Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Ақ үй мен Кремльдің арасы: Тоқаевтың Мәскеу сапары

Тоқаев пен Путин
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қараша күндері Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды. Осы сапардың басында-ақ қоғам назарын аударған бір жайт болды Мәскеу әуежайында Тоқаевты Ресей президентінің өзі емес, премьер-министрдің орынбасары Денис Мантуров қарсы алды. Әдетте мемлекеттік сапар ең жоғары дәрежедегі сапар саналатынын ескерсек, мұндай протоколды қадам түрлі болжамдар туғызды.

Кей сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды Кремльдің Тоқаевқа көрсеткен суық қабағы немесе оның жақында Ақ үй басшысымен кездесуінен кейінгі қыр көрсетуі ретінде бағалап жатыр.

Кремльдің ишарасы қандай?

Өткен жылдың қарашасында Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде, оны әуежайдан Тоқаевтың өзі қарсы алған еді. Сол жолы елорда аспанында әскери ұшақ Ресей туының ақ, көк, қызыл жолақтарын бейнелеп ұшып, балалар қос елдің жалауларын желбіретіп тұрды. Путин мұндай ерекше салтанатты қошеметке ризашылығын білдіріп, «бұндай сән-салтанат үйреншікті емес екен» деп таңданысын жасырмады. Ал Мәскеудегі қазіргі сапарда ресейлік тарап протоколды барынша ресми түрде сақтағанмен, Путиннің өзі әуежайға бармауды жөн көрген.

Ресми түсініктемеге жүгінсек, мұнда дипломатиялық хаттаманың өз тәртібі бар. Мәселен, Қазақстанда 2019 жылы Тоқаевтың алғашқы Мәскеу сапары кезінде ресми тұлғалар «бейресми не ресми сапарлар кезінде әуежайда әрдайым мемлекет басшысы қарсы ала бермейді, ол көбіне хаттама қызметі жетекшілері немесе тиісті лауазымды тұлғалар міндеті, ал мемлекеттік сапарларда ғана мемлекет басшылары бірін-бірі қарсы алады» деп түсіндірген. Алайда бұл жолғы сапар дәрежесі ең жоғары – мемлекеттік сапар деңгейінде болғандықтан, көпшілік Путиннің өзі шығады деп күтті. Сондықтан кейбір бақылаушылар мұны Кремльдің қасақана сақтық танытып, Тоқаевқа бұрынғыдай айрықша құрмет көрсетпеуі деп болжайды. Әсіресе Тоқаевтың дәл осы сапар қарсаңында Вашингтонда АҚШ президентімен кездесуі Мәскеуге жақпаған болуы мүмкін деген пікірлер бар.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Дегенмен ресми мәліметтерге сүйенсек, Тоқаев Мәскеуде cалтанатпен қарсы алынған – әскери қарауыл мен оркестр сап түзеп, қос елдің әнұрандары ойналған. Тіпті Мәскеу көшелерінде «Қазақстан Республикасының Президенті жоғары мәртебелі Тоқаев мырза, қош келдіңіз!» деген мазмұндағы баннерлер ілінді. Кремльде өткен бейресми жүздесудің басында Тоқаев Путинге қонақжай қабылдауы үшін алғыс айтып, «Мәскеуге келген алғашқы минуттардан-ақ ерекше ықыласты, жылы қабылдау көрсетілді» деп атап өтті. Бұл мәлімдеме Қазақстан тарапынан ресми деңгейде қабылдауға көңілі толатынын аңғартқандай болды.

Бөріхан Нұрмұхамед
Фото: ашық дереккөз

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов те Тоқаевты Кремль қажетті деңгейде қарсы алды деп санайды. Оның айтуынша, Ресей бұл кездесуге барынша дайындалған.

«Әр мемлекеттің өз жол-жоралғысы болады. Сондықтан «біз қарсы алған едік, олар неге әуежайдан күтіп алмады» деудің қажеті жоқ. Оның үстіне Ресейде санкциялар бар, әлеуметтік желілерге тыйым бар. Сондықтан ақпарат кешігіп жатыр деп есептеймін. Меніңше, бәрі дұрыс. Кеше 2,5 сағаттық бейресми кездесу өткізді. Путин Тоқаевқа қыр көрсететін болса, соншама уақыт сөйлеспейді деп ойлаймын. Мәскеу қазіргі жағдайда Қазақстанның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Себебі барлық қарым-қатынас пен транзит біздің ел арқылы өтіп жатыр. Егер кей адамдар мұны сөз етіп талқыласа, ол сол адамдардың жеке пікірі деп санаймын», – дейді саясаттанушы.

11 қарашаның кешінде Кремльде Путин мен Тоқаев жүзбе-жүз шағын форматта жолығып, ресейлік тарап Қазақстан президентіне арнайы «бейресми кешкі шай» ұйымдастырғаны айтылды. Путин сол жерде «бүгін бейресми жағдайда барлық маңызды мәселелерді талқылап аламыз, ал ертең делегациялар қосылып, екіжақты қатынастың күн тәртібін толық қамтимыз», – деп сөз сөйледі. Бұл Путиннің Тоқаевты алғашқы күннен-ақ емен-жарқын әңгімеге тартып, екінші күні ресми келіссөздерді жалғастыруға дайын екенінің белгісі. Тоқаев та жоғары деңгейдегі қабылдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасында шешілмейтін түйткіл жоғын, арагідік туындайтын мәселелер болса, оларды мемлекет басшылары тікелей өзі немесе үкіметтер деңгейінде шешіп отыратынын мәлімдеді.

Тоқаев пен Путин
Фото: Ақорда

Энергетика және санкциялар қаупі

Тоқаев пен Путиннің Мәскеудегі келіссөздерінің негізгі күн тәртібі екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең спектрін қамтиды. Энергетика саласы айрықша назарда болады. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, президенттер газ саласындағы бірлескен жобаларды және АҚШ тарапынан ресейлік мұнай компанияларына салынған санкциялардың салдарын талқылауға ниетті. АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату мақсатында қысым күшейтіп, өткен айда Ресейдің ірі мұнай кәсіпорындары «Лукойл» мен «Роснефть» компанияларына жаңа санкциялар енгізді. Бұл компаниялардың Қазақстан экономикасында да үлесі бар – «Лукойл» Қазақстандағы «Теңіз» және «Қарашығанақ» тәрізді ірі мұнай-газ кен орындарына үлестес инвестиция салған. Ал Қазақстан өз мұнайының басым бөлігін Ресей аумағы арқылы, Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) құбыр желісі арқылы экспорттайды. Демек, Ресейге қарсы санкциялар жанама түрде болса да Қазақстанның энергетикалық мүдделеріне әсер етуі мүмкін.

АҚШ пен Еуропа одағы Мәскеуге қарсы санкциялық қысымды күшейтіп жатқан тұста, Астана үшін осындай жоғары деңгейлі кездесулер белгілі бір тәуекелдерді де ала келеді. Қазақстан өз территориясында санкцияларды айналып өтуге жол бермейтінін бірнеше рет мәлімдегенімен, Батыс елдері Орта Азия арқылы Ресейге технологиялар мен өнімдер тасымалдануы мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, таяуда ғана Еуроодақтың 19-шы санкциялар пакетіне ТМД елдеріндегі кейбір қаржы құрылымдары ілікті. Оның ішінде Қазақстандағы ВТБ банкінің еншілес құрылымы да бар, сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстандағы бірқатар банктер қара тізімге енгізілді. Бұл оқиға Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан елдер үшін ескерту іспетті, санкциялық талаптарды айналып өтетін әрекеттерге жол берсе, өздері де экономикалық шектеуге ұшырауы мүмкін.

Сонымен қатар Вашингтон Мәскеу мен оның серіктеріне қысымды арттырған сайын, Қазақстан сияқты елдерге геосаяси таңдау жасау талабы да күшеюі ықтимал. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда Астана санкциялық режимнің қатаң шараларына ілікпей, Ресеймен экономикалық байланысын үзіп алмай, сөйте тұра Батыспен де қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысып бақты. Тоқаев пен Путин кездесуі барысында АҚШ санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалы да жанама талқыланған болуы мүмкін.

Қазақстан билігінің Мәскеумен тығыз диалогты жалғастыруын сарапшылар көбіне экономикалық прагматизммен байланыстырады. Географиялық тұрғыда ең ұзын құрлық шекарасы, тарихи-экономикалық байланыстары бар екі ел үшін өзара сауда мен инвестициялық әріптестікті үзу мүмкін емес те шығар. Сосын Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 28 млрд доллардан асып, Ресей Қазақстанның ең ірі импорт көзіне және Қытай мен Италиядан кейінгі үшінші экспорт нарығына айналды. Қазақстан тұтыну нарығы көптеген тауар бойынша Ресей импортына тәуелді, сондай-ақ Қазақстаннан Ресейге металдар, астық өнімдері, азық-түлік экспорты тұрақты жүріп жатыр.

Расул Рысмамбетов
Фото: ашық дереккөз

«Жас Алаш» қазіргі кездесуге байланысты қаржыгер Расул Рысмамбетовке бірнеше сауал қойды. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияны күшейтіп жатқанда Қазақстанның осындай кездесуге баруы ешқандай қауіп тудырмайды. Елімізге санкция қаупі жоқ. Себебі Трамп та, басқа елдер де Путинмен кездеседі.

Ал «бұл кездесуді «экономикалық прагматизм» тұрғысынан қарауға бола ма?» деген сұрағымызға қаржыгер былай жауап берді:

«Ресей біздің көршіміз. Ресейдің АҚШ, Еуропа және басқа елдермен импортқа байланысты келіссөзі Қазақстан аумағында өтеді. Бұл прагматизм емес, реализм. Ресеймен біздің 7 мыңнан астам шақырым шекарамыз жатыр. 200 жылдан бері көршіміз, сауда-саттық қарым-қатынасы бар. Иә, біз Ресей нарығын сақтап қалғымыз келеді. Оның үстіне ресейлік көптеген кәсіпорын қазақстандықтарға тиесілі, бізде ресейлік компаниялардың акциялары бар. Оларда да біздің компаниялардың акциялары бар. Біз Ресейге қару жеткізіп берумен айналыспаймыз, санкция ережелерін сақтаймыз. Егер Ресейге салынған санкция 30 жыл болса, онда қауіптенуге болады. Көптеген Еуропа компаниялары әлі де Ресейде табысты жұмыс істеп келеді».

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Сайын Борбасов, саясаттанушы: Ресей ішінде қыжыл бар екенін көрсеткендей болды

– Негізі Путиннің басқа ел президенттерін әуежайдан күтіп алмайды деген протокол жоқ деп ойлаймын. Мемлекеттік сапар болғаннан кейін тым болмаса, Мишустиннің өзі қарсы алғаны дұрыс еді. Сондықтан Ресей тарабы іштерінде қыжыл бар екенін көрсеткендей болды. Алайда әскери тікұшақтармен шекарадан қарсы алып, көшесіне қазақ туын іліп, құрмет көрсетті. Біз АҚШ-пен де, Қытаймен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Саясатымыз солай. Тоқаевтың АҚШ-қа барып 17 млрд долларлық келіссөз жүргізіп келгеніне Кремль ренжімеуі керек. Сондықтан премьер-орынбасарының бір елдің президентін қарсы алғаны дұрыс емес.

Саясат деген күрделі қарым-қатынастан тұрады. Демек, сыртқы саясатта Ресейге басымдық берсе таңғалмауымыз керек. Қаншама ресейлік компаниялар бізде жұмыс істейді. Ортақ шекарамыз анау. Кейде «Ресейге неге қарсы шықпаймыз?» деген пікірлерді оқып қаламын. Егер Ресеймен қарым-қатынасымыз ушығып кетсе, біздің жағдайымыз тіпті қиындап кетеді. Экономикамыз тұрақсыз, халықтың әл-ауқаты нашар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», экономикамыз шиеленісіп, сауда тоқтап, Ресеймен алауыз болып жатсақ, Қазақстанның ішкі жағдайы нашарлайды. Қазақстан – Украина емес. Бізге көмек беретін ірі мемлекеттер де жоқ. Қытай көмегін сатып береді, өзіне кіріптар етеді. «Аузы күйген, үріп ішеді» деп, Ресеймен қарым-қатынасты үнемі бақылап отыруымыз қажет. Оның үстіне Ресей Орта Азиядағы ықпалын жоғалтып келе жатыр. Украинадағы соғыс Ресейдің артын ашты. Ресейде дағдарыс, билікте ұзақ отырған адам елді жарға жығады. Авторитарлық жүйенің соңы сол.

Тоқаев пен Трамп
Фото: Ақорда

Ақ үйдің сәлемі

Тоқаевтың Мәскеуге сапарына қатысты қызықты жайттың бірі – оның бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамппен жүздесуі. Вашингтонда өткен Орта Азия лидерлерінің саммитінде Тоқаев пен өзге де ел басшылары Ақ үй қожайынымен тікелей келіссөз жүргізді. Осы кездесуде талқыланған мәселелердің кейбірі Мәскеуге де қатысы болуы ықтимал. Сарапшылар «Тоқаев Трамптың бір сәлемін немесе хабарын Путинге жеткізуі мүмкін» дегенді айтады. Кремльдің өзі мұны жоққа шығармайды. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Тоқаевпен Вашингтондағы әңгімелердің мән-жайын естуге құмар екенін ашық айтты. «Егер Қазақстан президенті Вашингтондағы байланыстарының мазмұны туралы біздің президентті хабардар етуді қажет деп тапса, ресейлік тарап үшін өте қызықты болмақ», – деді Песков. Бұл сөзінен Кремльдің Орта Азия басшылары мен Трамп арасындағы талқылауларға айрықша назар аударып отырғаны аңғарылады.

Расымен де, Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас қазір күрделі күйде, байланыс арналары шектеулі. Мұндай кезде екі жақтың да жанама ақпарат алмасу мүмкіндіктерін іздеуі заңды. Қазақстан – бірнеше рет әлемдік оқиғаларға байланысты араағайындық қызмет атқаруға талпынған мемлекет. Осы жолы да Вашингтон саммитінде Трамп тарапынан қандай да бір ұсыныстар не хабарламалар айтылған болса, оны Тоқаевтың Путинге жеткізу ықтималдығы бар. Алайда Тоқаевтың Трамптың тікелей сәлемін жеткізуі екіталай. Керісінше, ол Вашингтонда талқыланған өңірлік ынтымақтастық бастамалары, энергетика немесе санкция мәселелеріндегі ұстанымдар туралы жалпы сипатта бөлісуі мүмкін. Мысалы, АҚШ әкімшілігі Ресейдің ықпалын тежеу үшін Орта Азияға инвестиция құюға, жаңа жобалар ұсынуға әзір екенін айтқан болса, оның егжей-тегжейі Мәскеу үшін маңызды ақпарат болар еді. Сондай-ақ Украина дағдарысы бойынша АҚШ тарапының ұстанымын Орта Азия елдеріне жеткізгені белгілі, оны да Путин назардан тыс қалдырғысы келмейтіні анық. Бұған қоса, Трамп әкімшілігінің соңғы айларда Ресейге қатысты санкциялық қысымды күшейтуі – Мәскеуге деген талаптарын арттыру стратегиясы екені белгілі. Осы тұрғыда Тоқаев ресейлік әріптесіне Вашингтонның Ресейге қатысты алдағы жоспары немесе ниеттері жайында болжамды пікір айтуы да ықтимал.

P.S. 12 қарашада кездесу ресми сипатқа ауысты. Путин мен Тоқаев Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияны қабылдады. Құжатқа қол қою рәсімі Кремльдегі келіссөздерден кейін өтті. Тоқаев Путинді 2026 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды, Ресей президенті келісімін берді. Бұдан бөлек, Тоқаев бейнебайланыс форматында Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты.

Тұрсынбек БАШАР