Айтыңызшы, біз кімбіз?
Кеңестік заманда тұмшаланған тұйық жағдайда өмір сүрдік. Газет-журналдардан оқитынымыз қоғамдық-саяси өміріміздің жарқыраған күнгей беті жөнінде мөлдірете жазылатын материалдар; радио, телехабарлар да дәл солай қызмет жасайды.
Ащы ақиқатты білгісі келген жұрт «Азаттықтан» түн ішінде жасырынып отырып тыңдаушы еді.
86-ның желтоқсаны күндерінде болған қазақ жастарының көтерілісін әлемге «Азаттықтың» Хасан Оралтай ағамыз жетекшілік ететін қазақ бөлімі бірінші болып жеткізді. Өзіміз ол туралы айта да алмай, жаза да алмай ішімізден тынумен жүрдік. Көзімізде жас. Орыстық шовинизм бусана қысып-буып тұрған кер заман еді ғой...
Енді қазір ше? Не өзгерді?
Ештеңе де! Қайта жағдай одан әрмен шиелінісіп, тіпті, тереңдей түсті. Кеше қорлық пен зорлықты орыстардан көрсек, бүгін көресіні «қара орыстардан» көріп жүрміз. Бүкіл билік, күштік құрылымдар, халыққа қызмет етуге тиісті барлық билік буындары солардың қолында. Орыс тілі уақыт озған сайын кеуделеп, дес бермей келеді...
Кеше әлеуметтік желіден 31-арнада қызмет істейтін Ирина Советжанқызының кішкене жазбасын оқыдым. Прокуратураның адамдары мазалапты. Жазығы – қаңтардың қасіретті күндерінде «Алматы аренадан» шығып, Алматы көшелерінде шерулеген қазақ жастарының арасынан табылып, журналистік міндетін адал атқарғандығы. «Сен неге өйтіп репортаж жасадың, телеарна арқылы көшедегі елді неге көрсеттің? Енді сені тағы да іздеп, тергеуге шақыратындар болады», — дейді, әлгі биліктің итаршысы қызметін өзінше адал атқарып, басын кекжите кекірейтіп жүрген бейбақ.
Әттең-ай, сол, шіркін, шыр етіп, дүниеге келгенде, асыл анасы өмірге ел қорғайтын, халыққа қызмет ететін ұл әкелдім, деп қалжа жеді-ау, деп өкіндім...
Одан да қатты қамығатыным, ондай бейбақтар өте көп екенін күнде көріп жүрміз. Өздері қанаттарын кеңейте жазып жіберіпті. Шырайлы Шымкентте де жүр, адуынды адайлардың қасиетті мекені Атырау мен Ақтауда да өріс жайған… Намыстан жұрдай. Тұмшаланған түрлеріне қарап, түңілесің… Құды қазақтың атажауы сияқты… Ондайлар астанада да, тіпті, көп… Өкініштісі, сол секілділер биліктің қаржыландыруымен күн көретін басылымдардың бәрінде жүр. Басы «Егеменнен» бастап, ең ақыры, аудандық газеттерге дейін...
Сондай пиғылдарына қарап, халықтың қаржысымен хабар тарататын «Хабар» неге және кімге керек деймін. «Қазақстан» телеарнасы да күллі қазақты осындай бейшара күйге түсіруге, жастарымызды азғындаған үстіне азғындатуға үлестерін әбден-ақ қосуда. Міне, солардың 2011 жылы өз бауырларына жылап-еңіреп, араша түсуге тиісті Әбіш пен Фаризаны қалай сайратқанын есіңізге түсіріңіз. Сол әдіс, кеңестік журналистиканың ескі сарынымен келе жатқан БАҚ етегі жасқа толған елдің, қайғысы қалың қара қазақтың сөзін сөйлейтін, жөнін жөндейтін бір кісіні экран алдына шығарып, ой айтқызып, жаны жылап жазған мақаласын берді ме?
Отыз жыл бойы қазақты керек қылмай, қасиетті тілін қорлап, тұқыртумен келген НӘН билігіне адал да «абыройлы» қызмет еткен әріптестерім менің, әйтеуір аман болыңдаршы! Сендер өз пікірлеріңді айтпасаңдар да, болғанды болғандай етіп жазуға, экраннан көрсетуге, радиодан шынайы хабар таратуға тиіс едіңдер. Осы кәсіби парыздарыңды атқармадыңдар. Халықты зомби етуге аяусыз үлес қостыңдар. Сол үшін ерекше көзге түскендерің Президент сыйлығын, басқа да аты көп сыйлықтарды алып, кеуделеріңе көк тиындық құны жоқ сөлкебайларды салбырата тақтыңдар. Жо-жоқ, сендер оны аласыңдар, бірақ тақпайсыңдар. Себебі, көшедегі көзі ашық, жаны жылаған қандастарың мынаны қандай еңбегің үшін алдың деп сұрайды. Сендер содан қорқасыңдар...
Қазағым, халқым, елім, жерім, деп өлеңді өле жаздап, өрекпей жазатын ақын, жазушылар, сендер үндемей қалуларың арқылы өздеріңнің кім екендіктеріңді көрсеттіңдер. Бәрің демей-ақ қояйын, халықтың адамы болу қасиеттеріңнен жұрдай болып, жұтап бітіпсіңдер. Бүгінгі Жазушылар одағының ашық есігінен не пайда, егер оған қасиетті қалам ұстағандардың өздері кіріп, шықпаса?!
Міне, осының бәрі НӘН билігінің дегеніне жеткенін көрсетсе керек. Отыз жылдағы халыққа келтірген қисапсыз зардаптарынан құтылу үшін енді қанша жыл қажет боларын, шын мәнінде, елім деп еңіреген қаншама азаматтардың қасірет шегерін бір Құдайымыз ғана біледі.
Менің осыдан біраз бұрын «Жас Алашта» басылған «Қасірет» деген мақаламды классик жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетов аға да оқыпты.
«Бұрын да жазғандарыңды оқып жүруші едім. Сол арқылы өзіңді сыртыңнан жақсы білемін. Осы жолы да үндемей қалмадың», – деді.
«Біздікі әрекетсіз қалмайық деген ой ғой, аға. Қаруым – қаламым. Осы жазған мақалаларым арқылы елдің сөзін айтқым келді», – дедім.
Бүгін үндемей қалғандардың бәрі, мен бұл ойымды қолына қалам ұстағандарға қаратып айтамын: «Әй, ағайындар! Құдай бізге айбынды ауызды да, қиып түсетін қасиетті қаламды да берді. Халықтың басына түскен қайғы-қасіретті жазып, азаматтық үнімізді жеткізсін, деп ерекшеледі емес пе? Елді жақсылыққа үндейтін, мемлекетке кесапат келтіретіндердің бетін жыртып, ой айтуға тиісті едік. Әшейінде Алаштың арыстарын айтқанда, халықтың жырын жырлаған аға буын өкілдерімізді мақтағанда, өзі үшін емес, халық үшін адал қызмет еткен, арпалысып ерлік көрсеткен тұлғаларымызды дәріптегенде, ауыздыға сөз бермей, мінберге ұмтыламыз. Ел басына күн туған ауыр сәттерде неге солардай сөзіміз бен ісіміз қабыспады? Қазір олар үшін кім болдық?..
«Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ!» деп жырлаған Қасымның ұл-қыздары біз едік, бүгінгі адамша өмір сүру құқын талап етіп, митингіге шыққан қыз-жігіттер еді. Кеше қастарынан табылып, жандарыңда бірге жүруге жарамадық. Үлкендік сөзімізді айтып, саяси сауатты талап қойғызып, тұра алмадық. Енді соларға ара түсуге де тәуекел ете алмай, күбжіңдеп отырмыз. Біз осы ісімізбен қазақ үшін ажал құшқан халқымыздың ертеңі де, өркені де болатын жастарымыздың алдында кешірілмес күнәға баттық қой! Қазағымызды НӘН бастаған, соның тәлім тәрбиесінен өткен міскіндерге жем қылып қашанға дейін жүреміз?..
Неге оянбайсыңдар?..
Біз, шын мәнінде, сорлы болдық. Бұл сөзімді зиялымыз деп жүргендерге әдейілеп арнап айтамын. Біздің зиялылығымыздың өлшемі осы-ау, шамасы...