Академик Сарыбаев атындағы оқу залы ашылды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Шора Сарыбаев тағылымы» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Іс-шара аясында «ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев атындағы оқу залы» салтанатты түрде ашылды.
Ғылыми жиында парламент мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Қазыбек Иса, Әмірхан Рахымжанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, Ұлықбек Есдәулетов, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Сейіт Қасқабасов, Уәлихан Қалижан, Бауыржан Омаров, Кәрімбек Құрманәлиев, Шерубай Құрманбайұлы сөз сөйледі.
Ғалым қызмет еткен екі мекеме басшылары: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Академик Шора Сарыбаев: ғалым феномені» атты баяндама жасаса, Қайнар университетінің ректоры, академик Еренғайып Омаров ғалымның еліміздегі тұңғыш жекеменшік жоғары оқу орнының қалыптасуына, сондай-ақ қазақ филологиясы факультетін ашуға қолғабыс еткенін сөз етті. Өзге де сөз алған конференция қатысушылары еліміздің ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түркі дүниесінде өзіндік орын алуына елеулі еңбек сіңірген академик Шора Сарыбаевтың тағылымдық-танымдық еңбектері жалғаса береріне сенімді екендіктерін жеткізді.
Конференция жұмысы барысында бар ғұмырын туған тілді тұғырына қондырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға арнаған академиктің жеке кітапханасын ғалымның ұлы, белгілі мемлекет қайраткері, дипломат Қайрат Шораұлы Сарыбай әкесінің өмір бойы жинастырып құрастырған 5000-нан астам қазақ тіл білімінің диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама т.б. салаларына арналған ғылыми зерттеу еңбектерді Ұлттық академиялық кітапхананың қорына тарту етті.