Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 19:19

Әкесін ұрған іс: прокуратура сот үкімімен келіспеді

Соққы
Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында қарт әкесіне жүйелі түрде зорлық көрсеткен ер адамға қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс әлі де жалғасып жатыр. 

2026 жылғы 16 қаңтарда Түркістан облысының Жетісай аудандық соты айыпталушыны бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарғанымен, прокуратура бұл жазаны жеткіліксіз деп есептеп отыр.

Жетісай аудандық сотының үкіміне сәйкес, жергілікті тұрғын Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, ол дәрменсіз күйдегі адамды азаптау (ҚК 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) және дәрменсіз жағдайда тұрған адамға орташа ауырлықтағы қасақана денсаулыққа зиян келтіру (ҚК 107-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы) баптары бойынша сотталды. Сот шешімімен айыпталушы орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде бес жыл жазасын өтеуге тиіс.

Сот барысында судья жеңіл жазаны ауыр жазаға алмастырғанын атап өтті. Айыпталушы өз сөзінде көз жасына ерік беріп, «бәрінен кешірім сұраймын» деп мәлімдеген. Ал алдын ала мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік айыптаушы соттан ер адамға алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Алайда сот үкімімен Шардара ауданының прокуратурасы келіспей, жазаны қатаңдату туралы апелляциялық наразылық келтірді. Түркістан облысының прокуратурасы бұл істегі жаза ауырлығы жасалған қылмысқа сай келмейді деп есептейді. Апелляциялық өтінішхат заңда белгіленген мерзімдерде сот алқасында қаралатын болады.

Еске салсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілерде Түркістан облысында ер адамның қарт әкесін балағаттап, қорлап, ұрып-соғып жатқан видеосы тараған еді. Бұл видео қоғамда үлкен резонанс туғызып, көп ұзамай полиция күдіктіні қамауға алып, қылмыстық іс қозғаған.

Тегтер: