Әйтенов қызметінен кетсін!
Шымкенттің әкіміне қатысты жазылған петицияның мазмұны осындай
Әдетте, жауын-шашынмен, соңғы жылдары, тіпті қарсыз өтіп кетіп жүрген Шымкенттің қысы биыл қаталдау мінез танытып тұр. Өткен апталарда жауған қалың қардың соңы шыңылтыр аязға ұласты. Температура түнгі уақытта –25 градусқа дейін төмендеді. Мұндай суық Шымқалада бұрын-соңды болған емес.
Ауа райының тосын мінезі бәрінен бұрын Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновке ауырлау тиді. Себебі күннің күрт суытатыны оншақты күн бұрын хабарланғанымен үшінші мегаполистің оған дайындығы сақадай-сай болмай шықты. Жол тазалаушылар қала көшелерін қардан тазартып үлгермеді. Соның салдарынан, қар көліктердің табанына тапталып, көшелер қотыр-шотыр, ойқы-шойқыға айналды. Коммуналшылар тұз, құм себу жұмыстарын да ойдағыдай жүргізе алған жоқ. Сақылдаған сары аязда кейбір шағын аудандардың тұрғындары газдың, жарықтың өшіп қалғанын айтып, шулап жатты. Осы күндері қалада «көгілдір отынның» қысымы түсіп кетті. Осының бәрі айналып келгенде, қала әкімі Әйтеновке таяқ болып тигені айтпаса да түсінікті ғой. Әсіресе әлеуметтік желіде қысқа дайындық жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін қала басшысының атына көп сын айтылды. Енді, міне, ғаламторда Шымкенттің әкімін қызметінен кетіру жөнінде петиция да пайда болды.
Бұл Әйтеновке қарсы жазылып отырған алғашқы петиция емес. Оның біріншісі былтыр қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған. Ол кездегі коллективтік арызда Әйтеновтің қаңтар оқиғасы кезінде із-түссіз жоғалып кеткені, ипподромды талқандап, оның жерін олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін сатып жібергені, балалар алаңшасы бұзылып, оның орнына жеке клиника салынғаны баяндалып, президенттен Шымкенттің әкімін қызметтен босату сұралған болатын-ды. Алайда петицияны мемлекет басшысы ескерусіз қалдырды… Шымкентте жылды әкімге қарсы петициямен бастау әдетке айналып бара жатқан сияқты ма, қалай өзі?! Сонымен, бұл жолғы арызда не айтылған?
Петиция орыс тілінде жазылған. Ол «AVAAZ.org общественные петиции» деп аталатын арнайы порталда жарияланды. Авторы Темирлан.К. деген азамат. Арыз «Мәжіліске және мемлекеттік аппаратқа» арнап жазылған.
Петиция авторының қарапайым шымкенттік азамат екендігі ә дегеннен аңғарылады. Оның жазуынша, әкім Әйтенов өзінің міндетін өте нашар орындайды. Шымкенттің көшелеріндегі жағдай күн санап ушығып барады. Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер ойына келгенін істейді. Әсіресе «ҚазТрансГаз» пайдаланылмаған газ үшін ақша сұрайды. Коммуналшылар көше қазуды әдетке айналдырған. Бір жерді қайта-қайта қаза береді. Қазған жерді тротуарға арналған плиталармен жауып кетеді.
– Көшедегі жағдайды және коммуналшылардың тәртібін қадағалау қала әкімінің тікелей міндеті емес пе? Әлде оның міндеті тек ақша сауу ма? – деген петиция авторы Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде жағдайдың жақсы болғанын еске алады. Тіпті «зың әкімнің» қазіргілер үш жылда сала алмай жүрген көпірді жарты жылда тұрғызғанын алға тартқан.
Қысқасы, петицияның мазмұны осы тектес. Ондағы келтірілген фактілерді, проблемаларды кез келген қаладан кездестіруге болады, әрине. Бірақ мәселе мұнда емес, жазылған петициядан бұл жолы қандай нәтиженің шығатынында ғой.
Жалпы, елімізде петиция жазу соңғы жылдары пайда болған үрдіс. 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекске петицияға қатысты арнайы баптар енгізілді. Осы баптардың бірінде «Қазақстан Республикасы президентінің, парламенті палаталары мен үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату мәселесі петицияның нысанасы бола алмайды», деп нақты жазылған. Яғни жоғарыдағы бапты тәпсірлесек, президент тікелей тағайындайтын әкімді ешкім петиция арқылы кетіре алмайды. Яғни мемлекет басшысы бұл жолғы коллективтік арызды да ескерусіз қалдырады деген сөз.
Мұрат Әйтеновтің Шымкенттің әкімі қызметіне тағайындалғанына осы қаңтарда 3 жыл толды. Үшінші мегаполиске үш жыл әкім болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Былтыр қарашада өткен президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Әйтеновке қайта сенім артып, қызметінде қалдырған болатын.
Бір қызығы, Әйтеновты қызметінен босатуға қатысты былтыр жазылған петицияға 500-дей тұрғын қол қойған еді. Биыл 16 қаңтарда жәрияланған екінші петицияны қолдаушылардың саны айналдырған 5-6 күнде 1600-ден асты. Бұл Шымкенттің әкімін қызметінен кетіруге құмбыл тұрғындар санының әжептәуір көбейгенін білдіретін сияқты.
Бұл соңғы бір жылдың көлемінде Әйтеновтің абырой-беделінің, халықтың оған деген сенімінің түсіп кеткенін де білдірмей ме?