Әйтеновтің қай сөзіне сенуге болады?
Елордадағы орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Мұрат Әйтенов журналистер тарапынан қойылған біраз сауалды айналып өтті.
Үшінші мегаполистің әкімі ағынан жарыла қойған жоқ.
Әйтенов жалақысына қатысты сауалға «оның қанша екенін сіздер өте жақсы білесіздер деп ойлаймын» деп жақауратты. Онысы рас енді. Бұған дейін ақпарат құралдарында Шымкент әкімінің жалақысы 946 540 теңге екені, оның 761 540 теңгесі нақты қолға тиетіні жарияланған болатын. «Азық-түлікке қанша ақша жұмсайсыз?» деген сауалға да Мұрат Дүйсенбекұлы нақты жауап бермей, отбасындағы барлық шаруамен жұбайы айналысатынын, сол үшін әйеліне риза екенін алға тартты.
Шымкентті көгілдір отын мұқтаждығынан құтқарады деген автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС-3) құрылысына қатысты сұраққа келгенде Әйтеновтің берген жауабына таңғалғанымызды жасырмаймыз. Шыны керек, әкім құрылыстың не себепті тым ұзаққа созылып кеткенін түсіндіріп беретін шығар деп едік. Мегаполис басшысы бұл жолы тосылған жоқ.
–АГРС-3-тің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ қалада бизнес нысандарының дамып келе жатқанын ескеріп, біз оны 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстың 99 пайызы аяқталды. Біз оны сынақтап өткіземіз, келер жылдан бастап кәсіпкерлер, қала тұрғындары сапалы газбен қамтылады, – деді. Яғни Әйтеновтің айтқанына сенсек, құрылысы Әбдірахымовтың кезінде басталып, содан бері жырға айналған АГРС-3 нысанының құрылысын Шымкент қалалық әкімдігі мерзімінен бұрын бітіргелі жатыр екен. Бәрекелді дейік!
Алайда сол Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, былтыр сәуірде Әйтенов аталған нысанның құрылысымен танысып, сағатына 250 мың текше метр газ өткізе алатын АГРС-3-тің құрылысын 2021 жылдың аяғында бітіру көзделгенін, бірақ оны мерзімінен бір жыл бұрын, яғни 2020 жылы аяқтайтынын айтқан. Осыдан кейін Әйтеновтің қай сөзіне сенуге болады?
Жалпы, аталған станцияның құрылысы туралы әңгіме қозғағанда «Қобыланды келеді сайменен...» деген жыр жолдары еске түсе береді. Былтыр қазанда қалалық әкімдік «АГРС-3 жыл соңына дейін бітеді» деген мәлімет таратты. Қаланың коммуналдық саласына жауапты шенеуніктердің станция басына барып, қадағалау жұмыстарын жүргізгені жөнінде ақпараттар да жарияланған. Бірақ нысан аталған мерзімде пайдалануға берілген жоқ.
Осымен 2021 жыл да келді. Биыл сәуірде қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында баяндама жасаған энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков АГРС-3-тің биыл екінші тоқсанда бітетінін мәлімдеген. Бұл мерзімде де нысан іске қосылған жоқ. Қыркүйекте станцияның басына пресс-тур ұйымдастырылды. Осы жолы Б.Болатбеков жұмыстың 98 пайызға орындалғанын, нысанның қазан айының соңына дейін іске қосылатынын айтқан еді. Алайда нысан бұл мерзімде де біткен жоқ. Енді, міне, елордада өткен брифингте Әйтенов АГРС-3-тің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталатынын мәлімдеп, елді аң-таң қалдырып отыр.
Дәл осындай жағдай мегаполистегі жарық тапшылығын шешеді деген Бозарық қосалқы станциясының құрылысында да болған. Нысан әу бастағы жоспар бойынша 2016 жылы іске қосылуы тиіс еді. «Бозарық биыл бітеді» деген бұрынғы әкімдердің айтқандары айдалада қалды. Әйтенов 2020 жылдың басында халыққа берген есебінде «Бозарық қосалқы станциясын биыл іске қосамыз» деген еді. Бірақ оны бітіру Әйтеновтің командасына оңайға түскен жоқ. Одан кейін мерзім биыл наурызға жылжытылды. Ақыр аяғында «түйенің етін жеген» Бозарықты шымкенттік атқамінерлер әупірімдеп жүріп биыл тамызда – Конституция күнінде іске қосты.
Бәлкім, Шымкент қалалық әкімдігі автоматты газ тарату станциясын пайдалануға беру мерзімін құжат жүзінде ұзартып алған шығар. Бірақ әкімнің, оның коммуналдық салаға жауапты басшыларының уақтысында халыққа берген уәделері қайда қалды? Жуырда жергілікті телеарналардан АГРС-3-тің іске қосылмауынан «Азат» шағынауданындағы жеке тұрғын үйлерге құбыр тартылса да, әлі күнге газ берілмегені көрсетілді. Тұрғындардың айтуынша, кейбіреулер «газды қазанда береміз» деген шенеуніктердің сөздеріне қатты сеніп қалып, пештерін көгілдір отынға ауыстырып қойған екен. Енді үйлерін немен жылытарын білмей дал.
Уәдені уақытында орындамаудың салдары, міне, қайда жатыр...