Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:31, 27 Наурыз 2024

«Ақ жолды» ыдыратқан «бас кейіпкер» өткенді қаралауға көшті

Әлихан Бәйменов
Фото: из открытых источников

Ә.Бәйменовтің осы ФБ желісінде жүрген сұхбатынан кейін осыны жазуға отырдым. Ол сол кезде айналасында бірге жұмыс жасаған азаматтарды қаралауға көшіпті. Алтынбек Сәрсенбайұлының көзі жоқ екен деп бұлай бөсуге бола ма?

2001 жылы наурызда «Ақ жол» демократиялық партиясы дүниеге келді. Партияның бағдарламасы бірден халықтың қолдауына ие болды. Барлық жерде қарапайым халықтан бастап зиялы қауым, тіптен билік өкілдеріне дейін партияға жаппай мүшелікке өте бастады.

Билік «Ақ жолдың» барлық деңгейде бұқаралық сипат алып бара жатқанынан қатты шошынды. Тарихқа үңілсек, қай кезде де ішкі күштердің ара салмағын есепке алу жағын ойластыра білмегендіктен, саяси ағымдардың ішкі істерінде қараулық жиі туындап отырған. Бұған себепкер болушылар да әдетте билікпен сыбайласқан топ. Ондайлар дағдарысты қолдан туындатып, өз ішіндегі ахуалды іштен ірітіп отырған.

Бір кездегі «Ақ жол» демоктратиялық партиясының ыдырауы да ішкі екі ағымның (оңшылдар мен солшылдар) текетіресінен басталды. Биліктің күткені де осы еді. Партия ішіндегі екіге жарылған идеялық түсінбестікті одан сайын ушықтыруға күш салды. Кішкене өткенге шегініс жасап, «Ақ жол» партиясының ыдырауы неден және кімнен басталғанына және оның «бас кейіпкерінің» кім болғанына қысқаша шолу жасап көрейік.

2003 жылы А.Сәрсенбайұлы президентке өз арызын жазып, Ресей Федерациясындағы ҚР-сының елшілігі қызметін тастап, қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатынын мәлімдеді. Сол жылы қараша айында партияның ІІІ съезінде А.Сәрсенбайұлы «Ақ жол» демоктратиялық партиясының төрағалығына бірауыздан сайланды. Алтынбектің төрағалыққа келуін Ә.Бәйменов және оның жақтастары қабылдамады.

Барлығы «Ақ жолдың» 2005 жыл 29 қаңтарда өткен ІV съезінен басталды. Съездің негізгі мақсаты алдағы президент сайлауына ортақ кандидатура шығару болатын. Барлық облыстардан «Ақ жол» демоктратиялық партиясының делегаттары жиналды. Кенет съезд басталған бойда кейбір облыс төрағаларынан құрылған «ынталы топ» (5 адам) жарғы талаптарын бұзып, аяқ астынан съезді жүргізуді өз қолдарына алып, жиынды жүргізе бастады. Әдетте съезд тең төрағалардың бастауымен ашылатын. Облыстардан келген делегаттардың басым бөлігі съездің бұлай басталуына таңғалды. Сөйтсек, Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова бастаған 20 шақты партия белсендісі саяси бюрода партияның тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік жариялау туралы шешімге келген екен. Олардың көздегені қалайда Ә.Бәйменовті жеке-дара төраға етіп сайлау болды.

Ақтөбеден делегат болып барған, қашанда сергек Жасарал Қуанышалин мұның бүлік, жарғы талаптарына қайшы екенін айтып, съездің бұлай ашылуына бірден қарсылығын білдірді. Съезд делегаттарының басым бөлігі Жасаралды қолдап шықты. Бүлікшілдердің жалғыз төраға сайлап алудағы арамза астарын тез түсінген басқа делегаттар сол бойда олардың ТЖМК жоспарын тас-талқан етіп, әлгілерді (облыс төрағаларынан құрылған «ынталы топты») шумен президиумнан кетірді. Бес тең төраға президиумға қайтарылып, съезді жүргізуді бастады.

Күндізгі 13:00-де басталған съезд, ұзақ та ауыр тартыстан соң, заңды бес төрағалардың басшылығымен кешкі сағат 18:30-да аяқталды. Нәтижесінде, ортақ бір келісімге келіп, «теңтөрағалар» институты бұрынғысынша сақталынып қалды. Сол күнгі президенттікке үміткер шығару съезін бес тең төраға жүргізіп отырды. Съезд А.Сәрсенбайұлы, Б.Әбілев, О.Жандосов ұсынған құжаттарды бірауыздан мақұлдап шықты.

Қорытындысында, съездің ортақ ҚАРАРЫ қабылданып, алдағы президент сайлауында бірге қимылдай отырып, ортақ бір үміткер шығаруға келісті. Съезд президенттікке үміткер ретінде «Ақ жол» демоктратиялық партиясы төрағасының бірі – Ә.Бәйменовті шығаратын болып шешті. Құжатқа «бес теңтөраға» қолдарын қойды, ішінде Ә.Бәйменов пен Л.Жуланова да бар.

«Жақсы керісіп отырып келіседі» деген, біріктік, түсіністікке келдік» деп, облыстардан келген делегаттар аймақтарға жақсы көңіл күймен тарқасты. Өкінішке қарай, бәйменовшілердің «қап бәлем» деп тіс қайраған өкпесі іштерінде кетіпті. ІV съезден соң, араға апта салмай жатып Алматыда Ә.Бәйменовті жақтаушылар жағы өздері қолдарын қойған партияның ІV съезінің шешімдерін мойындамай, ақпанның 13-і күні қайтара орталық кеңес мүшелерінің отырысын шақырды.

Аймақтағы орталық кеңес мүшелері олардың бұл шақырған жиналысын қолдаған жоқ. Мәселен, Ақтөбеден орталық кеңеске төрт адам мүше болатын, олар: І.Көбенов, Е.Жумин, Н.Сисенбай және Н.Нұрым еді. Соңғы екі азамат орталық кеңестің қайтадан кезектен тыс съезд шақырмақ ниеттерінің астарында партияны қалайда екіге бөлу жатқанын бірден байқайды. Жумин мен Сисенбай екеуі орталық кеңес отырысына хат жазып: «Қалыптасқан түсінбестікті талқылаймыз деген үмітпен қайта жиын шақыру, керісінше, дауды ушықтыруға әкелуі мүмкін екенін, кеңес отырысына қатысу арқылы қандай болса да бір шешім қабылдауға себепші болғылары келмейтінін, кеңестің отырысына бармайтынын, дауыс беруден қалыс қалатындарын айтып, орталық кеңестің мүшелері ретінде партия тұтастығын сақтап қалуды жақтайтындар жағында екенін, екіге бөлінуді қолдамайтындықтарын» жеткізді. Олардың ойлағаны – бұл кеңеске бармасақ, кворум болмай, кеңес отырысы өтпейді деп үміттенген еді.

Кейіннен белгілі болғандай, бұл отырысқа басқа да облыстардан орталық кеңес мүшелерінің бармағаны, ал келмеген орталық кеңестің мүшелерінің қолдарын (О.Левикова – Шымкент, М.Барсуковскийдің – Павлодар, т.б.) өзгелер қойғаны, олардың орнына басқа біреулер дауыс бергені анықталды. Орталық кеңестің тағы жеті мүшесі Жылқайдаров А.Р., Рахымбаева Б.М., Сапарбай И., Тәжин Н.Е, Зотин А және Ақтөбе облысынан Сисенбай Н.Қ мен Жумин Е.Ж пленумға барудан бас тартты. Кейіннен белгілі болғандай, аталмыш жиынға орталық кеңестің 62 мүшесінің тең жартысына жуығы қатыспады.

Партияның орталық бақылау-тексеру комиссиясының төрайымы Татьяна Черняк Павлодар, Қарағанды облыстық бөлімшелерінің өткізген конференцияларының да шешімдері заңсыз екенін дәлелдеді. Өйткені облыстық кеңестердің отырыстары конференцияны шақыру туралы шешімді қабылдарда жарғыға сай қажетті кворумды жинай алмаған. Сондай-ақ пленум отырысына үш тең төраға мен кейбір облыстық ұйымдардың партия жетекшілерінің қатыспағанын ескерсек, кворум жоқ, пленум өтпеуге тиіс еді.

Солай бола тұра, олар партияның «Орталық кеңес отырысын» өткізіп, «демократиялық құндылықтар мен партияның ішкі тұтастығын қолдаймыз, алдағы келе жатқан 2005 жылғы ҚР Президентінің сайлауына оппозициялық демократиялық ағымдар атынан әрекет етуші билікке бірыңғай балама кандидат ұсынумен келісеміз» – деп, кезінде өздері бірауыздан қолдап, қолдарын қойған (бұл құжатта Бәйменовтің да қолы бар) «Ақ жол» ҚДП-сы 29.01.2005 жылғы ІV съезінің Қарарын мойындамай, жарғы баптарын бұрмалап, «партия жетекшілігіндегі кейбір басшылар тобының әркеттері және олар құрған «Әділетті Қазақстан» блогының ісі радикалданып бара жатыр» деген желеумен Астана қаласында кезектен тыс V съезд шақыру керек деген «заңсыз шешімге» барды. Осылай Ә.Бәйменов пленумда жалған кворум жасап, партияны екіге бөлушінің «басты кейіпкеріне» айналды.

Екінші жақ енді барлық жерде Бәйменовті қалайда жеке-дара төраға сайлау үшін кезектен тыс V съезд өткізіп, делегаттар даярлау қамына кірісті. Ә.Бәйменовті қолдаушылар Ақтөбеде де ешқандай бюро және облыстық кеңес шешімдерінсіз, аппарат қызметкерлерінің сыртынан конференция өткізуді ұйымдастырды. Облыстық конференция өрескел заң бұзушылықпен өтті, ешқандай кворум болмады. Делегат болып партияға мүше емес адамдар көшеден тартылған жағдайлар да орын алды. Мұның барлығы нақты құжаттар, айғақтармен әшкереленді.

ОК-нің пленумынан кейін 18.02.2005 жылы Ақтөбеде Ә.Бәйменовті жақтаушылар жағы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесуде олар жиналғандарға: «Үш төраға (Болат, Ораз, Алтынбек) жағы қауіпті бағыт алып, істері тым радикалданып барады. Алматыдағы соңғы шақырған пленумға келмегендер партияны ыдыратуға жұмыс жасап жүргендер» дегенді айтып, орталық кеңестің 13 ақпан күнгі Алматыдағы төтенше пленумына қатыспаған өз мүшелері жөнінде бір жақты ақпарат таратуға тырысты («Ақтөбе» газеті, 27.02.05). Ал орталық кеңестің пленумына кейбір азаматтардың неліктен бармағанын жоғарыда айтып кеттік.

Сөйтіп, облыстық бөлімше ішіндегі бұл топтың да бір жақты бағыт ұстанғандарын, үш төрағаның (Ораз, Алтынбек, Болат) ұстанымы өзгерген дегенді желеу қылып, оларды партия құрамынан аластатуды, қалайда бөлінуді көздегендері байқалды. Тіптен Ә.Бәйменовтің өзі де бұған дейін: «партияның ішіндегі әлдекімдердің саяси, идеялық көзқарастарының әртүрлілігі, арамызда алған бағытты басқа бағытқа бұра тартушылықтың бары, тең төрағалар арасындағы алауыздыққа әкелді» деп, партияны бөлу ниетін әлденеше рет естірткен еді. Оның бұл айтуы үш төрағаны аластатуды көздеген, ешқандай «негізге» сүйенбеген айыптау еді. Сөйтіп, партия бірлігін сақтап қаламыз деген үмітіміз орындалмады.

2005 жылы наурыздың 12-сі күні Алматыда Болат, Алтынбек, Оразды қолдаушылар жағы «Ақ жол» демократиялық партиясының жалпы республикалық төтенше конференциясына жиналды. Жалпы республикалық конференция жарғыға сәйкес барлық шарттарды орындай отырып өткізілді. Оған барлық облыстардан және Алматы мен Астана қалаларынан 166 партия мүшесі қатысты. Конференцияға басқа да тәуелсіз қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері шақырылды. Жиналғандар партияның соңғы кездегі ішкі дағдарысына, Ә.Бәйменов жағының партияның ыдырауына себепкер болып отырғанына алаңдаушылығын білдірді. Конференция барысында Әлихан басқарған топтың астыртын жұмыстар жүргізіп, Астана қаласында партияның V съезін жедел өткізіп жіберудің шараларына кірісіп жатқаны, олардың көздегені екінші қайтара ГКЧП төңкерісін жасау жолымен бұған дейінгі 5 тең төрағаның орнына бір төраға сайлау және президенттікке тек Ә.Бәйменовті ұсыну ғана емес, түпкі ойлары қалған 3 тең төрағаны (Б.Әбілев, О.Жандосов, А.Сәрсенбайұлы) партияның жетекшілігінен қалайда кетіру екені және жария болды.

Маңғыстау облысында наурыздың 6-сында өткен облыстық конференцияда делегаттар көпшілік дауыспен Ә.Бәйменов ұйымдастырып жатқан Астанадағы съезге делегаттар сайламау туралы шешім қабылдады. Жамбыл облысы ешқандай съезд өткізбеу туралы шешім шығарды. Ақтөбеде болған заңсыздықтар мен жарғы баптарының бұрмаланғанын, жергілікті кеңес жиындарының «кворумды толықтай қамтамасыз ете алмағанын» дәлелдейтін құжаттарды орталықтың тексеру комиссиясына жіберді.

Партияның бас тексеру-бақылау комиссиясының төрайымы Т.Черняк болып жатқан заңсыздықтарды қаншама дәлелдеп бақса да бәйменовшілерді сендіре алмады. Сөйтіп Ә.Бәйменов бастаған топ 29.01.2005 күні «Ақ жол» ҚДП-сының ІV съезінде өздері бірауыздан қолдап, қолдарын қойған: «Съезд саяси және қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бастамасын қолдайды.

Өзара бәтуаласу негізінде шешімдер қабылдау арқылы Үйлестіру кеңесі шеңберіндегі бірлескен жұмыс демократиялық құндылықтарды орнықтыруға негіз болады. Съезд Үйлестіру кеңесі президент сайлауы алдындағы бұқаралық қоғамдық-демократиялық қозғалыстардың біріге қимылдауының бастапқы кезеңі болады деп есептейді» деген Қарарды мойындамай, айтқандарынан тайқып шығып, жедел түрде (араға 1 ай 15 күн салып барып) Астанада 13 наурызда кезектен тыс V съезд шақырып, «Ақ жол» партиясын екіге жарған қадамға барды.

Кезектен тыс V съезде қарсы жақ Ә.Бәйменовті төраға сайлап, керісінше, Б.Әбілев, О.Жандосов, А.Сәрсенбайұлы сырттай теңтөрағалық құрамнан шығарылып, оларға: «партия мүшелігінде қалады және төрағалықтан басқа қалаған басшылық қызметтерін таңдауларына мүмкіндіктері бар» деген жалған шақыру тасталынды. Міне, осының өзі партияны кімнің алып қашып, бөлуге жұмыс жасағанын көрсетті.

Көп ұзамай-ақ, әшейінде мүлт кеткен заңсыздықты желеу етіп, оппозициялық партияларды тіркемеуге тырысатын әділет министрлігі бұл жолы небір бұрмалаушылықпен өткен олардың съезін заңды деп тауып, жедел түрде «Ақ жол» ҚДП-сын Ә.Бәйменовтің атына еш кедергісіз тіркеп берді. Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі партия жетекшілерінің арасындағы алауыздыққа теңтөраға Әлихан Бәйменовті кінәлайтынын ашық айтты. Ол өзінің «Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында: «Басқа кім ұйымдастырады?! Себебі билікпен күресте алдыңғы қатарда тұрған азаматтардың атынан пышақ ұру – ешқандай анализге келмейді, егер ол өзін демократпын деп есептесе. Сондықтан одан сұрау керек: осының бәрін кіммен ұйымдастырып жасады? Қазақстанның демократиялық күштерінің басына қауіп төніп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жабылып, тәуелсіз басылымдар қудаланып жатқанда неге партияның ішінде осындай іріткі салды?!» деп, партияны ыдыратқан Ә.Бәйменов екенін ашық көрсетті (14 ақпан, 2005 жыл).

Сөйткен Ә.Бәйменов араға бірер жыл салып барып билікке қайта оралды. 2011 жылы Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы болып шыға келді. Назарбаев алдында ант берді. Оның түбінде билікке оралатынын саясаткерлер болжаған еді. Айтқандары айдай келді. Осылай Бәйменов басқарған «Ақ жолдың» екі жүзді бет пердесі сыпырылып, олар «билік барикадасы» жағына өтті.

Жаңа тарихи кезең талап етіп кеткен, ерекше күрес тәсілі мен стратегиясы болған, елімізде жаңа эволюциялық реформаларға қозғау салған, бұқараны селт еткізіп, соңынан ерте білген, саяси ағымдар арасында жетекші күшке көтерілген «Ақ жол» партиясы осылай Бәйменовтің кесірінен ыдырады. Билік «Ақ жолдың» бүкілхалықтық қолдауға ие болған алып күшінен қорықты. Осылай Бәйменов шынайы «Ақ жолды» жерлеп тынды.

С. Қошаманұлы

бұрынғы «Ақ жол» партиясының

Ақтөбе облыстық бөлімшесінің бас маманы