Ақбөкен мүйіздерін тасымалдаған тұрғын 8 жылға сотталды
Қостанай аудандық сотында ҚК-нің 339-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ақбөкеннің мүйізін заңсыз сақтау және тасымалдау арқылы аса ірі залал келтірген деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтады
Сотталушы заңсыз жолмен алынған ақбөкен мүйіздерін Астанадан Қостанайға тасымалдауға шыққан. Ол үшін көлік жүргізушісін жалдаған. Әулиекөл тас жолында полиция бөлімінің қызметкерлері сотталушы отырған көлікті тоқтатқан. Одан жалпы құны 2 млрд теңгеден (ірі залал) асатын 823 заңсыз жолмен алынған ақбөкен мүйізі тәркіленген.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тараптың өкілі – баптың санкциясы шегіндегі жазаны сұраған. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Сот шешімі
Қылмыстық кодекстің 339-бабының 3-бөлігінің санкциясында балама жаза – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Жас балалардың болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ешқандай ауырлататындар жоқ. Жасалған іс-әрекеттің жеке басын, сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және істің мән-жайын ескере отырып, сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жылға аңшылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.