Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:29, 01 Қазан 2020

Айтпасам Айтбай болмас ем

None
None

     Қазақ елі өткен ғасырдың 90-жылдары  тәуелсіздік алған тұста, ауыл мен қаланың тұрмысы тұралап, қолданысқа енді енген  нарықтық-экономика  барлық салаға салмақты серпіліс әкелді.

Өтпелі кезеңде бұқараның  мүддесін мүлт еткізбей жеткізетін  журналистерге жүктелген міндет ерекше ауыр болды. Сол кезде санамызда қалған саңлақ  журналистер бірегей еді. Ал Айтбай Сәулебековтің есімін ел аузынан етене естуші едік. «Жас Алаштың»  меншікті тілшісі  Айтбай жазыпты» деген хабар құлағымызға  жиі шалынатын.  Қаламының қауқарымен  қарашаның  мұң-мұқтажын бүкпесіз шертті, талай шенеунікті сын садағына алып, көптің көкейіндегі кем-кетікті  мақамды мақалалары арқылы  мәрттікпен шешті. Нардың  жүгін  арқалаған Айтбай аға  қара қылды қақ жарып айтатын қадетінен қашанда тайған емес. Өзекті өртейтін мәселе барын естісе, әріптестеріміз «Айтбай айтпаса, болмас» деп, келте жауап беретін. Бұл  журналист еңбегін бағалаудың  шынайы көрінісі емес пе?  Жауынгер-журналист Айтбай Сәулебекпен  «Жас Алаштың»  100 жылдық мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан  едік. 

                          ТАҒДЫРДЫҢ ӨЗІ ТАЙТАЛАС

 – Сіз  «Лениншіл жас»  (кейіннен «Жас Алаш») газетінде 14 жылдай еңбек етіпсіз.  Қызметке қалай қабылданғаныңыз есіңізде шығар?

 – Алдымен түсінікті болу үшін Қарағандыға қалай тап болғанымды айтайын.  «Орталық Қазақстан» газетінде үш жыл бойы өндірістік тәжірибеден өттім. Арада төрт жыл өткенде «Лениншіл жас» мені екінші рет қызметке шақырды.  Бұл жолы конкурстан өту қиын ғана емес,  азапқа тең болды.  Қарағанды,  Жезқазған және Целиноград облыстарынан  бес бірдей үміткер таластық.  Вакансия алты ай бойы бос тұрды.

        Қара күздің жайма-шуақ күнінде Алматыдан қайта  қоңырау шалды.  Алматыға құстай ұштым. «Лениншіл жастың» редакторы Уәлихан Қалижанов мені танымаса да, жылы жүзбен қарсы алды.  «Рақметті Ерекеңе, ағаңа айт.  Сол кісі үміткерлердің ішінен сені ұнатып, шақырайық деп ұсыныс түсірді», – деді Уәкең.

ШЫННЫҢ ЖҮЗІ – ШЫРҒАЛАҢ

 –  Сонымен, республикадағы  таралымы  көп,  беделді басылымға қызметке тұрдыңыз.  Сын жазуды «Жас Алаш» кезінде бастаған боларсыз?

     – Компартия кезінде де сынның «көкесі» баспасөзде жарияланып жататын. «Жас  Алашта» жүргенде сын садағын қарша боратқан болсақ,  ол аяқастынан пайда бола салған батылдық емес-ті.  Бір жақсысы,  КСРО кезінде сыни мақала жазсаңыз, ол обкомның  не аупарткомның бюросында шұғыл түрде талқыланатын.  Артынша газетке жауап келетін.

     Әлі есімде,  «Ағадырда ақиқат бар ма?» деген көлемді сыни мақалам жарық көрді. Онда аудан басшыларының көп жыл бойы мемлекет қаржысы мен дүние-мүлкін талан-таражға салғанын,  шопандардың үйлерінде бит пен қандаланың өріп жүргенін,  оларға тұрмыстық жағдай жасалынбайтынын жіпке тізіп  келтірдім.  Тіпті қалай қорықпағанымды түсінбеймін,  «бұлар (бастықтар) мафиямен айналысады» деп соққам ғой.  Содан бір ағамыз ауданнан телефон шалды.  «Әй, інішек, – деді жаны ашығанын сездіріп, – біздің ауылға енді келуші болма. Аяғыңды сындырады».

     Талды аудандық партия комитетінің бюросы менің фельетоным бойынша аудандық агроөнеркәсіп кешенінің басшысын қызметінен алса,  екінші материалымның негізінде Нұра ауданындағы «Индустриальный» кеңшарының директорына қатаң сөгіс жарияланды.

     Ол кезеңде басшы атаулы журналистерден именетін.  Қазіргідей сын жазғаны үшін қудаламайтын.  Қысым көрсетпейтін.  Толық болмаса да, демократияның ұшқыны болатын-ды.  Қысқасы, сынға бейімделуім «Лениншіл жастың» «шекпенінен» шыққанымның белгісі.

    

     Біздің анықтама. Айтбай Сәулебек 1982 жылы С.М.Киров  атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Сол кездегі заңнамаға сәйкес, жас маман Қазақстан компартиясы орталық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің жолдамасымен Қарағанды обкомының қарамағына жіберіледі.  Атқарған қызметтері: облыстық телерадиокомитетінде аға редактор,  «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ елі»,  «Заң»,  «Дала мен қала» газеттерінің Орталық Қазақстан бойынша аймақтық тілшісі,  Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі,  республикалық тәуелсіз «Азия Транзит» газеті мен журналының бас редакторы және «Қазагроқаржы»,  «Нұр Медиа» компаниялары  басшыларының кеңесшісі,  «Сарыарқа» баспасы бас директорының орынбасары болған.  

        Айтбай  Сәулебек Қазақстан журналистер одағының,  Қазақстан Республикасы президентінің  және бірнеше кәсіби  сыйлықтардың  лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері,  Қазақстанның құрметті журналисі,  Шиелі ауданының құрметті азаматы.

     Қаламгер  «Ғарышта – қазақ» («Айналайын, Земля!», қосарлас автор,  1992),  «Ақ пен қара» (2001),  «Жүректегі қызғалдақ» (2008),  «Тәуелсіздік нұры» (2011),  «Елбасының алтын бесігі» (2011),  «Махаббат – жалғыз» (2014),  «Қамшысөз» (2017),  ұзын-ырғасы 16 кітаптың авторы.

 – Сіз кезінде кейбір облыс басшыларымен қырғиқабақ қарым-қатынаста болдыңыз.  Өзінің кемшілігін көрсеткен журналиске билік өкілдерінің қарсы шығатын әдеті ғой қашаннан.  Жеке басыңызға  не отбасыңызға нұқсан келтірген сәт кездесті ме?

      – Жасыратыны жоқ,  маған «қастандық» та ұйымдастырмақшы болған екен. Бір жақсысы,  тапсырыс алған кісі басқа ұлттың өкілі еді,  мен туралы зерттеп,  бір генералдан сұрап,  ақырында бас тартыпты.  Кейін генерал маған «сол кісіге рақмет айтуды ұмытпа» деп ескертті.  Мен кездесем деп жүргенде, қамқоршым (генерал-майор)  шетелге көшіп кетіпті. Мен үшін уайым шеккен азаматтың бірі сол кездегі Қазақстан Республикасының  премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетов болатын.  Кеңесшісі Жүнісбек Сұлтанмұратов маған телефон шалып,  абайлап жүруімді,  сақ болуымды ескерткенін жеткізді.  Осы ескертпесі үшін Имекеңе бек ырзамын.   

    – «Жас Алаштың» қазіргі беталысы жөнінде не айтар едіңіз? Алда басылымның 100 жылдығы келе жатыр дегендей…

     – Иә,  «Жас Алаш» тойының дүбірі естіле бастағандай. Қазірден бастап біздің үкімет мерекелік іс-шараға дайындықты жүргізуге тиіс. Өкінішке қарай,  соңғы жылдары «Жас Алаш» рухани ауруға ұшырап,  енді ғана орнынан  тұра бастаған сияқты.  Әлі де газетті көтеру керек. Ол үшін оқырмандарды көбейткен жөн. Газет халық пен биліктің ортасынан ойып тұрып өз орнын алуға міндетті. Менің редакторларым – Уәлихан Қалижанов,  Төрехан Данияров,  Нұртөре Жүсіп және Жүсіпбек Қорғасбектер ұлтымыздың келелі мәселелерін алдыңғы орынға қойды.  Шындықтан ауытқымады.  Басылымның беделін сақтай білді.  «Жас Алаштың» халықтың сүйікті басылымына  айнала беретініне сенемін.

ХАЛЫҚ  ҚАhАРМАНДАРЫН ҚАДІРЛЕЙДІ

   – Біздің пайымдауымызша, Қарағанды бұқарасына елеулі еңбек сіңірдіңіз. Сарыарқа елі сізге қандай құрмет көрсетті?

     – Сарыарқаға 20 жасымда келдім.  32 жыл тұрып,  Астанаға көштім. Бір рет шахтаның 700 метр тереңдігіне,  лаваға дейін түсіп,  репортаж жаздым.  Қарағанды металлургия комбинатында әлденеше рет болып, металлургтер өмірі жайлы,  елбасының Теміртаудағы 17 және Қарағандыдағы  екі  жылы туралы тарихи-деректі кітап жаздым.  Менің шығармашылығымның 70-80 пайыз кейіпкерлері Қарағанды облысының азаматтары.  Қарағандының арқасында «Құрмет» орденін, екі медальді кеудеме тақтым.  Қазақстан Республикасы президентінің сыйлығын иелендім.  Маған дейін тек Алматы мен Астанада тұратын журналистерге берілген екен.

     Қарағанды облысының әкімдері Нұрлан Нығматулин «Алтын сұңқар», Серік Ахметов «Алтын жолақ» сыйлықтарын берді.  Бірнеше кітап шығардым.  Қарағандылық азаматтарға, барша Қарағанды халқына үлкен  рақмет айтамын.

Тегтер: