Әйтеновтің алдында Теміржанов та қауқарсыз
Шымкентте ескі ипподромның жері мемлекетке қайтарылмады
Жер комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бас инспектор Мұрат Теміржанов Facebook парақшасында Шымкент қаласы әкімінің жер телімдерін оңды-солды таратып, заңды белден басқанын жария етті.
«Мен ешқандай қорытынды жасап жатқан жоқпын, тек фактілерді жазып отырмын», – деген төраға һәм инспектордың баяндауынша, Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті қалалық әкімдіктің 2021-2022 жылдары аралығында жер учаскелерін табыстау туралы қабылдаған қаулыларына профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жер телімдерінің инвестициялық жобаларды іске асыруға арналмаған қызмет түрлері үшін жүйелі түрде берілгені анықталған. Осындай жолмен 168 жер учаскесі (81,4 га) Жер кодексінің талаптарын бұза отырып табысталғандықтан әкімдікке жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама берілген. Шымкент қаласы прокуратурасымен бірлесіп, Шымкент қаласы әкімдігінің 2018-2020 жылдары аралығында жер учаскелерін табыстау туралы қабылданған қаулылары бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 97 жер учаскесінің (91,5 га) заңға қайшы берілгені белгілі болған. Ал 2018-2022 жылдары аралығында жалпы 265 жер телімі (172,9 га) Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып табысталған. Бүгінгі күнге 7 жер учаскесі бойынша (2,01 га) қабылданған актілер сот шешімдерімен жарамсыз деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылған.
«36 жер учаскесі уәкілетті органмен екі жақты келісімшартты бұзу арқылы мемлекет қорына қайтарылды. 51 жер учаскесіне (39 га) қатысты сотқа талап-арыздар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беріліп, қаралуда», – деп жазған М.Теміржанов.
Бәрекелді дейміз! 2018 жылдан бергі аралықта Шымкент қаласының әкімі үш рет ауысты. Олар «әрбір сөзі хит әкім» Ғабидолла Әбдірахымов, Ерлан Айтаханов және ел арасында «Торгаш» деген лақап аты бар қазіргі әкім Мұрат Әйтенов. Айтаханов мегаполисті алты ай ғана басқарған. Ал Әбдірахымовтың Шымкенттегі ертегідей дәурені бір жылдан сәл ғана асты. Яғни заң бұзушылықтардың дені қазіргі әкім, жерге келгенде «қатты саудаласатын» Мұрат Әйтеновтің кезінде болған деген сөз. Осындай заңды белден басулар үшін қандай шенеунік жауапқа тартылды? Өкінішке қарай, жоғарыдағы мәліметте бұл туралы ешқандай дерек келтірілмеген. Жалпы, Теміржановтың біраз мәселеге тереңдемей отырғаны байқалады.
Шымкентте соңғы жылдары жерге байланысты есте қалған ірі даудың бірі – бұрынғы ипподромға қатысты. 2021 жылы қалалық әкімдік сәулетшілердің, қоғам белсенділерінің қарсылығына қарамастан, атшабардың жерін атышулы BI Group компаниясына тұрғын үй кешенін салу үшін беріп жіберді. Түсінікті болу үшін аздаған шегініс жасайық.
Осы мәселенің соңына түсіп, біраз былық-шылықты анықтаған белгілі заңгер, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің ақпарат құралдарына берген сұхбаттарынан түсінгеніміз, 2021 жылы Шымкент қалалық әкімдігі бұрынғы ипподромның 17,3 гектар жерін алдымен өзінің қарамағындағы Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 5 жылға берген. Бұдан кейін корпорация бұл жерді «Жас НС» деп аталатын компанияға сатады. Екі арада сату-сатып алу келісімшарты жасалған. Бұдан кейін әкімдік жердің пайдалану нысанын «көпқабатты тұрғын үй кешенін салу» деп өзгертеді (қазір бұл жерге тұрғын үй кешенін BI Group-тің атын жамылған «Жас НС» компаниясы салып жатыр). Заңгердің айтуынша, мұның бәрі Жер кодексіне де, Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді. Былтыр маусымда заңгердің арызы бойынша Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тексеру жүргізеді, нәтижесінде ипподромның жерін қолдан-қолға өткізіп, ақыр аяғында жекеменшік құрылыс компаниясына сатып жіберудің заңсыз екенін анықтайды. Осыдан кейін департамент Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз берген. Талап-арызда жер беру жөніндегі әкім қаулыларының күшін жою көзделген. Алайда сот салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің инвестициялық емес, инновациялық жоба екендігіне сүйеніп, талап-арызды қанағаттандырмаған. Экономикалық соттың шешімі былтыр 29 желтоқсанда шыққан.
«Мен ешқашан да көпқабатты тұрғын үй кешенін инновациялық жобаға айналдыруға болатынын ойламаппын», – деген Б.Базарбек Шымкент әкімдігінің қаулыларын заңсыз деп танудан аулақ кету үшін соттың осындай қадамға барғанын алға тартады. Заңгер сонымен бірге мемлекеттің мүддесін қорғауда табандылық таныта алмаған Шымкент қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің әрекетіне қынжылыс білдірген еді.
Биыл ақпанда осы мәселе Бас прокуратурада біраз әңгіме болып, ақыры, Шымкенттегі бұрынғы ипподромның жерін мемлекетке қайтару бойынша шығарылған сот шешіміне апелляциялық шағым беру үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Бас прокуратура араласқан істен бір нәтиже шығар деген едік, қатты қателескен екенбіз.
Сонымен, бұл оқиғаның ақыры немен аяқталды дейсіз ғой? Жуырда біз аталған іс бойынша Шымкент қалалық соты апелляциялық алқасының 24 наурыз күні шығарған ұйғарымымен танысып шығып, аң-таң болдық. Ұйғарымға қарағанда, Шымкент қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті апелляциялық шағымды дұрыс бермеген. Сондықтан сот жіберілген кемшіліктерді түзету үшін мерзім белгілеген. Алайда департамент бұл мерзімде кемшіліктерді түзетпеген.
Соңында апелляциялық алқа:
«Талап қоюшы тарап жоғарыда аталған мән-жайларды теріске шығаратындай сотқа қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы тұрғысынан тиісті дәлелдемелерді ұсынбаған» деген негізбен департаменттің шағымын қанағаттандырмаған. Ұйғарым түпкілікті, оған шағым жасауға болмайды. Яғни соттың шығарған төрелігіне сенсек, енді ескі ипподромның жерін ешкім даулай алмайтынға ұқсайды.
Бұл істі бас прокуратураның бақылауға алғаны қайда қалды? Заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын прокурорлар бұған саусақтарының ұшын да тигізбеген сияқты. Сонда осы уақытқа дейін ипподромды мемлекет меншігіне қайтарамыз деп келгендер ақымақ па, әлде сотқа арыз беріп, бірақ соңына дейін табандылық таныта алмаған Шымкент қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті ақымақ па? Әлде департаменттің принципсіздігінің арғы жағында атышулы BI Group компаниясының немесе Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің мүддесін қорғау жатыр ма?
Мұның бірі ұшы – Теміржановтың да табансыздығына барып тірелетіні айтпаса да түсінікті ғой. Төрағаның әлеуметтік желідегі жазғандарын оқысаңыз, риза боласың, ал оған тікелей бағынысты департаменттің әрекетіне қарап қарның ашады. Теміржановтың сөзі мен ісі неге үйлеспейді? Әлде ол да популизмге бой ұрды ма?
Біз кешегі күні осы мәселеге орай алдымен Шымкент қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті басшыларының пікірін білмек болған едік. Алайда олармен байланысу мүмкін болмады. Шымкент қаласы әкімінің жерге жауапты орынбасарының орны біраздан бері бос тұрғанға ұқсайды. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразхановқа жолығып, мән-жайды сұрамақ болған әрекетімізден де ештеңе шықпады. Хатшы қыз басшыға жолығу үшін журналистердің алдымен Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасынан рұқсат алып келу қажет екендігін ескертті. Сонда бұл қалай? БАҚ өкілдері әкімдіктегі жауапты басшылардан сұхбат алу үшін ішкі саясат басқармасынан рұқсат сұрау керек деген талап – Қазақстанның қай заңында жазылған? Әлде Әйтеновтің шығарып алған өз заңы бар ма?