Әкебайдың әні
Күн нұрымен шағылысып, айналасына сәуле шашқан шыңдары менмұндалаған таудың асқақтығына қарап бой тіктеп қана қоймайсың, ой да түзейсің.
Сенің қыялың сол шыңдардан да биікке көтеріліп, аспанды шарлап кетеді. Тіпті мына әлемге сол биіктіктен көз тастайсың. Даланың төсінде тұрғанда көкжиегін көре алмасаң, биік тауға шыққанда ол жазықтың шегі қай маңға барып тірелетінін өз көзіңмен шолып барып ой түйесің. «Қарасаң шыңда тұрып Қарқараны» (Әкебай аға) шетсіз-шексіз болып көрінетін дүниенің де әйтеуір бір шектелетініне кәміл сенесің. Сол сеніммен биікте тұрып Әкебай ағаша: «Ұлысың, құдіреттісің, жерім неткен!» деп, жүрегіңді жайып саласың.
Шыңға шықсаң барлығы да алақаныңда секілді. Тау төсінен аңғарларды қуалай құлдилап жазыққа шыққан соң желмаядай желіп бара жатқан өзеннің толқындары тоқтаусыз сырғиды. Ақын жанының қиял кемесі сол толқындардың үстінде тербеліп бара жатады. «Қызылтөр шыға салып кезеңіне, Көз салсаң Желқарқара өзеніне» деп Әкебай аға өлеңге қосқан өзеннің бір жері терең, бір жері таяз. Таяз жерінен тас көрінеді. Арындап аққан өзен асау толқынымен әр тастың үстін аймалап бара жатқандай. Дәу тасқа келгенде сәл бөгеліп барып аунаған ағыс суға тағы сүңгігенде көпіршіген көбік шығарып, айналып-айналып барып еңіске қарай ентелейді. Ентелей, екпіндей аға-аға арқырап барып ақыры ол да бір арнаға қосылады. Сонда Әкебай ағаның «Сылдырлап аққан ерке өзендері» деп басталатын тағы бір өлең жолдары ойыңа оралады.
Өзенді жағалай өскен қалың тоғай да сиқырлы сұлулыққа толы. Бұтақтары майыса иіліп келіп жер иіскеген талдардың сәби саусағындай жіңішке де нәзік жапырақтары төгіліп тұрғаны. Жуандығы ортан қолдай ғана діңі қызғылт, ал жапырағының өзге ағаштардыкіндей жасыл емес, өз алдына бозғылт жыңғылдың бұтағына жыпырлай шыққан бүртіктері де тартымды. Шыршалары шыңға ұмтылған, қарағайы қапталда қасқая қалған, аршалары жарыса жантайған қалың орманды тауды бөктерлей бастасаң тағы да Әкебай ағаның «Қалың арша, қапталда тал, қарағай...» деген өлең жолдарын еріксіз есіңе аласың.
Ғасырлар бойы қаттала-қаттала тыңға айналған шымның жігін жарып шыққан «жүз жылқы айдап өтсең, шөбін жықпас» (Әкебай аға) жасыл шалғынның кей жері мүк секілді тып-тығыз да, басқан аяғыңа жұп-жұмсақ. «Түкті кілем табаныңа төселген» деп ақын аға айтқан осы шөптің үстімен бала кездегідей жалаң аяқ алаңсыз жүгіргің келіп кетеді. Әкебай аға да бала болған, ол да жаз жайлауының осындай сұлу көрінісіне көзі тоймаған сәтін «желік берген көңілге бір балаша» деп жырға қосқан.
Тау етегіндегі ақшаңқан үйдің айналасында қозы-лақ қуалап ойнап жүрген балдырғандар, анадайда желіде тыпыршыған құлындар тұрады енесіне еміне, одан арғы қырларда мыңғырған мал өріп жүреді. Есік алдындағы самаурыннан шыққан түтін сызыла созылып барып ауаға сіңіп жоқ болады. «Көзің тоймас сұлулықтың қалпы бар» (Әкебай аға) мидай жазықтың төсі жап-жасыл. Сол жасыл шөптің арасында мың түрлі жұпар иісті гүл самал желмен тербеліп тұрады. Сол гүлдердің күлтелерінде қанаты көздің жауын алатын саналуан бояумен боялған көбелектер қалт-қалт етеді. Оны да ақын Әкебай аға: «Көбелек жүр гүл шырынын теріп жеп» деп өлеңге қосқан. Әлден уақта сол мың түрлі гүлді шөптің арасынан пыр етіп көтерілген бозторғай шарықтап барып бір жерде қалықтап тұрып алып шырылдайды. Қанаты дірілдеген сайын көмейінен төгілген әуен бірге қалтырайтын секілді. Әуен құйқылжыған сайын әсерлі. Аздан кейін үні кілт кідіргенде өзі де қалт етіп бір жағына қалқып барып қайта кідіріп, шырылдай жөнеледі.
Оның әуеніне қосылған шегірткелердің тынымсыз шырылы да құлақ тұндырады. Енді бірде гүл аралап жүрген араның ызыңы елең еткізеді. Ол иісі аңқыған гүлге қонып, түкті аяқтарымен күлте бүртіктерінің арасына тұмсығын терең матырып, шырын сорып жатады.
Ал дала өрмекшісі екі қурайдың арасын тігінен торлап тастаған да, өзі бір шетінде тым-тырыс тұра қалған. Әрі-бері ұшып жүрген ұсақ шыбын, я шіркей әлгі құрулы тұрған торға соқтығысып, адымын аша алмай талтаңдай бастағанда аңдып тұрған өрмекші келіп бас салып торына орап-орап тастайды да қайта орнына барып тапжылмай тұра қалады. Бұл көріністі көрген Әкебай аға Құдайдың құдіретінің шексіз екеніне таңдай қағады. Таңдай қақтыратын құбылыстың ғажабы бұлармен түгесілмейді. Кейде батыс жақтан жел соғады, жел боранға, бораны дауылға ұласып, сарнайды кеп. Мұны Әкебай аға «үзілмейді самал, желден, бораннан» деп бейнелейді. Осындайда қара бұлт қаптап келеді де аспанды түгел жауып, түнеріп тұрып алады. Түнеріп тұрған аспанның бұлты шығысқа, анау Әкебай аға сан мәрте жырға арқау еткен «Мыңжылқыдай биік шың қарап тұрған» жаққа қарай тоқтаусыз жөңкіле көшеді. Бұйра-бұйра ақтарылған алып бұлттар аунай-аунай алға жылжиды. Боранмен бірге арындай жылжығанымен, «басы жартас ақ қарменен оранған» деп ақын әспеттеген биік тауды асып кете алмай, етекке қарай шөгеді. Бір кезде боран саябырсиды да жел соғады, жел дамылдап, Әкебай ағаша айтсақ, «самалы кеп беттен сүйеді». Самал тоқтағаннан кейін жер әлем, аспан түгел тым-тырыс бола қалады да аздан кейін барып мың бір тамшының тығыны ағытылады. Дәл осылай басталған жаңбыр ақ жауынға ұласады. Ал енді кейде шайдай ашық аспанның төсінде аз ғана ала бұлт үйіріліп келеді де көзінің жасын төгіп-төгіп тастап, әп-сәтте шашырай жоқ болады. Бұлт арасынан шыға келген күннің сәулесіне шағылыса кемпірқосақ иіле қалады. Жаңбырдан кейінгі ауаның иісі тынысыңды кеңейтіп, кеудеңді кергізеді. Бар әлем шуаққа бөленіп, жер беті құлпырып шыға келеді. «Әсем жер дүниеде бар ма мұндай!?» деп тамсана сұрақ қойған ақын Әкебай аға одан әрі арқаланып:
«Туған жерді келеді аймалағым,
Көкбиіктің сүйкімді самалындай», –
деп перзенттік шын сүйіспеншіліктен туған жүрекжарды сөзін айтады.
Әкебай аға Қарқараның осы болмысын бала күнінен сан мәрте көріп, сан мәрте тамсанған болатын. Бәлки, оны ақын еткен де туған жердің сөзбен айтып түгел жеткізу мүмкін емес осындай сұлулығы шығар.
«Шіркін, Алла Тағала анамнан әу бастан ақын етіп жаратса, туған жерімнің әр тасын, әр тамшысын, әр бүртігін тынбай жырлап өтер ем» деп кейде армандап кетеді. Шындығында, Әкебай ағаның дарыны ананың құрсағынан-ақ бар болатын, ол қабілеті әбден ер жеткенде, оң-солын танып, айналасына баға беретін бозбала шағында көріне бастады. Оған ертерек мән беруге өмір мұрша бермеді. Мән бергенде не істеуі керек еді? Бұл өмірге келгелі жаңа құрылып жатқан өкіметтің жанталасқан бастамалары ел еңсесін көтертпеген, ылғи бір алашапқын заман. Кешегі он алтыншының үркінінен енді ғана бас көтере бастағанда, мұның үш жасында ірі байларды тәркілеу жүрді. Оның айғай-шуы басыла бергенде, әкесі Жөргенбай дүние салды. Ағасы Нүсіпбай, інісі Нүсіпбектермен бірге бұл да ең үлкен ағасы Жақыпбайдың қамқорлығында қалды. Көп ұзамай, бұл алты жас шамасында елді аштық жайлады. Мал салығы аз болғандай, ет, сүт, жүн-жүрқа, мүйіз, сүйек, тұяқ, тері салықтарын өтеу үшін «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұраннан аман қалған жылдары қызыл өкіметтің жоспарларын орындаймыз деп өлместің күнін кеше жүріп кеңес құрылысына еңбек еткендердің бұның қабағына қарауға да шамалары болмайтын. Елде не болып жатқанынан бейхабар баланың санасында ашты-тоқты құрсағы мен әлденеге алаңдаумен өтетін ойы мен қиялы. Көп ұзамай ел ағаларын жаппай «халық жауы» деген жаламен ұстап әкетіп жатқанда бұл енді ғана оннан асқан. Айнала үрей, сыбыр, күбір. Бірақ ол үрей тынымсыз еңбектің үнсіз қарбаласынан сырт көзге білінбейтін. Адамдар бір-біріне күдікпен қорғана қарап жүргенде, бұл мүшелге толар-толмастан соғыс басталды да кеңшар жұмысына жегілді. Ауылда не трактор, не комбайн, не тұқым сепкіш жоқ. Үлкендерге де, балаларға да жерді күрекпен ойғызады. Кейде қолдан жасалған соқаны бұзаулы сиырға жегіп жыртқызады. Жыртқызылған жерге тұқымды қолмен шашып, сепкізеді. Көп ұзамай мұның салмақтылығын, шымырлығы мен жүректілігін көрген басқармадағылар Мыңжылқыдағы жылқы зауытына қабылдап, ат үйрету, баптау жұмысына қосқан. Елге түскен соғыстың зардабынан жоғары оқу орнына бара алмай қалды. Бірақ өз бетінше оқып, сана сарайын үнемі жетілдіріп отырды. Өмірге, айналасындағы жаратылысқа, адамдарға ақындық көзбен қарап, сан мәрте өлең де шығарған. Бірақ соларды жазып жүруді немесе өзгеге үйретуді ойламапты. «Ел естісе болды» деп жүре берген. «Әкебай ақын» деген аты да шыққан. Кәсібі басқа болған соң, біржолата ақындықтың соңына басыбүтін түспегеннен кейін оған онша көңіл бөле де қоймаған. «Қойшы ақын болмай-ақ қояйын» дегенімен, өлең шіркін жүректі қозғап, сананы түрткілеп келеді кейде. Келіп тұрған өлеңді қағазға түртіп қоятын. Бірақ құнттамайтын. Одан әрі өңдейін, әрлейін, жетілдірейін деп екіленбейтін. «Бір мүмкіндік болып, қолым босағанда отырып алып жақсылап бір жазамын» деп ойлайтын. Амал қанша, өмір өткелдері оған мүмкіндік бермеді. Соғыстан кейін орман шаруашылығына жұмысқа кірді де сонда табан аудармай қырық жыл еңбек етті. Бұл жұмыс оның кіндік қаны тамған жер қасиетін терең сезінуіне септігін тигізді.
Тау ішінде келе жатады арша, шырша, қарағайды аралап. Ұшына қараса, басындағы қалпағы жерге түсер ағаштардың биіктігіне тамсанады. Бір сәтте шаңқ етіп көкке қалықтай көтерілген қыранды көреді. Ол сәтті ақын жүрек қалт жібермейді:
«Аспанда ақиықтар қалықтайды,
Көзімен бар аймақты анықтайды», – деп күбірлеп қояды. Әне бір бөктерде «еліктер жайылып жүр жеке-жеке», анау шатқалға көз салып еді, «сай-сайдан тасқа өрлеген ешкі-теке» кетіп бара жатады. Аздан соң әуендетіп әкетеді қоңыр үнімен:
Етегі осы таудың сала-сала,
Мөлдіреген бұлақтан іштім қана, үридай-ай...
Ол туған жерінің әр талын, әр тасын да жатқа біледі. Әр таста ашылмаған тарих бар. Әр сайдың өз аты, ол аттың қойылу аңызы бар. Әкебай аға оларды да «ертең ұмыт болып қалмасыншы» деп өлеңге қосып қойған.
Мұның туған жері шынында да айтылмаған тарихқа бай. Мыңжылқыдан түсіп келе жатқанда жазықтың төсінде дөңкиіп-доңкиіп жатқан төбелер көрінеді. Солардың ең биігі Айттөбе деп аталады. Ол бұрын Үйсінтөбе аталған. 1926 жылдан бастап оның аты – Ереуілтөбе. Осы төбенің басына шығып алып айналаға қарасаң, бүкіл алап алақаныңда тұрады.
Миллиондаған жылдар тұлпарлардың тұяғы үшін жаралған Мыңжылқының мың түрлі гүлі бар жазығы жозықсыз жыртылғанына ашынған жүрекпен жыр да жазған. Жырды халық ұнатты, бірақ билік ұнатпады.
Мыңжылқының басынан құлап аққан арынды тау өзенінің шығыс жағындағы жазықта тік шаншылған қазықтай балбал тұр. Бұл балбал кезінде атпен қасына барғанда биіктігі өзінің кеудесіне дейін келген еді. Кейін шөкті. Әлде бұл ер жетті ме, әлде жер биіктеді ме, әйтеуір кейінгі жылдары бала кезіндегідей биік емес. Осы балбалдың басын тың игеру жылдары жазықты жыртып жүрген коммунист трактористер мойнына тросс салып, басын жұлып алып, лақтырып жіберген. Трактордың күшіне дес бермеген неше мың жылдық тарихы бар балбал тас қасқайған күйінше әлі де тік тұр сол жерде.
Бірде «Қарқараға Алматыдан ақындар келеді» деген хабар жетіп, ауыл көптен шақырып келтіре алмай жүрген қонақтары келе жатқан соң үлкен құрмет көрсетуге кірісті. Әкебай аға қуанды. «Бір ақын, бір жазушы, бір ғалымды арнайы шақырып әкеліп, өзім күн сайын аралап жүрген туған жердің тылсымына үңілтер едім, тек Қарқара туралы ғана ақынға бір емес, бірнеше өлең тұрмақ, бірнеше поэма жаздырар едім. Жазушыға бірнеше әңгіме, бірнеше повесть жазғызар едім, ғалымға ана балбалдың, мына Үйсінтөбелердің, ана Айттөбенің, оның үстіне тас үйілген Ереуілтөбенің, аноу Құмтекейдің, қырдағы «Ұзақтың таңбалы тасының», Тұзкеннің тарихын зерттетер едім» деп армандаушы еді. Енді сол арманы орындалмақ. Бір-екеуі ғана емес, бірнешеуі келе жатыр. Солар айтады, Қарқараның сұлулығын. Солар тасқа басылмаған тарихын жазады. Сонау жиырмасыншы жылдары арнайы келіп, осы жердің тарихын жазған Мұхтар Әуезовтен, жер сұлулығын өлеңмен кестелеген Ілияс Жансүгіровтен кейін кімнің жазғаны есінде жоқ. Демек, есте қалатындай ешкім ештеңе жазып жарытпаған. Міне, Құдай қаласа ақын, жазушылар келсе, солардың ісін жалғастыруға келе жатқан болар. Бұл бәріне дайындалды. Арнайы келген ақындар «жазамын» деп сұрай қалса, туған жердің тарихын айтып беруге де, табиғатымен таныстыруға да, орманшы болған соң Ілиястың өлеңдерінде айтылған жердің түгімен де, жан-жануар, аң, құстарымен де, жер бедерімен де таныстырары сөзсіз. Ақындар келсе, «менің Қарқарамды жырға қосады-ау» деп қатты қуанды. Құрақ ұшып елден бұрын елпеңдеп, өзі жүгіріп, бүкіл дайындыққа басы бүтін кірісіп кетті. Директор айтқан соң емес, өзінің жүрек қалауымен кірісті. Өзінің ең жақын адамдары келе жатқандай қуана жүріп, барлық шараны ұйымдастырды. Тау ішіне үй тігілді. Үйдің іші жасау, жабдығымен сәндендірілді. Мінерге ат әкелінді, соярға ту бие алдырылды. Алда-жалда қалай қалса, әйтеуір дайын тұрсын деп құлын да, жабағыны да желіге тізіп қойды. Бауыздауға бата сұрайтын қой да іргеде байлаулы. Сақырлап самаурын қайнап жатыр. Буы бұрқырап, қазанның қақпағы бүлкілдейді. Ауылдың ең пысық, ибалы, қонақ күтудің жөн- жосығын білетін қыз-келіншектерін, жігіт ағаларын жұмылдырып, барлық жағдайды жасады.
Келді ақындар. Көңілді келді. Бір-бірлеп түсті мәшинеден. Құшақ жая қарсы алды бұлар. Әншілер арнау айтты. Мәшинеден түсе екпіндей, екілене сөйлеп, кеудесін кере дем алып, алшаң-алшаң басқан ақындар бұлардың шашқан шашуына таласпады. Оны аспаннан жауа салған жаңбырдың тамшысындай да көрмеді. Әндеткен арнауына да құлақ қойып тыңдамады. Бірақ тас түскен жеріне ауыр. Әкебай аға қонақ күтуді әбден меңгеріп алған, талайды қарсы алып, талайды жөнелткен, оларға қарағанда, бұлар ақындар ғой, елінің еркелері ғой. Еркелесін, екіленсін, шабыттансын. Жайлау міне, төр әне, жатсын, жаны жайлансын. Ішсін, жесін. Ақын қонақ сонысымен қадірлі. Бұл келген ақындар жадында сақталған өз өлеңдерін ғана жатқа жарыса айтады екен. Жабыла бірін-бірі мақтайды екен. «Сен – мықты», «мен – мықты» дейді езеуреп. Бұлардың қасында Абай «жіп есе алмайды», Махамбет те «жолда қалады». Қайда келді, кімге келді, неге келді – бұларға бәрібір секілді. Тауға шығарды, аңға апарды, балық аулатты. Үшінші күні естері жиылған соң «кетеміз» деді. Осы үш күннің ішінде сол ақындардың бірі не Қарқараны, не Мыңжылқыны аузына да алмады. Мынадай сұлулықты көрген ақындық жүрек туламаушы ма еді, ақындық сана толғанбаушы ма еді, ақындық көңіл тебіренбеуші ме еді!? Анасынан ақын болып туса, тым болмаса бір ауыз жылы лебіз білдірер еді ғой. Жоқ, олай болмады. Әкебай аға шыдамады. Бәрі ауданның орталығына апаратын автоклубқа жайғасып, Алматыға жүрейін деп тұрғанда:
– Қадірлі қонақтар, ардақты ақындар! – деді дауысын көтере, – бұл Қарқараға сіздерден бұрын Мұхтар Әуезов келіп, әлемге әйгілі Қарқара жәрмеңкесі туралы: – Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті: үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент. Бәрі-бәрінен неше алуан қазына шүмектен құйғандай болып, Қарқара жазығына ақтарылып жатыр, – деп жазып кеткен деп ұлы жазушының жазғанын сөзбе-сөз қайталады. – Сіздерден бұрын Ілияс Жансүгіров келіп:
Қарқара – қалың қазақ көбесіндей,
Албанның албырт – ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей.
...Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей, – деп, оң қолын көтере Мыңжылқы жақты меңзеп алып:
...Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үшкүлше құрттың жайған өресіндей, –
деп қолын бүкіл Қарқара жазығына қарай құлаштай созып, бүкіл даланы қайта құшағына алғандай мейірлене:
...Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің белетіндей, – деп жырлап кеткен деді де тоқтамай: – Сіздерден бұрын Мұқағали бауырым дәл осы биіктен бүкіл әлемге қарап тұрып: Барлығы да менікі, – дегенде Әкебай ағаның дауысы тебірене шықты:
...Барлығы да менікі:
Жұлдыздардың шырағы –
Жердің ұшқан Сыңары,
Еділ, Жайық, Дон, Дунай,
Қарасаздың бұлағы,
Барлығы да менікі:
Қиыр Шығыс, қарт Сібір,
қарт Оралдың қойнауы,
Балтық, Қырым, Кавказ бен Қарқараның жайлауы, – деп жарты әлемге жар салған. Сондықтан сіздер кеш қалдыңыздар, жолдарыңыз болсын! – деп тоқтады да үнсіз отырып қалғандарға қолын көтеріп, «хош болыңдар!» дегендей ишар білдіріп, түсіп қалған.
Ешқайда бұрылмай үйге келген күйі қабағына қар жауған қалпы түпкі бөлмеге кіріп кетті. Сол кіргеннен бір күн, бір түн шықпады. Анда-санда жары, қыздарының бірі сусын апарып береді де шығып кетеді. Басқа ешкімнің батылы жетіп кірмеді. Келесі күні бөлмесінен көңілді шықты. Шықты да:
– Тыңдаңдаршы! – деп, көтеріңкі қоңыр дауысымен шырқай жөнелді:
Жасыл жайлау, көк майса мұнарланған,
Бақыт дарып, бұл жерге қызыр қонған, үриайдай!
Мұз сәукеле басына мәңгі киіп,
Мыңжылқыдай биік шың қарап тұрған, үриайдай!
Қарқараны жайлаймыз,
Жағалай бие байлаймыз.
Қыз-бозбала жиналып,
Құлын, тайдай ойнаймыз...
Ән шарықтап аспандап бара жатты...
Бұл – Әкебай ағаның әні еді...
Түйін.
Әкебай Жөргенбайұлы – 1927 жылы Қарқара жайлауында дүниеге келген, 1990 жылы сол жерде дүниеден озды. Өмір бойы орман шаруашылығында еңбек ете жүріп, туған жерін жырлап өткен.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, ф.ғ.к.,
Халық өнерін зерттеуші