Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.

Қолына билік тиген кейбір шенеуніктердің ісіне қарап олардың заңнан хабары жоқ екеніне таңғалмасқа шара жоқ.
10 қаңтардағы сайлаудан кейін Ұлытау ауданындағы билікте ауыс-түйіс болған еді. Ауданның бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәжіліс депутаты болып сайланып, оның орнына әкімнің міндетін атқарушы ретінде әкім орынбасары болған Мақсұт Оспанов тағайындалған-ды. 15 қаңтарда облыс әкімінің пәрменімен бұл лауазымға уақытша отырған ол 20 қаңтарда туған інісі Мұхтар Оспановты жер қатынастар бөлімінің бастығы лауазымына тағайындаған. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 13-бабы 7-бөлігінде «лауазымды шенеунік қарамағына жұмысқа бірге туған жанды ала алмайды» деп анық жазылған. Алайда Мұрат Оспанов қолына билік тиісімен бұл заңды ұмытып кеткен тәрізді. Ағайындылардың жұртты қызықтырған лауазымдары әлеуметтік желіде талқыланған соң, биліктегі атқамінерлер қызметтік тексеріс өтеді деп даурыққан еді. Осыдан кейін бөлім бастығы болған Мұхтар Оспанов бірден орнынан алынған-ды.
26 ақпанда әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ұлытау ауданы әкімі орынбасарының тәртібі қаралды. Заңды бұзып, інісін бастық еткен шенеуніктің ісіне әдеп жөніндегі кеңес «қызмет лауазымына сай емес» деген тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Сонымен қатар әкім орынбасары інісін лауазымды қызметке тағайындағанда қарсылық көрсетпеген және бұл туралы жоғарғы жаққа хабарламаған Ұлытау ауданы әкімі аппаратының басшысы мен қызметкерлерді басқару бөлімінің басшысына да тәртіптік іс қозғалды. Ал осы Ұлытау ауданына облыс әкімі жақында Советбек Медебаевты әкім етіп тағайындады.