Айыппұлдың араны ашылып барады
Еліміздің Ішкі істер министрлігі бір жылда бес рет ереже бұзған көлік жүргізушілерін айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыруды жоспарлап отыр.
Яғни айыппұл да қымбаттамақ. Халық онсыз да айналасындағы қымбатшылықтан қажып отырғанда, айыппұлды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыру қаншалықты дұрыс?!
Осы орайда айыппұл жазалау құралы ма, жоқ әлде бюджеттің қоржынын толтырудың амалы ма?! Онсыз да қалаларда қаптап кеткен бейнебақылау қондырғылары бюджетке миллиардтар түсіріп жатқаны жасырын емес. Демек халықты қанауға құнығып алғандар айыппұл жинап дәнігіп алғандай.Жыл өткен сайын елімізде бейнеқондырғылардың саны да арта түсуде. Осы орайда айта кетер жайт, сол көшедегі бейнеқондырғылар айыппұл жинауға ғана «шебер» секілді. Ал көшедегі кездескен өзге қылмыстарда айғақ жинауда дәл айыппұлды түсіргендей қалт жібермей қадағалап, көмекші құралға айналғаны байқалмай отыр. Мәселен, соңғы 15 жылда 40 мыңнан астам көлік ұрланып, шекара асып кетіпті. Бірақ соның 66-сы ғана иесіне қайтарылған. Осындай халықаралық деңгейдегі қылмыстарда бейнеқондырғыларымыздың белсенділігі қайда? Немесе көлік жүргізушілерінің басқан ізін аңдуға шебер жол көлік сақшылары, көлік жүргізушілерінің көлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетсіз бе?
Жарайды он бес жыл демей ақ соңғы жылдардағы статистикаға да көз жүгіртіп көрелік. Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметке жүгінсек, кейінгі үш жылда 5 132 автокөлік ұрланып, тек 1 922-сі иесіне қайтарылған. 2018 жылы ұрланғаны – 1 909, табылғаны – 1 013; 2019 жылы ұрланғаны – 1 490, табылғаны – 671; 2020 жылы ұрланғаны – 1 733, табылғаны – 238. Ал биыл алты айдың ішінде 245 көлік ұрланып, 94-і ғана иелеріне қайтарылыпты. Неге жыл өткен сайын ұрланған көліктердің қайтарылған саны азайып барады? Демек көлік жүргізушілерінен айыппұл алуды білеміз, оны өндіріп алу үшін заманауи қондырғыларды барынша қамтамасыз етеміз. Ал оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халыққа жағдай жасауды жетілдіруге мән бермейміз. Сондықтан көлік жүргізушілерінің «Талай жігіттер көлік апатына түсті. Айғақ таба алмай қиналды. Керек кезде камера істемей қалады. Айыппұл керек кезде істейді», – деген реніштерінің астарын да түсінесің.
Осы орайда айта кетсек, 2020 жылы еліміздің көлік жүргізушілері жол ережесін бұзғаны үшін 18 миллиард теңге айыппұл төлеген. Жол қозғалысы ереже бұзушылықтарын тіркейтін 12,8 мың бейнебақылау қондырғысы 2,6 миллион жол тәртібін бұзу дерегін анықтаған. Ал одан бері еліміздегі бейнеқондырғы саны да еселеніп көбейіп, көлік жүргізушілерінің басқан ізін аңду да арта түскенін ескерсек, қазір айыппұлдан түсетін түсім де қомақты болып барады.
Мәселен, биылғы жылдың 7 айының өзінде Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жол қозғалысын қадағалау кезінде 4 млрд 639 млн 481 мың 646 теңге сомасына 542 612 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Соның аясында 3 млрд 647 млн 778 мың 893 теңге өндірілген. Аталған құқық бұзу фактілерінің 422 339-ы «Сергек» камералары арқылы тіркелген. Бір қаланың өзінен 4 млрд 639 млн теңге. Жыл аяғына шейін бұл сандар еселенетінін ескерсек, 2020 жылы жиналған 18 миллиардты енді екі ақ қала толтырып беретін сыңайлы. Ал енді жеңілдік алып тасталса – бұл миллиардтар еселеніп, көбейе түсері анық.
Алматы қаласында да «Сергек» камерасының 5 мыңнан астам данасы орнатылған. Демек бұл қала да көлік жүргізушілерінің басқан ізін аңдып, айыппұл салудан алдына жан салмайды.
Жалпы соңғы кездері халықтың түкірігінен де айыппұл жасап, бюджет қоржынын қампайтуға ұмтылғандар қит етсе айыппұл салып халықты қанаудың жақсы әдісін тауып алған секілді. Осындайда еріксіз халыққа жағдай жасаудан гөрі, билігіміз халықты қинау, қанаудан алдына жан салмай бара жатқан жоқ па деген ой да мазалайды. Айыппұлды арттыру арқылы халықты жазалау қаншалықты дұрыс деген сауалды мамандарға да қойып көрген едік.
Мырзабек Бекберді, заңгер:
— Айыппұл халықтың айлығы мен шайлығын ескере отырып белгіленбесе болмайды. Әр адамның әлеуметтік статусы, төлем қабілеті жеке ескеріліп, айыппұл салу механизмдерін қалыптастырмасақ ертеңгі күні төленбеген айыппұлдар көлемі арта береді. Ал оның арты ол адамның есепшоттарын жабу, халықты сандалту секілді халықты ашындыратын мәселелерге апарып соғады. Яғни әлеуметтік мәселені күрделендіре түсуден гөрі, оны болдырмаудың жолдарын қарастыру қажет. Айыппұл айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Мәселен, 2022 жылы елдегі айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңгеге көтерілді. Осыған байланысты әлеуметтік көмек және қызмет көрсету бағасымен қатар айыппұл мөлшері де артты. Көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын сағатына оннан жиырма шақырымға дейін арттыру – 5 АЕК құрайды. Яғни абайсызда жол жүру жылдамдығын арттырған жағдайда 15 315 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Кейде байқамай, кейде сол жолдағы жылдамдық мөлшерін білмегендіктен, көлік жүргізушілерінің жиі кездесетін айыппұлдарының бірі осы. Бұрын осының жартысын төлеп келсе, енді көлік жүргізушілері осы сумманы толық төлеуге мәжбүр. Бұл біреуге болмайтын қаржы болғанымен, біреудің бірнеше күндік нәпақасы. Сондықтан айыппұлды көліктің маркасына, жылына орай белгілеу қажет. Тағы бір мысал көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын сағатына жиырмадан қырық шақырымға дейiнгi шамаға арттыру – 10 АЕК (30 630 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер – 30 АЕК (91 890 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал енді Жигули мінген кедей де 91 890 мың теңге, джип мінген бай да 91 890 теңге төлеуі әділетсіздік қой! Билік халықтың жағдайын ойласа алдымен осы айыппұл мөлшерін реттер еді. Бүгінгі күні оған қарамастан, елу пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен де айыру жаны ашымастық. Сондықтан дәл қазір қымбатшылықты ауыздықтауда дәрменсіздік танытып отырған билік ең болмаса айыппұлдағы жеңілдікті көпсінбес деп ойлаймын, – деді заңгер.