Әкесі ұсталған 1937 жылы 7 жасар болған. Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31.05.2020, 20:59

27

Жексенбі, 31 мамырда Алматы облысы Жаңалық ауылының маңында орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің алдына жиналған жұрт марқұмдарға арнап құран бағыштады.

1937-1938 жылдары сталиндік репрессияға ұшырап, жазықтан-жазықсыз атылғандарды еске алу мемориалына ондаған адам келді. Олардың арасында қуғын-сүргін құрбандарының балалары мен ұрпақтары да бар.

Ағайынды Асылхан Омарқұлов пен Асубек Арзымбет әкесі ұсталған 1937 жылы 9 және 7 жасар бала болғанын айтады.

<img alt="«Жандосовтың жақтасы» деген жаламен ұсталып, атылған Шәріп Садырбайұлы есімді адамның балалары — Асылхан Омарқұлов пен Асубек Арзымбет. Алматы облысы, 31 мамыр 2020 жыл." src=«gdb.rferl.org/64BCC7BC-74C0-492B-8DE1-D9505E02C0F1_w250_r0_s.jpg» /> /> «Жандосовтың жақтасы» деген жаламен ұсталып, атылған Шәріп Садырбайұлы есімді адамның балалары — Асылхан Омарқұлов пен Асубек Арзымбет. Алматы облысы, 31 мамыр 2020 жыл.

— Бір үйде бес бала болатынбыз. Әкем ұсталғаннан кейін бізді балалар үйіне өткізетін болды. Сол кезде көзі қарақты бір ағайын бәрімізді басқа адамдардың атына жаздырып жіберіпті. Мысалы, ағам әкемнің інісі Омарқұлдың атына, мен әкемнің ағасы Арзымбеттің атына жазылдым, — дейді тоқсан жастағы қария Асубек Арзымбет.

Совет билігі тұсында «халық жауының баласы» деген аттан өмір бойы көз ашпай өткен қос қария "әкелерінің қарапайым еңбек адамы болғанын, үйіне Ораз Жандосовты қондырғаны үшін ұсталып, «Жандосовтың жақтасы» деген жаламен атылғанын" айтып, көздеріне жас алды.

Ескерткіш жанына тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, алаштанушы Ғарифолла Әнес, Советтік Қазақстанның диссиденті Хасен Қожа-Ахмет және Жаңалық ауылы мешітінің имамы мен Қайнар ауылдық округінің әкімі келді.

Ескерткіш алдында сөйлеген Ғарифолла Әнес пандемияға байланысты үлкен жиын өткізе алмағандарын айтып, жиналғандарға құран бағышталғаннан кейін топтасып тұрмай тезірек тарап кетулерін сұрады.

2018 жылы ескерткіш жанынан ашылған музей карантин режиміне байланысты ішке ешкімді кіргізбеді.

Дәл осыған ұқсас шара жексенбі күні Алматы және Семей қалаларында да өтті. Алматыда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңына 20 шақты адам жиналып, қуғын-сүргін құрбандарын, Тәуелсіздік үшін опат болған азаматтарды еске алды, белсенді Дулат Ағаділдің де әруағына құран бағыштады.

Семейде Әлихан Бөкейхан ескерткіші алдына жиналған тұрғындар құран оқығаннан кейін елдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы да сөз қозғап, «жүйені өзгерту, талан-таражға түскен мемлекет байлығын халыққа қайтару қажеттігі» сияқты мәселелерді айтты.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу 31 мамырда атап өтіледі. Тарихшылардың зерттеуінше, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болып, сталиндік репрессия жылдарында кем дегенде 22 мың адам атылған.

30 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36