Әкім №2 ЖЭО-дағы жөндеу жұмысына ескерту жасады
Теміртаудағы №2 ЖЭО арнайы барған облыс әкімі ондағы жөндеу жұмысының барысымен танысты.
Мамандардың мәлімдеуінше, 7-қазандықтың құрылысы бойынша 70 пайыз міндет тәмамдалған. Алайда, энергетикалық кешендегі мердігерлердің қимылы баяу.
-Аңғарғанымдай, жұмыс кестесі талапқа сай үйлестірлімеген. Мұнымен қатар, жұмысшылар саны аз. Сайып келгенде, бүгінгі екпін бізді қанағаттандырмайтын дәрежеде,- деп ескерту айтқан аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекбаев, Теміртау қаласының әкіміне энергетикалық қадағалау департаментімен кеңесіп жұмысты жіті қадағалауға алуды тапсырды.
Биыл металлургтер шаhарындағы 29 шақырым жылу желілерін жөндеу басталады. Бөлекбаев осы міндетпен айналысатын мердігерлермен кездесті. Оларға қажетті жабдықтарды толық жеткізбейінше, жылу желілерін бөлшектеуге рұқсат берілмейтінін қадап айтты.
Еске сала кетейік, былтыр қаланың тұрғын үйлері мен өндірістік нысандарын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін 2-жылу электр орталығындағы бес қазандықтың үшеуі қақаған аязда істен шығып, жұртты әбігерге салған еді. Сол кезде халық жетінші қазандықты үш жыл орната алмаған «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының айбын сынға алып, прокурорлық тексеріс шақыртты.
Енді ЖЭО-на жөндеу жұмысын өткізіп жатқан мердігерлер барлық олқылықтарды орнына келтіреді ме? Оны уақыт сыншы көрсетеді.