Әкім болу оңай деймісің, қарағым
Әкім болу оңай емес. Әкім болу – халыққа жақын болу деген сөз. Ал олай болмаса, ешкім әкімдіктің тізгінін ұзақ ұстап отыра алмайды.
Әкім болдың ба, іскер бол, бесаспап бол. Сонда ғана халыққа жағасың.
Айтқымыз келгені мынау еді, солтүстікте Петропавл қаласының әкімі қызметінен кетті. Неге? Іске қырсыз болды ма, әлде қабілеті жетпеді ме? Білмедік. Сол солтүстіктегі шаһардың әкімі Болат Жұмабеков Facebook парақшасына мынадай жазба қалдырыпты: «Бүгін мен зейнетке шығуға шешім қабылдадым. Соңғы үш жылда біз бірге көптеген сынақтардан өттік: карантин, қаланың жабылуы, қаңтар оқиғасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс бойынша көптеген сұрақтар. Осы кезеңдерде қала әкімдігінің бүкіл ұжымы кәсіби біліктілігін танытты». Мейлі ғой, билік кімнен қалмаған. Кенеше мәңгі жабысып қалған ешкім жоқ. Барсын. Бірақ Болат Жұмабеков жұрт есінде қалатындай артына не қалдырды? Рас, ол 2019 жылы шаһардың әкімі болып келді. Бірақ сол кезден бүгінге дейін ол шаһардың әл-ауқатын көтерді деп айту қиын. Қаланың көнетоз реңі өзгерген жоқ. Сол жадау қалпы әлі тұр. Шаһар тұрғындарының да әлеуметтік мәселелері шешілді деп айту қиын. Керісінше, құлдырау бар. Мәселен, үстіміздегі жылдың сәуір айында Заречный кентіндегі 800 саяжай өртеніп кеткен. Өрттің негізгі себебі саяжайларды күтудің жүргізілмеуі, өсіп кеткен арамшөптер мен қамыстың кесірі тиген. Заречный тұрғындарына әкімдік тарапынан көмек көрсетілмеген. Өтемақы туралы сөз болған жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тағы бір айта ететін жайт, бұл өңірге «Еңбек» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандар көп. Алайда мұнда оларға жағдай жасалмаған. Баспаналар сапасыз. Қыста суық. Жол тартылмаған. Тротуарлар тазартылмаған. Су жүйесіде дұрыс жұмыс істемейді. Еңбекақы тым төмен. Ал осындай қордалы мәселелері көп жерге кім келсін? Оңтүстіктен келгендердің біразы кері көшіп кетуіне де осы мәселелер әсер етті деуге болады. Демек, әкім дұрыс жұмыс жүргізе алмаған. Қаладағы осындай көптеген кемшіліктер туралы «ҚазАқпарат» талай мәрте жазды. Бірақ өзгерген, қорытынды шығарған ешкім жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» қалпында қалуда. Ұлттық статистика бюросы ең қымбат бензиннің бағасы осы қалада екенін жариялаған болатын. Солтүстік Қазақстанда орташа жалақы 203 мың теңгені құрайды. Шындығында, Петропавл жан басына шаққандағы табысы ең төмен орындар тізімінде. Солтүстік қазақстандықтардың көбі статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда аз алатынын айтады. Көпшілік жұмыс орындары 120 мыңнан артық төлемейді деседі, тұрғындар. Ең төменгі жалақы қызмет көрсету салаларында байқалады. Бұл үй қызметшілері, техникалық қызметкерлер, даяшылар, жүк тиеушілер, күтушілер және т.б.
Солтүстік Қазақстан облысы статистика департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева орташа жалақы қандай критерийлер бойынша анықталатынын айтты. Сүйтсе, көрсеткіштерге облыстағы маусымдық жұмыстар, жәрдемақылар, сыйлықақылар, жұмыстың ресми мәртебесінен тыс табыстар кіреді екен. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Өзіңіз біліңіз. Хош! Сонымен шаһар әкімі қызметінен кетті. Жаңадан тағайындалатын әкім осындай қордаланып қалған мәселелерді шеше алады ма? Әлде олда біраз жыл байқап көріп, болмаған соң қолын бір сілтеп тайып тұра ма?