Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 24 Тамыз 2023

Акция сатып, брокер болу қазаққа жат па?

None
None

Қазір инвестиция, инвестор болу, акция сатып алу, қор нарығындағы сауда, брокерлік шот жайында жиі естиміз.

Бірақ қарапайым халық үшін бұл таңсық дүние тәрізді. 

Ұлттық банктің деректеріне жүгінсек, 2023 жылдың 1 сәуірінде жарияланған мәліметтер бойынша Қазақстан халқының несие көлемі бір жылда 28 пайызға өскен. Мұндайда еріксіз «халықтың қаржылық сауаты артқанда осынша борышкер болмас па еді» деген де сауал туындайды.

Жалпы, брокер болуы, қор нарығында ойнау қазаққа жат нәрсе ме? Осы сауалдарға жауап іздеп, арнайы  депозиторий орталығына сауал жолдадық.  Орталықтың бізге берген жауаптарына жүгінсек,  биылғы жылы  Қазақстанда тіркелген брокерлік шоттардың саны 1 миллионға жеткен. «Бұл қазақстандықтар ұзақ мерзімді жинақ, зейнет жасы мен балалардың болашағын ойлай бастағанын көрсетеді» дейді орталық мамандары.  

Негізінен, мамандардың пайымдауынша, қазір iPhone сатып алғанға қарағанда Apple акцияларын сатып алу сәнге айналған. Ал акция бағасы 190 долларды (шамамен 85 мың теңге, смартфоннан 10 есе арзан) құрайды.

Бұған қатысты «Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Жасұлан Мақсұтов былай дейді:

«Мысалы,  Джобстың акцияларын қымбат санайтындар үшін оның баламалы нұсқалары барын еске саламыз. Бүгінде акцияларын 10 050 теңгеге, бар-жоғы 164 теңгеге сатып алуға болатын компаниялар да бар. Бұл бір шыны кофе бағасынан да арзан. Қазақстандықтар өздері білмесе де белгілі бір деңгейде инвестор екенін атап өту керек. Экономикалық белсенді халық, яғни жұмыс істеп, ақшасын өзінде ұстамай, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерін жасайтындарды инвестиция салып жатыр деуге болады. Сондықтан әр қазақстандық – инвестор деп айта аламыз».

Маманның пайымдауынша, банк картасын ашу қалай оңай болса, қазір брокерлік шотты ашу да тура сондай оңай жұмысқа айналды. Ал акция сатып алу, онлайн дүкенде тауар сатып алғанмен бірдей. Кез келген адам үйінен ешқайда шықпай-ақ, брокерлік компания қолданбасын жүктеп, тіркеуден өтіп, инвестор атана алады.  Оған бар-жоғы 5 минут уақыт кетеді.

«Қазақстанда бірнеше жыл бұрын брокерлік шот ашу үшін белгілі бір кеңсеге барып, қағаздарға қол қойып, тағы бірнеше күн күту керек еді.  Қор биржасында инвестиция жасау үшін де көп ақша қажеті жоқ. 100 мың теңгеден бастап инвестициялауға болады» дейді қаржыгер.

Сөйтіп, сала мамандарының айтуынша, қор нарығында акция сатып алу, оған бола брокерлік шот ашу аса қиын жұмыс емес. Әттеген-айы осы жөнінде қарапайым халыққа кеңінен түсіндіретін мамандар жеткіліксіз. Қор нарығының насихаты жетіспейді. Айтса айтқандай, осыдан біраз уақыт бұрын халықтық ІРО жобасын тетікке қостық. Бірақ бұл жоба да өз жемісін беріп, халық арасына сіңіп кете қоймады. Экономист-сарапшы, Марал Төртенованың байламынша, біздің елдің қор нарығына ену мәдениеті қалыптасу үшін әлі де көп еңбектену қажет. Сарапшы әсіресе халықтың өте қымбат көліктерді несиеге алып жатқанына қатысты бірнеше мысалдар келтірді. Маманның ойынша, несиеге көлік алғаннан гөрі, қолда бар санаулы қаражатты қор нарығына салған дұрыс.  Осы әрекет арқылы үш жылда инвестициялық қоржынды толықтыруға мүмкіндік болар еді.

«Егер қор нарығын сауатты меңгерген, қаржылық сауаты жетілген адам болса, 15-20 млн теңге тұратын көлікті несиеге алып оған бес жыл қатарынан 270-300 мың теңге несие төлеп отырмас еді. Ең қызығы, ол көлікті алып алып, «комфорт такси» деп, адамдарды тасып, такси болып жүрген қазақ жігіттерін көрдім. Бұдан гөрі ай сайын айлық табысының кем дегенде 10  пайызын депозитке немесе қор нарығындағы акциясы төмендемейтін компанияларға салып отырса, ұтар еді. Несиеге көлік алып, такси қызметін атқарудан болашақ көріп отырған жоқпын. Ол көлік бұзылады,  оны жөндету керек болады. Шығыны екі есеге артып кетуі әбден мүмкін. Қазір Қазақстандағы депозиттер нарығы да халыққа тиімді бола бастады. Сондықтан барынша брокерлік шот ашуға, заманға сай жетілуге, қор нарығы дегеннің не екенін сезініп көруге тырысқан абзал. Қажеттілікті өтеу үшін бірден несие алуға құмарту дұрыс емес», – дейді Марал Төртенова. 

Рас, бізде қазір аяқ астынан қаржы қажеттілігі туа қалса, көпшілік қауым бірінші банктен несие алуға ұмтылады. Тіпті кейде ол несиені алуын алып, өтей алмай, тығырыққа тірелетініміз де бар.  Мұндайда қазақ «қарыз күліп келіп, жылап шығады» дегенді текке айтпаған дерміз. Негізінде, несиені қайтару барысында қаражатты одан асыра төлейсіз, соның нәтижесінде жұмсалған ақша көлемі екі есеге айтарлықтай молаяды. Қазір мұны екінің бірі түсінді, білді. Бұдан кейін несие алғымыз келмесе, ағайынға, қатар-құрбыларға, туыстар мен таныстарға салмақ саламыз. Олардан қарыз аламыз.   Бұл қалай болғанда да бұрынғы сыйластығыңызға сызат түсірмей қоймайды. Өйткені ақша қолға тигенше «ал енді мына күні қайтара қоямын, тек асығыс керек болып тұрғаны ғой» деп, өзіңізше сырт көзге сенімділік танытып, «сырбазсығаныңызбен», мерзімді күні қарызды қайтара алмасаңыз, қадіріңіз кете бастайды.

Енді не істеу керек? Әсілі, мұндайда ең тиімдісі – ешкімнен қарыз алмауға ұмтылу.  Ол үшін белгілі бір сомада артық ақша қоры болуы қажет.  Алайда күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мұндай қауіпсіздікті екінің бірінде бар деп айта алмаймыз. Дегенмен сарапшылардың пайымдауынша, қазақстандықтардың шамамен 47 пайызының келешегін инвестициялауға мүмкіндігі бар көрінеді.

Айталық, қазір қазақстандықтардың 55 пайызының астында көлік бар. Олардың 25 пайызының көліктерінің шамамен құны 5-10 млн теңге болады. Ал енді көлікті осынша мөлшердегі қаржыға алу қисынды ма?! Тіпті солардың қайсыбірі несиеге алынған көліктер екенін ескерсек, сол көлікке жұмсалған қаржының бос шығын екенін бағамдайсың. Мысалы, сол темір-терсекке жұмсаған қыруар қаржыны құнды қағазға салатын болса, ол адам өзінің келешек өмірін сақтандырған болар еді. Көліктің күнделікті жанар-жағармайы, ақауы табылса жөндету қызметі – қып-қызыл шығын. Әрине, көлік алу әркімнің өзінің қызығушылығы. Тек құны қымбат тұратын көлікті несиеге алып жататындарды көргенде, расымен де «осынша тәуекелшілдікті қор нарығында неге көрсетпейміз?!» деген ойға қалдық.

Рас, біз бұл арада жаппай көлігі бар, қолында қаржысы бар адамды қор нарығына баруға үгіттеуден аулақпыз. Сол арқылы қор нарығына насихат

жасағымыз келіп те отырған жоқ. Байқасаңыздар, біз мақаламызда жай акциялары сатылып жатқан бірде-бір компанияның атын атап, түсін түстемедік. Бұл жерде біз қор нарығында үнемі пайда ғана көре алмайтындығымызды, бұл нарықтың да өзіндік ± формуласы бар екенін құлаққағыс жасағымыз келеді. Дегенмен қарыз қапиталына белшеден батудан гөрі, өздігімен табыс капиталының формуласын жасай білу үшін де мұндай қадамдарға баруға талпыныс жасау керек тәрізді...

Тегтер: