Ақыл-ой соғысының нояны
![Мағауин](/static/img/image.jpg)
Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын сынайтын адам табылуы мүмкін. Мұхтар Мағауиннің әр кезде айтқан ойларына да қарсы уәж айтатындар шығып қалар. Мұхтар Мағауинді адам ретінде әркім әртүрлі бағалайтын шығар.
Бірақ Мұхтар Мағауиннің қиын күндері қазақтың жел жағына шығып, пана болғанын, ақыл-ой соғысында алдаспан болып жарқылдағанын ұятсыз біреу болмаса, жөні дұрыс деген адамның ешқайсы жоққа шығара алмайды.
Болып жатқан жағдайларға, оның ішінде тұтас бір халықтың ахуалына жақыннан қарау бар да, алыстан қарау бар. Алыстан қарау үшін білім ғана емес, солай ойлай алатын машық та керек. Совет өкіметі өздерінің қолайына жағатын дүниені ғана көрсетіп, жақпайтынын аластап, саңылаудың бәрін бітеп, шет-шетін құрсап, жарықты көлегейлеп, бойы асып көрінетін нәрселерді қалқалап, әйтеуір адамның санасын қорып баққан заманның өзінде Мұхтар Мағауин адамзаттың арғы-бергі тарихын бағамдап, өзінің халқын танып, оның өткеніне әсер еткен, болашағына әсер ететін жайттарды салмақтап, алты тарапты ойша аралап шығып, өзі мен халқына қатысты сұрақтардың бәріне өзінше жауап тауып, қай жерге дейін барғысы келетінін межелеп, қай жерге дейін бара алатынын да шамалап, күмән, күдік, қорқыныш атаулыдан арылып, тас-түйін дайындықпен жолға шыққан адам.
Ашық соғыста адамның жанын алу үшін тәнін шапса, жаулап алған соң отарлаушы ел бодан елдің санасына ғазауат жасайды. Құрсап, тарылтып, өзі көксейтін тарапқа қарай бұрады. Мұхтар Мағауин осындай соғыста ерлік көрсеткен ноян.
Мағауинге тән менмендік, Мағауинге тән ұлтшылдық – төрт құбыласы тең, өктем елге жараспас еді. Әрі өр, әрі мәрт халықтың басқа бір заманда – кеудесі басылып, жасыңқырап, өзінің өткенін өзі ұмытып, келешегін бағдарлай алмай, есеңгіреп қалған тұсында туғандықтан да Мағауин солай «Мен» деп шалқайды, солай ұлтшыл болды. Ортайып қалғанды толтырып, қисайып қалғанды теңдеу керек болды.
Алаш арыстары қолданатын «құрдастық» дейтін бір сөз бар. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады» дейді екен Әлихан Бөкейхан «Алаштың талапты азаматына! Үндеу» мақаласында. Мағауин ұстанған жол осы құрдастыққа жету үшін керек жол еді.
Мұхтар Мағауин ұстанымға адал болу жағынан қазақ баласына үлгі көрсетіп кетті. Ол адалдық тек сатқындық жасамау деген мәндегі адалдық емес, әрбір сәтіңді, тіпті керек болса таңертеңнен кешке дейін жұмсалатын күш-қуатыңды да сол ұстаным жолында жұмсау, беталды ысырап қылмау дегенді де білдіретін серт деңгейіндегі адалдық болатын.
Арман Әлменбет