Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 25 Қаңтар 2025

Ақылы автотұрақтар: Қасымбек пен Досаевқа тигені – ширегі ғана

Досаев, Боранбаев, Қасымбек
Досаев, Боранбаев, Қасымбек. Фото: Жас Алаш коллаж

Бірнеше жылдан бері қоғамның наразылығын тудырып келе жатқан мәселенің – еліміздегі жекенің қолындағы ақылы автотұрақтар.

 Әсіресе Алматы мен Астана сияқты мегаполистерде көше жиегі толған автотұрақ. Бірақ қала халқы көлігін қоятын жер таба алмай әбігерге түседі де жатады. Жекеменшік компаниялар монополия жасап, қалалардағы көлік тұрақтарын иеленіп алған.

Елордадағы ірі ақылы автотұрақтың бірі – «Парковочное пространство Астаны» жекеменшік компаниясы. Халық ақы алғанымен ешқандай қызмет көрсетпейтін мұндай кәсіпорындарға ақша төлеуге қарсы. Ақылы тұрақтардың құны – бір сағатқа 100 теңге. Ал сіз 5-10 минутқа көлігіңізді қойсаңыз да сол соманы алады. Егер төлемей кеткен жағдайда 12 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайсыз. Оны автотұрақ компаниялары сот арқылы өндіріп алады. Қысқаша айтқанда, үкімет халықтың емес, жеке компания иелерінің жағдайын жасап беріп отыр. Егер тұрақтағы көлігіңіз жырылып-сырылса, заттар ұрланса, басқа көлік келіп соғып кетсе, автотұрақтың иелері жауап бермейді. Осы жерде «мемлекеттің жекеменшік тараптар арасындағы қарым-қатынасқа араласуы қаншалықты заңды?» деген сұрақ туады. Бұл сұраққа да әзірге нақты жауап жоқ. Жақында Астанадағы Жол-көлік инфрақұрылымдарын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбековтің көлік тұрағына байланысты айтқан «қоғамдық көлікпен жүруді ұсынамын» деген сөзі қоғам наразылығын тіпті күшейтіп жіберді. Шынында да ақылы автотұрақ мәселесі сөз болғанда қоғамдық көлікпен жүруді ұсыну ақылға сыймайтын әрекет.

 автоұрақтар
Фото: Gov

Қазір ақылы автотұрақ ақысы жеке компаниялар қалтасына кетіп жатыр. Мысалы, елорда жүргізушілері кейінгі үш жылда көлік тұрағы үшін төлеген 725 995 427 теңгенің 617 315 ​​439 теңгесі жеке компанияның қалтасында кетіп, 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен. Яғни жүргізушілер төлеген әрбір жүз теңгенің 14 пайызы немесе 14 теңгесі ғана ел қазынасына түседі. Сонымен бірге, кейінгі үш жылда елордада тұрақ ақысын төлемегендерге 5,6 млрд теңге айыппұл салынған, бұл тұрақ ақысынан 7,5 есе көп. Осы сынды Алматыдағы ақылы автотұрақ иелері саналған Алматы спецтехпаркинг сервис» пен Alan Parking компанияларына 2022 жылға дейін жылына орта есеппен 1,5 млрд теңге қаржы түсіп отырған.

Еліміздегі ақылы автотұрақтардың иесі кімдер?

Астанадағы ірі ақылы автотұрақ компаниясы «Парковочное пространство Астаны» ЖШС екенін жоғарыда айтып кеттік. Компания 2015 жылы құрылған, бірақ содан бері тіркеуін бірнеше рет өзгертіп, қазір Алматының Бостандық ауданының бизнес орталықтарының біріне орналасыпты. Отандық БАҚ-тың хабарлауынша, 2016 жылы «Парковочное пространство Астаны» компаниясының иесі бұрынғы қорғаныс министрі, Назарбаевтың сенімді серігі Әділбек Жақсыбековтің бауыры Арман Батпенов болған. Жақсыбековтің өзі 2014-2016 жылдар аралығында Астана қаласының әкімі болған. Бұған дейін компанияның құрылтай мүшелері бірнешеу еді, кейін олар құрылтай құрамынан шығып кеткен. Stasnet мәліметінше, бұған дейін кәсіпорын құрылтайшылары арасына Рүстем Исенов, «DTM 2021» ЖШС және «Жасыл-Жер» ЖШС кірген.

1

«Жасыл-Жер» компаниясы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. 2024 жылғы ақша айналымы 100 млрд теңгеден асады. Оның құрылтай құрамында Тіленді Құғабаев, Eco City Group ЖШС болған. Бірақ қазіргі жалғыз иесі – Рамазан Медетбеков. Ал Eco City Group компаниясының құрылтай құрамында Қайдар Исәлиев бар. Осы аттас азамат 2017 жылдары Президент әкімшілігінде «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары болған деген дерекке кездестік. Бұдан бөлек, Исәлиевтің Елордадағы саябақ ісімен айналысатын жылдық қаржысы 7 млрд-тан асатын Park Service Astana дейтін компаниясы да бар.

Ал енді DTM-2021 компаниясына келсек, оның құрылтай құрамында Қайрат Бисембаев пен Ержан Төлеубеков болған, қазір тек Шыңғыс Досыбаев қалған.

Ержан Төлеубеков «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мемлекеттік қорғаныс кәсіпорнының директорлар кеңесінің мүшесі және тәуелсіз директоры, «Цеснабанк» АҚ және «Астана Капитал Инвест» инвестициялық компаниясы және Халық банк сияқты қаржы саласындағы бірнеше компанияларда жоғары қызметтер атқарған. Ал Қайрат Бисембаев кәсіпкер, шағын кәсіпорындары бар.

Енді ақылы тұрақтың қазіргі иесіне келейік. Аты-жөні – Шыңғыс Досыбаев. Кәсіпорынның директоры да құрылтайшысы да жалғыз өзі. Шыңғыс Досыбаевтың «Парковочное пространство Астаны» компаниясынан бөлек ДТМ 2021, «Гефест Астана», «Перфект Трейд Партнер» сынды көтерме саудамен айналысатын компаниялары да бар.

Ал «Парковочное пространство Астаны» кәсіпорнының былтырғы қаржы айналымы 6 млрд теңгеден асады. Төлеген салығы 115 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

Боранбаевтың меншігіндегі ақылы тұрақтар

Алматының ақылы автотұрақтары 2016 жылы жеке компаниялар – «Алматы спецтехпаркинг сервис» және Alan Parking меншігіне өтті. Сол кезде Alan Parking компаниясының 30 пайызы миллиардер Қайрат Боранбаевтың RR2 компаниясына тиесілі болды. RR2 ЖШС бас директоры Боранбаевтың інісі Мұрат Боранбаев болған. Екі компания ақылы автотұрақтардың жұмысын қамтамасыз ету, пайда табу және мемлекетке дивидендтер төлеу керек еді. Бірақ іс үкімет күткендей болмай шықты.

2022 жылдың наурыз айында кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталып қамалғасын, аталған компанияларға да қатер төнді. Бір айдан кейін Alan Parking компаниясының директоры Мұхтар Базарбаев пен «Алматы Спецтехпаркинг Сервис» ЖШС-ның басшысы Марат Пірінбеков қамауға алынды. Оларға да 436 млн мемлекет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Кейіннен сот Пірінбековті 5 жылға бас бостандығынан айыру, Базарбаевты 6,5 жылға қамауға үкім шығарды. Ал Назарбаевтың экс-құдасының інісіне халықаралық іздеу жарияланды. Бұдан соң Алматы әкімдігі автотұрақтардың мемлекеттік меншікке қайтарылғанын хабарлады. Сөйтіп, Алматы әкімдігі аталған компаниялардың иелерінен «Алматы Спецтехпаркинг сервисінің» 70 пайыз және Alan Parking-тің 100 пайыз үлесін қала меншігіне қайтарған (бір қызығы, Қаңтар оқиғасынан кейін екі жылға жуық Алматы автотұрақтары қараусыз қалған сияқты. Себебі дәл осы кезеңде автотұраққа ақша төлеу «ерікті» болды, төлесең қабылдайды, төлемесең айыппұл салынбайды). Кейіннен Alan Parking қызметі тоқтап, орнына «Алматы паркинг» құрылды. Қазіргі күнде Алматы ақылы автотұрақтары мемлекет меншігінде. Енді соларға біртіндеп тоқталып өтейік.

1

«Алматы паркинг» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2022 жылы 1 маусымда құрылды. Директоры Владимир Ни, құрылтайшысы «Алматы қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

2024 жылғы қаржы айналымы 5,3 млрд теңге. Былтырғы төлеген салығы 110 млн теңгеге жуық.

Екінші ақылы автотұрақ «Алматы Спецтехпаркинг сервис» компаниясының директоры Арслан Бекқожа, құрылтайшысы Алматы әкімдігі.

Былтырғы қаржысы 804 млн теңге, төлеген салығы 15 млн теңгедей. Алайда бұл кәсіпорынның құлдыраған шағы. Мысалы, Боранбаев ұсталған 2022 жылдары қаржы айналымы 16 млрд теңгеден асқан. Осы уақытқа дейін мемлекеттен 7 келісімшарт алған.

Ақылы автотұрақтарға қатысты не өзгереді?

Автотұраққа қатысты мәселелерді былтырдан бері көтеріп жүрген депутат Нартай Аралбайұлы жыл басынан бері өз ұсыныстарының бірнешеуін қабылдатқан. «Жас Алаш» тілшісі депутатқа бұл мәселеге қатысты бірнеше сауал қойды. Оның айтуынша, ақылы автотұрақта азаматтардың тегін тұруын 5 минуттан 30 минутқа ұзарту, автотұрақты күтіп-ұстау жұмысын жеке компаниялардың өзі алуы және ақылы автотұрақтардың типтік жоспарын үкімет жасау ұсынысын үкімет қабыл алған.

Нартай Аралбайұлы
Фото: ашық дереккөз

«Әкімдіктер ақылды емес, ақымақ адамның әрекетін жасаған. Мысалы, мен әкімдікпін, сізге жекеменшікке автотұрақты беремін. Ал сіз ақша алып отырасыз. Оның жолағын сызу, жарығын тарту, жолын түзеуді әкімдік атқарады. Пайданы сіз көріп отырасыз. Мен осыны меңзеп, компаниялар шығынды өздері өтесін деп отырмын. Бұдан бөлек, еліміздегі барлық ақылы автотұрақтардың типтік жоспарын үкімет дайындасын. Тағы бір мәселе, егер мен сіздің автотұрағыңызға ақша төлемей кетсем жеке компанияның мүддесі үшін айыппұлды үкімет салады. Сонда үкімет жеке компанияның құқығын қорғайды. Бұл да логикаға қайшы емес пе? Сонымен мен ұсынған уақытты ұзарту, инфрақұрылымды компанияның өзіне беру және типтік жоспарды жасауды үкімет қабылдады», – дейді депутат.

Жақында әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заңға президент қол қойды. Құжат 2025 жылдың 13 наурызында күшіне енеді. Не өзгерді дегенге келетін болсақ, ақылы автотұрақтың ақысын бірінші рет төлемей кеткен азаматқа салынатын айыппұл көлемі 11 796 теңгеден 3 932 теңгеге азаяды. Бұдан бөлек, егер ақылы автотұрақтың ақысын төлемеу фактісі бір жылдың ішінде қайталанса 19 660 теңгеден 7 864 теңгеге түсіріледі (бір аптаның ішінде төлегендерге 50 пайыз жеңілдік жасалады).

Айтпақшы, 2023 жылы Астана әкімі «ақылы автотұрақтар бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімдері қайта қаралады» деп мәлімдеген. Сол кезде Жеңіс Қасымбек ақылы автотұрақтарды толығымен алып тастауды жоспарлап жатпағанын, тек әкімдік үлесі артатынын айтқан. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың жанында ақылы тұрақ болмауы керек, олар жойылады дегені тағы бар. Арадан бір жылдан аса уақыт өтсе де елордада ештеңе өзгермеген сияқты. Сондықтан Астанада ақылы тұрақтардың толығымен мемлекет меншігіне өту ұсынысының ауылы әлі алыс сияқты. Оның үстіне олардың иелері кім екенін де жазып өттік.

Айтпақшы, «Астанадағы ақылы автотұрақта тұрған көлікке зақым келсе немесе заты ұрланса тұрақ иелері жауап бере ме?» деп «Парковочное пространство Астаны» компания өкілінен сұрадық. Олар міндеттеріне мұндай жауапкершілік кірмейтінін айтты. Ақысын алып отырғасын не үшін жауапкершілік кірмейтінін сұрағанымызда: «мұндай сауалыңызды компаниямыздың заңгерлеріне қойыңыз, сұрақтарыңызды ресми жолдаңыздар» деген жауап естідік. «Жас Алаш» аталған кәсіпорынға ресми сауал жолдады. Жауап келсе, алдағы уақытта жариялаймыз.

Тұрсынбек БАШАР