Ақ өлең. Ой ағыны, ырғақ пен ұйқас

Әлем әдебиетіндегі әрқилы үрдістерге орай қазіргі өлең формасы да барынша еркіндікке, жаңалыққа ұмтылды.
Әсіресе ХХІ ғасыр басында әдебиетке келген жас ақындардың көпшілігі өлең өлшемінен, жүйелі түрдегі кідірістен, тіпті ұйқастан, шумақтан ада өлеңдерге қалам тербеп жүр. Мұндай өлең түрін бірі ақ өлең, енді кей жерлерде верлибр деп те атайды. Бүгінгі жас буынның ішінде верлибр арқылы ішкі жан күйін тікелей, ешқандай поэтикалық «қалыбы» жоқ, жалаңаш күйінде жеткізуге ұмтылатындардың қатары соңғы жылдары тіпті көбейді.
Негізі ақ өлеңнің табиғатын түсіну үшін оны тек «ұйқассыз өлең» деп қабылдау жеткіліксіз сияқты. Шын мәнінде ол еркіндікте, шеті мен шегі жоқ бос кеңістікте өрістеген ойдың бір түрі ме дерсің, ақ өлең дегенің «ақын мен оқырман арасындағы тыныстың өзгеруі» дейді білетіндер. Қазіргі верлибрдің біздің поэзиямызға әлемдік модернист, постмодернист ақындар шығармашылығының әсері арқылы келді. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Верлибрдің тамыры XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Батыс Еуропа поэзиясында, әсіресе француз символистеріне кеп тіреледі. Шарль Бодлер, Артюр Рембо, Поль Верлен сияқты ақындар поэзияны әуелгі көптің санасына сіңген қалыптан шығарып, сезімнің жаңа кеңістігін ашуға тырысты. Кейін Уолт Уитменнің еркін ырғақтағы жырлары америка әдебиетінде жаңалық боп есептелді. Ал орыс әдебиетінде Бальмонт, Хлебников, Маяковскийлердің тәжірибелері өлеңнің мазмұны мен формасын түбегейлі өзгертіп, ақ өлеңнің теориялық негізін бекіте түскен сияқты. Сондықтан да болар, қазір жастар жазған ақ өлеңнің кейбірі аударма өлең секілді әсер қалдырады. Ақ өлең қазақ өлеңінің топырағына әлі жерсініп, бозжусан болмысымен бітісіп кете қоймады. Ақ өлеңнің ырғағын тап басып тану қиын. Оның үстіне қазақ әдебиеттануында қалай десек те, верлибр табиғаты аз зерттелді, қазіргі қазақ поэзиясындағы ақ өлеңнің өзіне тән сипаттары, қосқан жаңалығы мен жанрлық ерекшелігі өлеңтанулық тұрғыда нақты анықтала қойған жоқ. Сол себепті де дәл осы тақырып төңірегінде үнемі дау туып жатады.
Қазіргі поэзияда өлеңнің жас ақындар жасаған жаңа үлгілері соңғы кездері тіпті үдей түсті. Қолына қалам ұстап, жазуға талпынған, соның ішінде поэзияны серік еткен жастың бір парасы верлибр немесе ақ өлең жазуға талпынады. Әрине, шығармашылықта шекара, қалып пен таптаурын болмасы анық. Өнер дегеннің өзі де шексіздік емес пе? Дегенмен «сұлу сөздердің» тізбегіне, ұйқассыз жазылған өлеңнің бәріне «ақ өлең» деп ат қойып, айдар тағуға болмайтыны тағы бар. Осы орайда сонда ақ өлеңнің қуаты мен құдіреті неде, верлибр жанрын қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңалық пен құбылысқа балай аламыз ба деген ой туады. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға ақын Бауыржан Әлқожа, Абзал Сүлеймен, Батырхан Сәрсенхан мен Мехриддин Өтегенов қатысты.
Ж.А: Соңғы жылдары ақ өлеңшілердің қарасы көбейді. Осыған не себеп? Бір қарасаң, бұл қалыпты ережеден бас тартудың, классикалық дәстүрден бойын аулақ салудың бір амалы ма деп қаласың. Сіз не айтар едіңіз?

Б.Ә: Әрине, соңғы уақытта ақ өлең жазатын жастардың қатары көбейгені рас. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс іспетті дүние ғой. Дегенмен кезінде қара өлеңнің қабырғасын қаусатамын деген ағаларымыз да болған, бірақ бүгінде әдеби орталарда сол кісілердің есімі көп атала да бермейді. Сондықтан менің ойымша, топырақтан, дәстүрден ажырамаған да дұрыс сияқты. Қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушановтың Фариза апамызға арнаған өлеңі бар ғой. Сонда
«Ойла, бала, ойлан, бала, ойлан деп,
Уақыт тұр қарнын сипап, тойған боп.
Ертпей кетті жаңа ағындар жаныққан,
Ерейін деп мен елпілдей қойғам жоқ», –
деп жырлайды Есағаң. Шынымен де қара өлең қалай десек те, кез келген ақынның қазығы болуға тиіс. Күллі қазақ поэзиясының қуат-қайраты да, бүкіл нәрі мен сөлі де осы қара өлеңде жатыр деп ойлаймын. Жаңа деп жанығып жүргендер түбінде қара өлеңге қайтады деп нық сеніммен айта аламын. Қазақ болмысына қара өлең біте қайнасып, әбден сіңіп кеткен. Өзінің көркем формасы, образдылығымен халықтың күллі тұрмыс-тіршілігінде, тұтас ғұмыры мен тарихында жатыр. Өлеңдегі образ бен ой әлбетте адамның ішкі күйі, жан-жүйке, сезім толқындарымен тұтасып жатады емес пе? Ұйқас пен ырғақ, шумақ пен бунақ та адам жанының әр тынысынан, үні мен үзілісінен хабар береді, сол себепті де оқырманды тебірентпей, толғамай қоймайды. Өлеңнің әр ырғағы мен бунағында жатқан сыр әр кеуде мен жүректе күмбір қағып, өзінің құпия әрі тылсым әлеміне де тартып кететіні сондықтан. Жалпы қара өлең қазақ ғұмырымен, болмысымен біте қайнасып жатқаны үшін де құнды. Сол себепті мәңгі жасап келеді, жасай бермек.

А.С: Поэзияны екіге қақ бөліп қарауды доғару керек. Екі түрлі жазатындарды екіге, үш түрлісін үшке жіктеп, бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Жазып жүргендердің өзінен ондай байқамадым. Сондықтан оған үрке қарап, «ақ өлеңші» деп мазақ қылғандай айту әбестік. Сұрақтың өзіне келсек, ішінара өзіңіз де жауап бердіңіз деп ойлаймын. Бұл қалыпты ережеден бас тарту, алға жылжу, формадан мәнді биік қою, жаңа форма іздеу, тереңдегеннің үстіне тереңдей беруге талпыныс, ұмтылыс деп түсінемін. «Дәстүрден бойын аулақ ұстау» деп қалдыңыз, мұны дәстүрден емес, дәстүрлі жазу стилінен дегеніміз дұрысырақ болады. Жаңашыл жастардың ішінде өз дәстүрін жаңаша призмамен көрсететін ақындар да көп. Сондықтан оларды үзілді-кесілді ұлттан «шығарып» жіберуге болмайды.
Б.С: Поэзияда әртүрлі мектептердің болуы заңды. Оның үстіне, ақ өлең қазаққа жат құбылыс емес. Жалпы, әлемде ақ өлеңнің даңқын шарықтатқан алғашқының бірі – Уолт Уитмен. Інжіл сарындас «Шөп жапырақтарымен» Америка ақыл-ойына төңкеріс жасап, өзге елдер поэзиясына әсер етті. Онан соң Францияда Адре Бретон манифесін жазған сюрреалистер, Түркияда Орхан Уәли, Иранда Нима Юшидж, Өзбекстанда Рауф Парфи сынды алғадай ақындар өз ұлтының ақыл-ойына жаңа арна, рухына тың еркіндік қосты. Әлі атауы жоқ ұғымдар мен өзгеше түсініктерге есім берді, жаңа сөздер ойлап тапты. Жалпы, нағыз ақынның сипаты осы – ұлттың ойлау көкжиегін жаңа деңгейге көтеру деп ойлаймын.
«Сән кетеді, стиль қалады» деген сөз бар. Бізде ақ өлеңді сән деңгейінде жазып жүргендер басым. Ал стиль деңгейіне көтере алған кімдер бар десе, Тоқтарәлі Таңжарықты атар едім. Қоғам рухани өссе, болашақта оның поэзиясына жаңаша баға беріледі деп сенемін.
М.Ө: Қазір айналаға қарасаңыз, барлығы шашырап жатыр. Уақыт та, қоғам да, тіл де. Бұрынғыдай буынға тізілген тәртіп жоқ. Қазақ өлеңінің классикалық формасы домбыраның құлақ күйіндей, бірде-бір пернесі бос қалмайды. Ол негізі мықты дәстүр. Бірақ бүгінгі жас үшін қара өлең қоғам мен заман шындығын толық жеткізуші құрал емес. Өйткені заманның өзі қазір хаос. Жастар сол хаосты тура күйінде, айна қатесіз жеткізгісі келеді. Оларға дәстүрлі ұйқас қалыбы тарлық етеді. Меніңше, сол себепті жастардың ақ өлеңге бой түзегені түсінерлік жайт. Ақ өлең дегеннің өзі де меніңше формасыз форма. Ол өлшемсіз сияқты көрінеді, бірақ іштей өлшемге бағынып тұрады. Әр жолдың тынысы бар. Әр сөздің салмағы бар.
Мен үшін өлең ойдың акустикалық көлеңкесі іспетті. Егер ойың еркін болса, неге оны 11 буынға қамап тастау керек? Сондықтан жастардың ақ өлеңге бетбұрыс жасауы қалыпты құбылыс сияқты. Бұны жастыққа тән талпыныс деп қараған жөн шығар. Байқасам, уақыт өте келе ақ өлеңді қолға алған ақындардың бір бөлігі қайтадан түптің түбінде классикалық қара өлеңге оралады. Өйткені кез келген еркіндіктің әйтеуір бір шегі болады.
Ақ өлең жазамын деген жас алдымен дәстүрді меңгеруі тиіс. Бұл жерде «дәстүрден қашып жатыр» деу үстірт болар еді. Керісінше, дәстүрдің шекарасын кеңейтіп, жаңа ізденістерге бет бұру деп қабылдаған жөн шығар. Бірақ шын ізденуші үшін ақ өлең еркіндік, жаңа тыныс. Ол тұншықпау үшін жазады. Баяғы өлең құрылымының берік тәртібіне қарсы қойылатын жеке анархиясы. Ақ өлең – сол анархияның поэтикалық түрі.
Ж.А: Әрине, поэзияны қандай да бір қалыпқа салып қоюға тағы болмайды. Дегенмен ұйқассыз, әдемі сөздерді құрастырып жазған дүниенің бәрін ақ өлең деп атай алмаймыз ғой. Жалпы ақ өлеңнің қандай да бір өлшемі, ішкі ырғағы, өзіне сай еркіндігі болатын шығар. Осы жайлы ой тарқатсақ. Сонда ақ өлеңнің қуаты неде?
Б.Ә: Ғалым А.Ісімақова: «Ақ өлең – силлабикалык және силлабо-тоникалық өлең жүйесіндегі ұйқассыз Еуропа халықтарының поэтикалық жадында «ақ» сөзінің «белгісіз, аяқталмаған, толықтырылмаған» деген ұғымдардың семантикалық эквиваленті ретінде қолданылуына байланысты», – дейді. Бұдан ақ өлеңнің піспеген шикілі дүние екенін аңғаруға болады. Еуропада «ақ өлең» XVI ғасырда ұйқассыз антикалық поэзияда еліктеу әсерімен қайта жаңғыртылған. Әуелде драмалық, эпикалыө жанрларда пайдаланылған ақ өлең кейіннен романтикалық элегияның, лирикалық еркін өлеңнің өлшеміне айналды. Қара өлеңмен де ойдың ағынын еркін жеткізуге болады. Сондықтан ақ өлең өткінші жаңбыр сияқты уақытша құбылыс деп ойлаймын.
А.С: Әлбетте, ұйқасып тұрғанның бәрі өлең бола бермейтіндей, «ұйқассыздарының» да бәрі өлең емес. Қара сөзді жаңа жолдан бастап жаза беретіндер де бар ғой. Жалпы жаңа поэзияда «ішкі ұйқас», ырғақ, шығармашылық қуат секілді кәдімгі поэзияға тән қасиет ешқайда ұшып кетпеді. Себебі поэзияның өзі соған құралған. Оның қуаты поэтикасы мен тереңдігінде. «Ұйқассыз» жазудың қиындығы да сонда. Оған басы артық сөз қосып, өтірік иірім жасап, жасанды әдеби әдістерге бара алмайсың. Себебі оны ақтап алатын ұйқас жоқ. Бұл жерде таза поэзия, таза поэтикалық күш қана бар.

Б.С: Ақ өлеңнің қуаты – ішкі ырғағында, мазмұнында, рухында, ойлау өрісінің кеңдігінде. Уитменнің жырларын оқысаң, биік қуаты мен еркін рухынан миың жарылып кете жаздайды. Элюармен бірге басқа кеңістікке өтесің, ал Рауф Парфи – түркі поэзиясының бүгінгі биіктерінің бірі.
М.Ө: Ақ өлең, әрине, басыбайлы өлшемнен, жасанды ұйқастан азат болғанымен, мүлде ретсіз дүние емес. Атап өткенімдей, оның өз ырғағы, өз тынысы бар. Ақ өлеңнің қуаты еркіндігінде ғана деген үстірт пікір болар еді, анығында, дәлдігінде дер едім. Кейде ұйқас сөзді бұғаулап, ойды басқа арнаға бұрып әкетеді. Ал ақ өлең ойдың еркін өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Әрине, ең үлкен қуаты еркіндігінде. Ақынға жалған сөзді жамап, ұйқас қуып, әуреленудің қажеті жоқ. Айтар ойың мен сезіміңді оқырманға ешқандай қалыпқа салмай ұсына аласың. Тағы бір артықшылығы – ақ өлеңде күтпеген бұрылыстар бар. Классикалық үлгідегідей «келесі жол қалай аяқталатынын» болжай алмайсың. Сол себепті де оқырман әр жолды ерекше тыңдайды.
Ж.А: Ақ өлең өзінің түп бастауын ежелгі әдебиеттен алады дейді зерттеушілер. Жалпы ақ өлеңді, верлибрді қазіргі қазақ поэзиясындағы құбылысқа, жаңалыққа балай аламыз ба? Бұл жанр бүгінге дейін өзін толықтай мойындата алды ма?
Б.Ә: Ақ өлеңдегі ұйқассыздық, ырғақсыз жазу оны өлең қатарынан сызып тастау да кәдік. Сондықтан бұл жанр өзінің ұйқас қоры мол төл поэзиямызға түбегейлі сіңіп кете алмаған немесе табиғатына үйлесе алмаған жанр деп толыққанды айтуға болады. Сол себепті де ақ өлеңді қазақ поэзиясындағы құбылысқа не жаңалыққа да балауға болмайтын сияқты.
А.С: Кез келген нәрсе бастауын ежелден алады. Сондай бір қызық заңдылық бар. «Ақ өлеңді» жаңалық деп қабылдауға әбден болады. Тырнақшаға алған себебім, бұл терминнің қайдан пайда болғанын білмеймін. Олай айту дұрыс па, бұрыс па, оны да білмеймін. Бұл құбылыс қазақ поэзиясындағы жаңалық екені сөзсіз. Мысалы, біздің сұхбат соған дәлел деп ойлаймын. Жаңалық болмаса бұл туралы жазылар ма еді? Бір қызығы, әр жылы, әртүрлі басылым дәл осы сұрақтарды қояды. Нешінші рет жауап беріп жатқаным есімде жоқ. Дегенмен бұл «құбылыстың» жарқ етіп шығып, ел жағасын ұстап, үркіп, лағынет айтқан уақыты өтіп кетті. Енді ол өзінің қалыпты жағдайында тынық ағып келеді. Ізденістегі ақындардың саны артты, поэзия тек эмоция емес, тереңдікті қажет ететінін түсінді. Оған шығармашылық қуат пен түйсіктің ұштасатынын, оны басқа формада бұзып алмай жеткізуге болатынын ұқты. Бұны жек көрсек те, бізбен бірге жүретініне мойынсыну керек. Тіпті алды студенттердің, ғалымдардың ғылыми, дипломдық, курстық жұмыстарында зерттеліп де жатыр. Жаңалық болған соң айтылады, жазылады, зерттеледі. Әлі күнге дейін талқыланып жатқанына да куәміз. Қазақ поэзиясы өзгеріп келеді. Қуану керек. Әдебиеттің құшағы кең және әрқайсысы өз оқырманын таба алады. Сол кең кеңістікті тарылта бермегеніміз абзал. Шығармашылық бұл 10-ақ адам сиятын бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы емес қой. «Құрамаға» кіру үшін аға-көке іздеп шаршамайсың. Бірақ бұған да күмәнмен қарауға болады...
Б.С: Үлгі бар, бірақ бүгінгі оқырман, қазіргі қоғам оны қабылдап, баға беретін деңгейде емес.Көп қалам ұстағандар эпигонмен айналысып жүр әрі солардың қолдаушылары мол.

М.Ө: Ақ өлеңнің түп бастауы ежелгі дәуір әдебиетінде жатқаны екені рас. Ежелгі жыраулардың толғауларын қарасаңыз да қатаң өлшемге бағынбағанын байқайсыз. Сондықтан верлибрді сырттан енген жасанды құбылыс деуден гөрі, қазақ дүниетанымында бар дүние деп алып қарауға болады.
Өзін толық мойындата алды ма десек, әзірге ішінара деп айтушы едім. Қазақ әдебиетінде верлибрге біржолата ден қойған ақындар бар. Дәстүрлі ырғақ пен ұйқастың темір қорғанын толық бұза алған жоқ. Қазір жекелеген талантты ақ өлең жазушылар бар, бірақ тұтас дәстүрді өзгертіп жіберер деңгейге жеткен жоқ. Дегенмен құбылыс ретінде орнығып алғаны да рас. Бүгінде ақ өлең поэзияның арнасынан бөлек ағып жатқан бұлақ емес, соның ішіндегі бір тармаққа айналды десек те болады.
Ж.А: Қазақ өлеңіндегі дәстүрлі буын мен ұйқас жүйесі сан ғасырлар бойы ұлт поэзиясының темірқазығы болып келгені рас. Қазақ оқырманы, соның ішінде қазіргі қазақ оқырманы ақ өлеңді түсіне ме?
А.С: Қазақ өлеңіндегі дәстүрлі буын мен ұйқас жүйесі деген бір форма емес екенін түсінуіміз керек. Қазіргі біздің «дәстүрлі» деп айтып жүрген өлең формасына «сан» емес, бірнеше ғасыр ғана болады. Оған дейін зар заман ақындарының, жыраулардың, айтыстың, қара өлең формасы қалыптасты. Осыған қарап-ақ өлеңнің өзгеретіні көрініп тұр. Оқырманның сұранысы да сол болмақ. Қазіргі оқырман түсінбейді деп айта алмаймын. Оған мен өз өмірімнен мысал келтіре аламын. Қазір мен үлкен қаладан алыстап, шалғайдағы ауданда, шағын қалашықта өмір сүремін. Сол жерде ара-тұра жасы үлкен кісілердің келіп, «ақ өлеңді» талдап, оқығандағы сезімін, түйсігін, өз түсінігін айтып кетіп жатады. Мұндай мысалдар көп және олардың поэзияға деген көзқарасына кейде өзің де таңғаласың. Себебі жаңа нәрсені «ұстап» көріп, одан ләззат алу, ойға шому шығармашылықты жаны сүйетін оқырман үшін ол да бір ғажап дүние.
Жоғарыда айтып өткенімдей, шығармашылықтың кеңістігі кең. Оқырманға талас жоқ деп ойлаймын. Бір оқырман бірнеше, ондаған, тіпті жүздеген жазушының шығармашылығына ынтық болуы мүмкін. Сондықтан оқырманды да қызғанбаған абзал. Оқырманның санасы биік, сондықтан мен ешқашан «олар» түсінбейді деп ойлап көрмеппін.
Б.С: Жоғарыда айттым, қоғамдағы адамдардың көбі жеңілге бейім. Шекспирдің пьесалары қойылса, арнайы іздеп баратын қазақ бар ма, жоқ па, білмеймін. Иранда Нима Юшидж алғаш ақ өлең жазғанда, басында қарсылыққа ұшырағанмен, кейін бәрі соны қабылдады. Қоғамның ойы өсті. Ал біздің ақыл-ойымыз француздар секілді философиядан гөрі романтикаға жақын көрінеді. Өткенде Түркістанға барғанымда бір кісі «бәрі өзімізде бар, бізге әлем қаламгерлері не керек» деген ой айтты. Бұл, былайша айтқанда, «ауылбайский» әңгіме. Біздің адамгершілік, моральдық ұстындарымыз мықты екенінде дау жоқ, бірақ біз рухани, мәдени тұрғыда әлі пісіп жетілген жоқпыз. Егер Шекспир, Мильтон, Гете, Байрон, Пушкин, Ницше, Руссо, Вольтерлерді оқыса, көп қазақ өзінің ескі өміріне өкінер еді.
М.Ө: Иә, қара өлең, қалыпты дәстүр санамызға әбден сіңгендіктен, көп оқырман өлең, поэзия дегеннің өзін де алдымен дыбыстық үйлесім арқылы қабылдайды. «Ұйқасы жоқ өлең – өлең емес» деген түсінік әлі бар.
Дегенмен жаңа буын оқырманы өзгеріп келе жатқан сияқты. Ақпараттық дәуірдегі оқырман ұйқастан гөрі ойдың өткірлігіне, сөздің құдіретіне көбірек мән береді. Жастар арасында ақ өлеңді түсінуге, қабылдауға дайын, ашық буын қалыптасып жатыр. Бірақ бұқаралық деңгейде ақ өлең әлі толық мойындалып үлгерген жоқ. Сондықтан ақ өлең қазақ поэзиясында енді-енді мойындалып келеді. Ең бастысы, процесс жүріп жатыр. Бір жағынан, дәстүрлі қара өлеңмен қатар жүріп келе жатса, екінші жағынан, жаңа оқырманды тәрбиелеп жатыр.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ