Әкелер мен балалар және иттер
«Жаңа Қазақстанның» мәжіліске барған су жаңа депутаттары орындарына жайғаспай жатып, артындағы былықтары ашылып жатыр.
Біреуінің ұлдары мемлекет қаржысын талан-таражға салса, екіншісінің әскердегі баласы Алматыға келіп, жұртты сабап жүр.
Балалары бұзақылық жасауға жасы жетпеген кейбір жас мәжілісмендер халыққа берген уәдесін ұмытып, мәжілістегі алғашқы сұрағын үйсіз-күйсіз қазақтан емес, үйшіксіз бұралқы иттен бастап кетіпті. Ел ішіндегі түйткіл аз ба еді? Айта-айта жауыр болған, өзектілігі күшін жойған аралас некеге қарсы болып жатқан депутат ханымдар да бар екен.
Өткен аптада «Ауылдың» ақсақалы Жигули Дайрабаевтың екі ұлы бүкіл Қазақстанды шулатсын. Тараз қалалық соты субсидияларды ұрлау іс бойынша Жигули ағайдың екі ұлына үкім шығарды.
Депутаттың балалары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық субсидиялау қағидаларын өрескел бұзып, сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін мемлекеттен субсидия алып, оны жеке шаруа қожалықтарына рәсімдеп, бөлінген ақшаның бір бөлігін алаяқтық жолмен ұрлап, қалталарына басыпты. Сөйтіп, ағайынды Жигулиұлдары мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірген.
Қылмыстық іс бойынша төрт адамға сот үкімі шыққан, соның екеуі Дайрабаевтың балалары. Әкесі Жигули Дайрабаев күні кеше ғана мәжіліске барып, ант беріп, депутат болды. Былтыр жыл соңында президент сайлауына түсіп, жұрт есіміне тиісіп есін шығарса да, «миссиясын» орындап шыққан-ды. Соның бәрі ескерілген болуы керек, ұлдары миллиондап жесе де, субсидияның ақшасын суға ағызса да, сот іске өте жұмсақ үкім шығарған. Яғни миллиондарды жеген ағайынды жігіттер жазасын темір торда өтемейді. Мал-мүлкі тәркіленіп, басшылық лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айырылып, әрқайсына шартты түрде 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Дайрабаевтың ұлдары туралы ақпарат таралысымен, қоғамда әртүрлі әңгіме тарасын. «Жигули Дайрабаевтың депутат болуға моральдық құқығы жоқ», «Балаларының былығы үшін әкесі жауап беруі керек» деген сөз желдей есті. Оған мұрты қисайған Дайрабаев па, қыңқ деген жоқ. «Қол астындағы қызметкері парамен ұсталса, басшысы жұмысынан кетеді» деген заң талабы бар, бірақ, бұл заң әке мен балаға жүрмейтін болып шықты. Ал «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев ұлдарының ісі үшін Дайрабаевтың жауап бермейтінін айтып, әріптесін ақтап әлек. «Ересек азаматтар. Қоғам алдында да, заң алдында да, өздері жауап беруге міндетті деп есептейміз. Жеке Жигули Дайрабаевтың өзіне қатысты ешқандай іс жоқ. Бұған өзінің тікелей қатысы жоқ. Ол абыройы бар, ары таза, біздің партиямыздың фронтмені», деп пікір білдіріпті.
Бұл қатарда Дәулет Тұрлыханов та бар. Әкесі мәжіліске бармай жатып, әскерде жүрген баласы Алматыға келіп, сүйіктісі мен екі заңгерді соққыға жығып, қоғамға біраз лаң салсын. Жұртты сабап жүрген мықтының есім-сойы – Нұрасыл Тұрлыханов. Оқиға болған күні-ақ оған қылмыстық іс қозғалған. Ал әкесі Дәулет ағай ұлының 18 жасқа толғанын, жасаған қылмыстарына араласпайтынын айтып, басын алып қашсын. Мәжіліс депутаты көрінер көзге баласы үшін жауап бермейтіндей, іске араласпайтындай әңгіме таратқанымен, жәбірленушілерден кешірім сұрап жүр. Бұл нені білдіреді? Дәулет Тұрлыханов сияқты спортта бір басына жетерлік абырой-беделі бар, ақшалы депутат үшін баласын қылмыстан құтқарып алу сөз болып па? Басқасын қойшы, әскерде міндетін өтеп жүрген адам қалай көшеде жұртты сабайды? Бұл да анықталуы, айтылуы тиіс ақиқаттың бірі.
«Бір қызым бір қызымнан сорақы» деген әңгімені күйіп кеткен біреу айтқан болар… «Жаңа Қазақстанның» депутаттары, 29 депутат бірмандаттық жолмен сайланды» деп, жаңа парламентке сеніп жүргенде, олар әңгімені қаңғыбас иттерден бастап, біраз әңгімеге арқау болды. «31 жасымда депутат болдым» деп тебініп жүрген, қызыл шұлықты Нартай Аралбайұлы алғашқы сауалын қаңғыбас қазақтардан емес, бұралқы иттерден бастағанды жөн көріпті. Рас, бұны әлдеқандай проблема етіп көтеріп отырғаны дұрыс та шығар, дегенмен, сауалын тепсініп, тістеніп, әртістік мәнермен оқып беріп, елге жағам десе қателеседі. Осыдан кейін мәжіліске барған жастардан бірдеме күту басы артық дәме сияқты.
Әртістік демекші, жұртқа көзін ойнатып, бет-жақ сүйектерін бұлтылдатып, аузын ашып-жауып сөйлеп, өзіне де, сөзіне де сендіріп үйреніп алған Ринат Зайытов парламентке бармай жатып екі сөйлей бастады. «Ердің екі сөйлегені өлгені» дейтін мақалды бұрын өлеңіне көп қосатын-ды. Айтыста жүрген кезінде Павлодар мен Петропавлдың атын өзгерту керек деп өзеурейтін ақын мәжіліске барып «майысып» қалыпты. «Бұған ерте, асықпау керек, аптықпау керек, сабырмен шешу керек» дейтін болыпты. Ал бұрынғы айтыстарында ақындықтың буымен «Павлодарды – Кереку, Петропавлды – Қызылжар қылу керек» дейтін экс-ақын енді екі шоқып, бір сөйлейтін болған. Өйткені, Ринаттың басының еркіндігі болса да, сөзінің еркіндігі жоқ бұрынғыдай. Бұдан былай Зайытовтың алдынан ақын күнінде айтқан ақиқаттары әлі талай шығады-ау! «Ұйғыр ауданының атын ауыстыру керек» деп домбырасын сабалайтын Ринат мәжілістің партасын ұрып тұрып, сахнадағы ерлігін қайталай алар ма екен? Әй, қайдам!
Ал былтыр Жигули Дайрабаевпен бірге президенттік сайлауға түскен Қарақат ханым парламенттегі алғашқы сауалын махаббат тақырыбынан бастап үлгерді. «Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қазақ қыздары Қазақстанға салық төлесін» деп, ешқашан орындалмайтын, айтылып-айтылып жауыр болған, ешкім селт етпейтін арзан әңгіме Қарақатты қанағаттандырар, бірақ одан да өткір мыңдаған проблемасы бар қазақты қанағаттандыра алмайды.
«Сенген қойым сен болсаң...» деген мақалды әлі талай жазатын сияқтымыз ғой. «Жаңа Қазақстанның» депутаттарды журналистерді жалықтырмайтын сияқты.