Әйтеновтің де «кредиті» таусылуға айналды

Шымкенттік шенеуніктер енді топ-тобымен, үйір-үйірімен ұсталатын дәрежеге жетті.
«Жас Алаштың» өткен сандарының бірінде біз Шымкенттегі ескі ипподромның жеріне, жалпы үшінші мегаполисте жер саласында жиілеген заңсыздықтарға қатысты жауап алу үшін қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына барып, бірақ ешқандай басшыға жолыға алмағанымызды жазған едік. Арада бір апта өтер-өтпес антикор аталған басқарманың басшылық құрамының жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталғанын жариялады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәурен Ерғариннің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған басқармада бір емес, бірнеше шенеунік пара алды деген күдікпен тергеліп жатыр.
«Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаланың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшы құрамына қатысты бірқатар қылмыстық істерді тергеуде. Басқарма басшысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бөлім бастықтарынан 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деген күдікке іліккен. Оның орынбасары мен бөлім бастығы алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында жер учаскесін мемлекеттік алып қою кезінде бюджет қаражатымен кедергісіз ақы төлегені үшін кәсіпкерден 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдік бар. Сот күдікті адамдарға қатысты бұлтартпау шараларын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – дейді антикор басшысы.
Әрине, соттың үкімі шықпай жатып, алдын ала тон пішпей-ақ қояйық. Дегенмен соңғы екі-үш жылдың көлемінде үшінші мегаполисте жемқорлық өзінің шарықтау шегіне жетті десек, артық айтқандық емес. Әкімдік кәсіпкерлердің жерін алып қойып бір күйдіреді, ал жерге жауапты басшылар пара дәметіп екі күйдіреді. Параны төмендегілер алып, жоғарыға қарай жылыстататыны айтпаса да түсінікті ғой. Сыбайластықтың схемасы басқарма басшысымен тұйықталып қалмауы әбден мүмкін. Ол одан әріге жалғасып, қалалық әкімдіктегі жоғары лауазымды басшыларға барып тірелмегеніне кім кепіл?! Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, ұсталды деген басқарма басшысы бұл орынға 2021 жылы алдымен басшының орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін тек бизнес саласында жұмыс істеген көрінеді. Былтыр мамырда қала әкімі Мұрат Әйтенов оған басқарма басшысының креслосын алып берген екен. Сонда Әйтенов оны бұл орынға қарамағындағылардан «алым-салық» жинасын, «бизнес» жасасын деп отырғызған ба?
Осы жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу жөнінде келісім жасасты. Антикордың таратқан мәліметіне қарағанда, тек соңғы 3 жылда білім саласында 300-ден астам жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген, 200-ге жуық адам әшкереленген. Олардың ең көбі Шымкент қаласына тиесілі.
Тағы да Шымкент. Биыл антикор Шымкент қалалық білім басқармасында балабақша меңгерушілерінен пара алған екі бірдей бас маманды ұстаған болатын. Жуырда кәсіпкерден 60 миллион теңге пара алған қаладағы бір аудан әкімінің орынбасары ұсталды. Қарапайым аудан әкімі орынбасарының ставкасы осындай болса, жоғарыдағылардың әпетиті қандай?
Ақорда Шымкентте болып жатқан осындай жаға ұстатарлық жағдайларды елеусіз қалдырмайтын шығар. Естеріңізде болса, 2019 жылы елдің қамынан гөрі, жеке басының имиджін көбірек күйттеп кеткен Ғабидолла Әбдірахымов «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» қызметінен алынып еді. Әйтеновке берілген «кредит» те таусылуға айналған сияқты.