілдері әрқашан бір-бірімен бейбіт өмір сүрді, өзара түсінісуде ешқашан проблема болған емес. Қазақ тілі үлкен рөлге ие болуда. Әртүрлі ұлт өкілдері үшін бұл өмірдің ажырамас бөлігі. Қазіргі кезде Қазақстанда тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі таңғалдырмайды. Мұның бәрі эволюциялық жолмен, мәжбүрлеусіз жүріп жатыр», – деді Павел Казанцев.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Қазақстандағы этносаралық жағдайға алаңдап отырғандарға ілуде бір кездесетін оқиғалар жағдайды тұтастай сипаттамайтынын айтты. Міне, жұрт тыншыған соң айтылған пікір. Дәл осы пікірді көршіміз арандатуды бастағанда-ақ айтуы керек еді. Он күн өтіп, қызуы басылған соң, айтылған жалынды пікір кімге керек? Мұның бәрі неге байланысты? Қазақтілділерді алдарқату ойыны. Биліктің жасап отырған екіжүзді саясаты. Басқа еш нәрсе емес. Енді артық сөз болмау үшін Ассамблеяның тағы бір мүшесінің пікірін тыңдап көрелік.
«Тәуелсіз елдің әрбір жас ұрпағын парасатты да білімді, отансүйгіш әрі ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің рөлі зор. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, соншама биікке көтерілесің. Бірақ ең алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді білгеннен ешкім зиян шекпейді, керісінше, тигізер пайдасы өте көп. Адамдармен ашық-жарқын әңгімелесіп, емін-еркін пікір алмасасың. Өз басым қазақтың алтын бесігі саналатын ауылда тұрғандықтан, қазір қызмет бабында әртүрлі сұрақтармен келген тұрғындардың мәселесін ешбір қиындықсыз түсініп, бірден көмектесуге тырысамын», – дейді Владимир Чепель.
Әрине, біз аталған азаматтардың мемлекеттік тілде сөйлеп, ойын еркін білдіріп жатқанына қуанамыз. Сөз жоқ, қуана қостаймыз. Бірақ мәселе мынада: ассамблея өзі құрылған 1995 жылдан бастап қанша этнос өкілін қазақша үйретіп шығарды екен? Негізі, мемлекет қазынасынан орасан зор ақша бөлінетін мұндай ұйымның мүшелері тілге қатысты дау туғанда мәселенің ақ-қарасын айырып, алқалы топтың алдында ағынан жарылып, суырылып сөз айтуы керек еді ғой. Ал бізде оқиғадан он күн өткен соң «оралымды ой» айтып, қазақ тілінің келешегіне басқаны емес, қазақ ұлтын сендіреді. Біз онсыз да мемлекеттік тілдің нығаятынына сенеміз. Биліктің мұндай жасанды саясаты кімге керек?
«Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Қазақ тілін менің бойыма қазақтың ортасы сіңірді. Бүгінгі күні қазақ тілінде еркін сөйлеймін де, сауатты жазамын да, тіпті ойлаймын да. Отанымның мемлекеттік тілін толық меңгергенім мен үшін үлкен бақ. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы мемлекеттік тілді білуімнің оң нәтижесі деп есептеймін. Менің ойымша, «қазақ тілін үйренемін» деген адам ұлтына да, жасына да қарамастан, мақсатына жете алады, жетеді де. Тіл үйрену үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ниет болу керек. Біз, барша қазақстандықтар, мемлекеттік тілді – қазақ тілін білуге міндеттіміз», – дейді Света Крюгер.
Бұл да қуана құптайтын пікір. Барлығы да таза ниеттен басталады. Жалпы, мемлекеттік тілді үйренгісі келген адам өзі-ақ үйренеді. Олар қазақы ортаны іздемей-ақ ізденеді. Сөздік қорын молайтады. Сөйтіп, мемлекеттік тілдің мерейін асқақтады. Ал бізде «арнаулы әдістемелік құралдар жоқ» деп, бүйректен сирақ шығаратындар көп. Жалпы, назар аударатын бір мәселе бар: біздің билік осындай дау туындаған кезде қазақтілді аудиторияны тыныштандыру үшін үнемі қазақша еркін сөйлейтін басқа этнос өкілдерін мінберге шығарады да, сөйлете қояды. Бұл жолы да сөйтті. Мұндай екіжүзді саясат тілдік қатынаста ешқандай жеңіс әкелмейді. Бұл қазақтілділерді тыныштандыру, көңілін аулау және азғана уақытқа алдарқату тәсілі ғана.
Негізі, елімізде ұлттық идеология бар болса, тілдік қатынасқа қатысты саясат басқашалау жүргізілуі керек. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілге қатысты билік тарапынан жасалынатын қадам қазақ тілінде сөйлейтіндерге емес, ең алдымен еліміздегі орыстілді аудиторияға бағытталуы керек. Ал бізде, керісінше, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның келешегі туралы жалынды, пафосты ойлар өзімізге қарап айтылады. Ал қазақ тілінде сөйлейтін қазақ бәрібір ана тілінің болашағына сенеді. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлейтін еліміздегі басқа этнос өкілдері және ассамблея мүшелерінің жоғарыдағыдай пікірін ең алдымен орыстілді БАҚ арқылы айтқызу керек. Бұл – мемлекеттік саясат. Сонда ғана орыстілділер биліктің тілге қатысты мемлекеттік саясатын амалдың жоғынан түсінеді. Мойындайды. Түбінде қазақ тілінің нығаятынын саналарына сіңіреді. Ал біздің билік онсыз да қазақша сөйлейтін басқа ұлт өкілдерін БАҚ арқылы қазақша сөйлетеді.
Бір құрметті төрағасы, жаңадан сайланған тағы төрағасы және жақында тағайындалған орынбасары бар ассамблея алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде осындай игі саясат жүргізсе дейміз. Біздің тілдік саясатқа қатысты ойымыз – осы, ал сенің айтарың бар ма, ассамблея?