Әйтенов елге берген уәдесін ұмытты
Өтіп бара жатқан барыс жылы Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов үшін мазасыздау басталғаны рас.
Үшінші мегаполис әкімінің басына бір емес, екі мәрте отставкіге кету қаупі туды. Бірақ екеуінде де Әйтеновтің жолы болып кетті.
Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін Әйтеновты отставкіге жіберу жөнінде президенттің атына петиция жазылды және ол интернеттегі арнайы онлайн-платформада жарияланды. Онда Шымкент әкімінің ипподромды талқандап, оның жерін олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін сатып жібергені, балалар алаңшасы бұзылып, оның орнына жеке клиника салынғаны айтылды. Алайда «халықтың үніне құлақ асатын» Ақорда петицияны ескерусіз қалдырды.
20 қарашада өткен Президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларын қайта тағайындады. Осы ауыс-түйісте баспасөзде жиі сыналатын, командасында сыбайлас жемқорлық өршіген Мұрат Әйтенов қызметінен кетуі ықтимал әкімдердің бірі ретінде аталды. Мәселен, осы кездері белгілі заңгер Бақытжан Базарбек фейсбуктегі парақшасында сайлаудан кейін жерге қатысты заңсыздықтарға жол бергені үшін қызметінен кетуі тиіс алты әкімнің аты-жөнін атап тұрып жазды. Солардың бірі Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов еді. Алайда Әйтенов бұл қысылтаяң шақтан да аман өтіп, креслосын сақтап қалды.
Байқасаңыздар, Әйтенов туралы әңгіме қозғалса, үнемі жерге қатысты заңсыздықтар қатар аталады. Неге?
Әйтеновтің кезіндегі осындай дау-дамайдың ең үлкені жоғарыдағы петицияда келтірілген ипподромға қатысты болды. 2020 жылы Шымкент қалалық әкімдігі атшабардың орнына атышулы BI Group компаниясы заманауи тұрғын үй кешенін салатынын жария етті. Бірақ көпшілік бұл жобаға қарсылық білдірді. Қоғамда ипподром мәселесі қызу талқыланды. 2021 жылдың басында Мұрат Әйтенов осыған қатысты қоғамдық тыңдау өткізуге мәжбүр болды. Сол кезде қала әкімі BI Group компаниясының Шымкентке өз қаржысымен жаңа атшабар және басқа да нысандар салып беретінін мәлім етті. Ақыр аяғында жоба басталып кетті. Содан бергі аралықта екі жылға жуық уақыт өтті. BI Group компаниясы заманауи тұрғын үй кешенін қызу салып жатыр. Пәтерлердің жарнамасы жер жарып тұр. Алайда компанияның Шымкентке уәде еткен нысандарының әлі ешқайсысы пайдалануға берілген жоқ.
Рас, компанияның атшабардың құрылысын бастағаны туралы ақпарат бұған дейін айтылды. Жаңа ипподром Бозарық елдімекенінен салынып жатыр. Былтыр қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері нысанның құрылысымен танысып қайтқан болатын. Сол жолы кеңес төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаев ипподромға қоғамдық бақылау жүргізілетінін мәлім етті. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың наурызында аяқталатыны хабарланды. Алайда аталған мерзімде жаңа атшабардың құрылысы біткен жоқ. Жаз ортасында осыған қатысты ипподром қызметкерлері шу шығарды. Сол кезде BI Group компаниясының басшылары құрылысты биыл күзде аяқтауға уәде еткен еді. Алайда күзде де нысан пайдалануға берілмеді. Біз өткен аптада осыған қатысты мәселенің мән-жайын білу үшін атшабардың құрылысын қоғамдық бақылауға алған қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаевпен хабарласқан едік.
Депутаттың айтуынша, құрылыс жұмыстары жерге қатысты проблемаларға байланысты кешеуілдеген көрінеді.
– Компания жаңа атшабарды келесі жылдың наурызында пайдалануға беріп, жаңа нысанда республикалық ат жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отыр, – деді Н.Бұхарбаев.
Наурызға да аз уақыт қалды. Компания енді осы жолы уәдесінде тұра ма? Мұны бір деңіз. Екіншіден, Шымкенттің жаңа атшабары бұған дейін айтылғандай, елімізде теңдесі жоқ, ең үлкен ипподром болуы тиіс. Айтылған сөз іспен қаншалықты қабысады?
Үшіншіден, атшабар атышулы BI Group компаниясы салып беруге уәде еткен бір ғана нысан. 2021 жылы ипподромға қатысты дау үдеген кезде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында компанияның қалаға атшабардан бөлек, заманауи тұрғын үй кешені аумағынан мектеп пен емхана, «Шымситиге» жалғасып кететін променад және Дендропаркке өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір салып беретінін айтқан. Ш.Мұқан «променад» деген сөзге «аллея немесе бірнеше жерде фонтандары бар, рекреациялық зона» деген түсініктеме берген болатын. Атшабардың құрылысының кешеуілдетіп жатқаны мынау. BI Group мектеп пен емхананы, велокөпір мен променадты енді қашан салып үлгереді?
Ал уақтысында елге осындай уәде беріп, сәулетшілердің, қоғам белсенділерінің наразылығына қарамастан, атышулы компанияның жобасын өткізген Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов бұған не дейді? Әлде бәрі «өтті, кетті, ұмытылды» ма?