Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:35, 22 Маусым 2023

Әкеден өте туған, ағадан аса туған Сұлтанғазиев

None
None

Алматы облысына белгілі әулет – Сұлтанғазиевтер туралы сөз болғанда, қазақтың атақты тәмсілі тілге орала береді…

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өзіне тәуелді басылымдардың тілшілерін шақырып алып, жаттанды сұрақтарға жауап беріпті.

Ал еркін тақырыпта сұрақ қойғысы келетін тәуелсіз басылым тілшілерінің қолы Сұлтанғазиевке жетпей жүргелі қашан? Айналасындағы атқосшылары әкімді желден де, жел сөзден де қорғап шыр-пыр, ешкімді жуытпайды.   

Сұлтанғазиев әлгі сұхбатында «Біз биыл бірінші рет Үлкен Алматы каналы мен шаруа қожалықтарының ортасындағы делдалдарды алып тастадық. Сөйтіп, су тарифін кәдімгідей арзандаттық. Яғни су енді Үлкен Алматы каналынан шаруа қожалығына бірден жетеді», – депті.

Әкімнің Үлкен Алматы каналы деп отырғаны – ұзындығы 170 шақырымға созылып жатқан, басы Бартоғай бөгенінен басталатын, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтетін ұзын су арнасы. 1964-1986 жылдары Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей бастамасымен салынған, ресми атауы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы. Төрт ауданды аралап өтетін су арнасын шаруалар жарты ғасырдан бері пайдаланып келеді. Бір қызығы тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары арна делдалдардың қолына өтіп, суы сатыла бастайды.

Биыл сол су сатқан саудагерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтап, бәрінің жұмысын тоқтатыпты. Жұмысы тоқтаған, бірақ істі болған, жауап берген ешкім жоқ. Біз 2023 жылдың мамырына дейін су сатып келген кооперативтердің тізімін сұрап Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының директорына хабарластық. Ол бізге 24 кооперативті тізіп берді. Оның 22-сі Еңбекшіқазақ, екеуі Талғар ауданында тіркеліпті.

Сұлтанғазиев арнаның суын делдалдарсыз сату бағаны арзандатады дейді. Делдалдар шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 – 28 000 теңгеден сатып келген. Ал Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасының директоры Мейрам Арыстанов судың қазіргі тарифі 1 текше метр үшін 0,7 теңге екенін айтады. Бірақ кейбір шаруалар Сұлтанғазиевтің бұл бастамасына онша риза болмай отыр. Себебі олар бұрын «жабайы есеппен» жерінің көлеміне қарай ақша төлеп келген. Ал енді, жаңа тариф бойынша судың әр тамшысы есептелмек.

Жеке шаруашылықпен айналысатын Бегәлі (тегін айтқысы келмеді) былтыр гектарына 20 мың теңгеден төлегенін айтады.

«Әкімдік биыл тариф дегенді шығарды. Жоңышқаға гектары үшін 8 мың, жүгеріге 6 мың теңгеден төлейсіңдер деді. Біз не дейміз, келісеміз ғой. Кеше Қорам ауылдық әкімдігінің қызметкерлері келіп «Біздің есебіміз бойынша, белгіленген су бағасы арзан болып тұр, суды көп пайдаланып жатырсыздар. Сондықтан шығын жабылмаса, баға қымбаттауы мүмкін», деп кетті. Маған кезек осы аптада ғана келді. Қазір жерімді күндіз-түні суғарып жатырмын. Суғарып болған соң есептейді. Гектарына 30, 40 мың теңгеден айналып кетуі мүмкін. Одан бізге не пайда? Жүгері мен жоңышқаның бағасын қымбаттата алмаймыз ғой», – дейді.

Қазір ҮАК-ге күні қарап отырған 30 мың шаруа барын ескерсек, айналымда бірнеше миллиард теңге жүргенін ойша бағамдауға болады. Шаруалар бұрын қымбат төлесе де, соған орай алқабын асықпай суғаратын. Енді, амалсыз тездетуге тырысады. Нәтижесінде, өнімі азаюы мүмкін. Бұл мәселені облыс әкімі шаруаларға тамшылатып суаратын жағдай жасап беріп шешпесе, жаңа технологияға қолы жете бермейтін елге суды үнемдеңдер деумен шеше алмасы анық. Расында, Сұлтанғазиев тарифті арзандатқанмен, шөміштен қысып отыр. Бұрын делдал кооперативтер суды каналдың өзінен 1 текше метр үшін 78 тиыннан алып, ары қарай тамшы санамай-ақ сатып келген, яғни шаруалар өзінің қанша су тұтынып жатқанын есептеп бас қатырмаған. Ал ҮАА мекемесінің беріден қайырған бейбіт есебі бойынша 1 гектар жерді суғаруға 8 мыңнан 20 мың текше метрге дейін су кетеді екен. Өйткені судың көлемі егілген дақылға байланысты беріледі. Егер, осы есеп тура шықса, онда, Сұлтанғазиевке алғыстан басқа айтары болмауға тиіс. Өйткені кооперативтер ҮАК-тен 6-15 мың теңгеден алып, шаруаларға 20-28 мың теңгеден сатып отырған. Бір маусымда қара су үшін 1 миллион теңге төлеген шаруалар да бар.

ҮАК және Сұлтанғазиевтер

Шаруалардың Сұлтанғазиевке риза болатын тағы бір себебі бар. Себебі бұл оның әкесіне де, туған ағасына да қатысы бар шаруа. Кезінде аудан басқарған, қазірдің өзінде мал шаруашылығымен айналысатын облыстың құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев ақсақалдың бұл кооперативтерге қатысы бар деуден аулақпыз, ағасы Қуат Сұлтанғазиевтің этика сақтап, інісі облысқа келгенде, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігіндегі креслосын босатып беріп кеткені кеше ғана, ол да соншалық тышқаншылай қоймас. Оның үстіне, ұлы (бауыры) облыс басқарып отырған соң, алып-сатарлықпен айналысып, казинодан әкімшілік жасап, кадрларын ауыстырып бола алмай жатқан, тағайындалғанына бір жыл ғана болған әкімнің басын қатырып, атына кір келтірмеуді ойламайды деймісіз...

Сонымен, Үлкен Алматы каналы және Сұлтанғазиевтер деген тақырыпқа оралайық. Әкесінің қатысы бар деп қалдық. Олай болатыны: Қонаев арнасын 2002-2012 жылдары бұрынғы Шелек ауданының әкімі Елеусіз Сұлтанғазиев басқарған. Бұл су үлкен Сұлтанғазиевтің кезінде де делдалдар арқылы сатылып келген. Үлкен Сұлтанғазиев басқарып тұрған кезде де шаруалар судың бағасы қымбаттап кетті деп мәселе көтеретін. 2010 жылы 10 тиын тұратын судың бағасы 400 пайызға қымбаттады деп, кәсіпкерлер одағы шу көтеріп, мекеме оны жоққа шығырып, біраз ырғасқан, ақыры тынышталып қалды. Сөйткен су бағасы осы күні 78 тиынға дейін жетіпті.

Бір нақтылай кететін жайт, біз айтып отырған 24 кооператив – 2015 жылдан бері делдал болып келген СТК-лар (селолық тұтыну кооперативтері). Бірақ, бұл одан бұрын кооперативтер делдал болған жоқ дегенді білдірмейді. 2015 жылға дейін «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi» деп аталған. Бұл кооперативтер 2003 жылы пайда болған. Демек, делдал кооперативтер атын ауыстырғаны болмаса, дәл Елеусіз Сұлтанғазиев директор болып тұрған тұста, ҮАК-тен су сатып алып, делдалдық жасап жүрген. Бұл сөзімізді қазіргі директор да растайды. Одан нақтылауды сұрағанымызда: «Бұл «СПК» деп 2015 жылы өзгерді, оған дейін СПКВ деп аталған, яғни, «кооператива водоползователей» деген, осындағы «в» деген әріпті алып тастады. Әйтпесе, екеуі бір нәрсе».

Ал ағасына қатысы болатыны: Қуат Сұлтанғазиев көп жылдар бойы осы өңірде қызмет атқарғанын, қаншама шаруа қожалықтарын басқарғанын, тіпті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры болғанын айтпағанның өзінде, дәл осы Еңбекшіқазақ ауданында әкім болған адам. Дәл сол кезде иегінің астында делдалдар ауадан ақша жасап жатқанда; қалың қара шаруа судың бағасын екі есе қымбат төлеп, жерінің үлкендігіне не налитынын, не қуанарын білмей жүргенде: «әй, судың да сұрауы болады, ертең антикор келуі мүмкін, қойыңдар», демепті...

Облыс әкіміне шаруалар риза болуға тиіс деп отырғанымыздың себебі де сол. Әкесі де, ағасы да тыя алмаған, тоқтау сала алмаған, тоқтау салуға талпынбаған делдалдықты кіші Сұлтанғазиев келді де, бір-ақ бұйрықпен тоқтатып тастады. Сондықтан «әкесінің де, ағасының да қолынан келмеп еді (ойына келмеп еді), Мәкең келді де...» – деп, егістік басында күрегіне сүйеніп әңгімелесіп тұрған шаруаларды көрсеңіз таңғалмаңыз. Әрине, мұның ар жағында антикордың да еңбегі аз болмауы мүмкін. Егер, антикор облыс әкімінің сұранысы бойынша тексеру жүргізсе, шаруалар әр қылтиып өскен шөбі, көгеріп шыққан дәні үшін жаңа әкімге алғыс жаудыруға тиіс.

Бартоғай және Сұлтанғазиевтер

Үлкен Алматы арнасы дегенде Бартоғай су қоймасын айтпай кете алмайcыз. 2010 жылы Қызылағаш трагедиясынан кейін елдің бір назар аударған нысаны осы Бартоғай болды. Сол ауылдағы тұрғындар су қоймасының көптен жөндеу көрмегені, сапасы сын көтермейтіні туралы айтып, тіпті парламентте «бөгет жарылса, етектегі 50 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдарды 2 сағат 40 минут ішінде су шайып кетеді», деп дабыл қаққандар болған. Артынша, біраз журналист бұл жаққа жиі барғыштап, директор Елеусіз Сұлтанғазиев баспасөз бетінен түспей кеткен. Іске қосылғалы бері жөндеу көрмеген деп, одан, су сатудан түскен қаржы су қоймасы мен арнаны жөндеуге кетеді деп, ала-құла сөйлеп жүріп, зейнетке шыққан Елеусіз ақсақал ақыры Бартоғайды жаңартпай кетті.

Бартоғайдың Сұлтанғазиевтерге қатысты тағы бір сөз болатын тұсы Қуат Сұлтанғазиевке қатысты. Олай дейтініміз, былтыр Қанат Бозымбаев Қуат Сұлтанғазиевті Еңбекшіқазаққа тағайындағанда шешілмеген бір мәселе ретінде осы су қоймасының жайы айтылған. Қ.Сұлтанғазиев бауырының облысқа әкім болып келетінін, өзінің этика сақтап, өз еркімен орнынан кететінін, яғни бәрі бір үлгермейтінін білді ме екен, бұл шаруаны қолға алған да жоқ. Нәтижесінде, су қоймасы да, су арнасы да әлі күнге жөндеу көрмей, сол қалпы тұр. Ал 25 жылдан асқан нысандар жыл сайын тексерістен өтіп тұруға тиіс.

ҮАК-ның пайдалануға берілгеннен бері жөндеу көрмегенін Мейрам Арыстанов та растайды. Біз жолдаған ресми сауалға берген жауабында:

«Пайдалануға берілгелі 40 жыл өтсе де, каналды күрделі жөндеуден өткізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген емес. Дегенмен филиал өз күшімен әр жыл сайын, су беру науқаны вегетацияға дейін және науқан аяқталған сәтте каналдың ақаулар анықталып, тариф есебінен каналға  ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда, «Үлкен Алматы каналының 1,53 км апатты бөлігін қайта құру» жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алды. Құрылыс монтаж жұмысын мемлекеттік сатып-алу сайтына енгізілді», – дейді мекеме басшысы.

Айтпақшы, Үлкен Алматы каналын басқарып тұрған 2010 жылдары Елеусіз Сұлтанғазиев Бортоғай су қоймасы арқылы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдардың ауыз су мәселесін шешу туралы арнайы жоба дайындапты. Ол бұл туралы осыдан екі жыл бұрын «Жас Алаш» газетіне шаққан «Қарамендетегі қателеседі» атты мақаласында жазады. Шелек өңірі мен Үлкен Алматы арнасының бойында орналасқан ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін сол кездегі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің алдына барған, оны ертіп, сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Ахметжан Есімовтің қабылдауына кірген, екеуін екі жағына алып президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына дейін жеткен Елеусіз ақсақал Назарбаевтың шығарып салма сөзбен бұл мәселені кейінге қалдырғанын айтады. Және бұл таза ауыз су мәселесі әлі күнге өзекті дейді. Біз зейнеттегі ақсақалға қоңырау шалып, «өңірдегі ауыз су мәселесі туралы ұлыңызға айттыңыз ба?» деп сұрағымыз келген. Екі күн бойы телефон тұтқасын көтермеді.

Расында, табанынан тозып жүріп, президентке дейін барып, шеше алмаған мәселені облыс басқарып келе қалған ұлына айта салса, экс-президент сияқты сөзбұйдаға салып отырмас еді ғой. Оның үстіне, әкесі мен бауырының қолынан келмегенді әп-сәтте ретке келтіре салған әкім әкесі мен туыстарының таза ауыз су ішкенін қаламайды деймісіз!..

«Бір ұл бар әкеге жете туады, бір ұл бар әкеден өте туады» дейді қазақ тәмсілі...

Біз өзге де сұрақтарды қосып, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директорына, одан әрі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне жолдағанбыз. Баспасөз хатшысы болып жақында ғана келген әріптесіміз Жанна Арынбекова жаңа да ескі облыспен әлі танысып үлгермеді ме екен, әлде, әкімі басқаша тапсырма берді ме екен, екі күн күтсек те, әне-мінемен жауабын кешіктіріп жатыр. Әкімге жазған хатымызда Бартоғай су қоймасы мен ҮАА-ға жөндеу жұмыстары жүргізілетін-жүргізілмейтінін, делдал қызметін атқарған 24 кооперативке қатысты қандай шара қолданылғанын, 30 мыңға жуық шаруадан түсетін судың қаржысы қайда жұмсалатынын сұраған едік. Ал канал директоры су сатудан түсетін қаржының жөндеу жұмыстары мен жалақы төлеуге кететінін айтыпты.   

 

Тегтер: