Ақ үйде Газа мәселесіне арналған кездесу өтеді — Уиткофф

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ақ үйде Газа мәселесіне байланысты үлкен жиынға төрағалық етеді. Бұл туралы президенттің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, ресми Вашингтон Израильдің Газаға жасап отырған соғысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп үміттеніп отыр.
«Ертең Ақ үйде президент төрағалығымен үлкен жиынымыз бар, біз келесі күнге кең ауқымды жоспар дайындап жатырмыз», – деді Уиткофф. Бірақ ол мәжілістің мазмұны мен қатысушыларын нақтылаған жоқ.
Уиткоффтың айтуынша, Израиль де, ХАМАС та келіссөздер жүргізуге ашық екенін білдірген. АҚШ өкілі қақтығысты шешудің жолдары бар екенін, жыл соңына дейін мәселе біржола қаралатынын айтты.
Сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонда Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саармен кездесетінін мәлімдеді.
Reuters-тің еске салуынша, Трамп 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде де, қаңтарда қызметіне кіріскен соң да Газадағы соғысты тез аяқтауға уәде берген. Алайда жеті ай өтсе де, бұл мақсат орындалған жоқ.
Трамп президенттігін Газадағы бітімнен бастаған еді, бірақ ол екі айға ғана созылды. 18 наурыз күні Израильдің әуе шабуылы кезінде 400-ге жуық палестиналық қаза тауып, бітім үзілді.
Соңғы апталарда аштықтан қиналып жатқан палестиналық балалардың суреттері әлемдік қоғамды дүр сілкіндірді. Израильге деген сын күшейді.
25 тамызда Израиль армиясының ауруханаға жасаған соққысы салдарынан 21 адам, соның ішінде халықаралық БАҚ-тың алты қызметкері қаза болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл оқиғаны «қайғылы қателік» деп атады. Ал Трамп бұдан хабарсыз болғанын айтып, «Газа жағдайы екі-үш аптада жақсарады» деді. Халықаралық ұйымдар мен Еуропа лидерлері бұл соққыға қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті.
2023 жылдың қазанынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдары 62 мыңнан астам палестиналықтың өмірін қиды. Аштық дағдарысы ушығып, тұрғындардың басым бөлігі ішкі босқынға айналды. Бұл жағдай Израильге қатысты халықаралық соттарда геноцид пен соғыс қылмыстары жөнінде айып тағуға негіз болып отыр.
Өз кезегінде Израиль ішінде де жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр. Азаматтар тұтқындардың босатылуын және соғыстың тоқтатылуын талап етіп жатыр.