Әкім қандай болуы керек: идеолог па, шаруагер ма?
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дегенді айтып келе жатқанымызға да біраз жыл болды.
Бірақ бірен-сараны болмаса халқына жақын болып, қалың елдің көңілінен шыққандары шамалы… Кешегі толқын оны толық дәлелдеп берді. Қиын-қыстау кезеңде халқының қасынан табылып, бірге жүргендері негізінен былайғы уақытта да халықшыл әкім ретінде сипатталып жүргендер. Ал айдың-күннің аманында өздерін әлеуметтен алшақ ұстап, кісі киіктеніп жүретіндер қанша жерден іскер болса да, қалың елдің көңілінен шығып, жүрегіне жол таба алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Екі сөзді ежектеп оқып, мүмкіндік болса тасаланып жүргенді тәуір көретіндер кешегідей сын сағаттарда тіпті бұғып қалады екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құруға, ол барынша ашық, әділетті болуға тиіс екенін айтты. Президент тапсырмасын орындау үшін оның жергілікті өкілдері де әділ, турашыл, халыққа жақын болуы керек емес пе?! Ал біздің бүгінгі екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстаған ірілі-ұсақты шенеуніктер Мемлекет басшысы тарапынан қойылып жатқан талаптарды орындауға қаншалықты дайын?
Жалпы әкім, әкім болғанда да бүгінгі Жаңа Қазақстанның, жаңа дәуірдің әкімі қандай болуы керек? Бұл тақырыпты қаузап жүрген саясаткерлердің пайымдауынша, әкім әмбебап болғаны жөн. Яғни, саясатты жаңғақтай жағып, одан қалса шаруашылықты да ұршықша иіретін болуы керек. Неге алдымен саясат? Өйткені идеологияны «қақпайтын» шаруа әкім өзі басқарып отырған елді де қара жұмыспен қажытып жібереді. Есесіне, қанша еңбектенсе де сол пейнетінен рахат таба алмаған адам өзін толыққанды бақытты сезіне алмайды екен. Оған мысалды өзіміз көрген бір-екі әкімнің өмір-тәжірибесінен алсақ та болады.
Екі мыңыншы жылдардың бірінші он жылдығының екінші жартысы мен одан кейінгі он жылдықтың бас жағында Шардара ауданын екі әкім басқарды. Біріншісі – бар болғаны бір жарым жылдан сәл аса басшылық жасаған Серікбай Ибадуллаев болса, екіншісі – одан үш есе ұзақ отырған Марғұлан Марайым. Бірі – идеолог, екіншісі – шаруагер… Екеуінен де өзіне лайық із қалды: Ибадуллаев елдің рухын көтеретін іс-шараларға басымдық берсе, Марайым құрылысқа қарқын қосып, өндіріс орындарын көбейтті. Ал араға он жыл салып ауданға барғанда біз Ибадуллаев салып кеткен іздің әлі де жалғасып жатқанын көрдік. Еңбек адамдарын лайықты көтермелеу, талантты жастарды қолдау, мүмкіндік болса естелік кітаптар шығару… (С.Ибадуллаевтың кезінде әр түрлі жанрдағы төрт-бес кітап жарық көріп, аудандық, облыстық, республикалық байқаулар ұйымдастырылды). Ал шаруаға бейім әкім лентасын қиған мақта майын өндіретін цех, күріш, қант зауыттары қаңырап бос тұр. Жергілікті тұрғындар, тіпті кейбірінің орны да қалмағанын айтады. Неге? Өйткені шаруагер әкім елге жұмыс керек деп өндіріс орындарын салды, бірақ оған жұмыс істейтін адамдарды дайындай алмады. Бұл жағдайда әкімнің шаруагер болғанынан гөрі, идеолог болғаны әлдеқайда тиімді көрінеді екен. Егер бір бойынан бұл «өнердің» екеуі де табылып жатса тіпті жақсы. Біздің бұл пікірімізді белгілі ғалым, Қазақстан ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Оразәлі Сәбден бұған дейін де айтып жүр. Таяуда тағы бір шегелеп өтіпті. Ол өзінің таяуда республикалық газеттердің бірінде жарық көрген мақаласында «… біз өзімізден бастап – 30 жылда қалыптасқан бүкіл билік жүйесін өзгертуіміз керек. Қазақстанның бүкіл құрылымын өзгерту үш бағыттан тұрады: экономиканы әртараптандыру арқылы инновациялық жолға түсу, әлеуметтік инновация, адам капиталының сапасын арттыру, сананы өзгерту; түбегейлі саяси реформа жасау. Кейбір лидеріміз айтқандай, бірінші – экономика, сонан соң – саясат емес, осылардың бәрі бір жүйе (процесс) ретінде қатар жүруі керек. Бұл ойды мен о бастан-ақ айтып та, жазып та бергенмін билікке. Бірақ тыңдар құлақ болмады» дейді де, оның жолдарын төрт тармаққа бөліп қарастырады.
Бірінші мемлекеттік жоба. ҚР ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе, ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет, сот жүйесін халық сайлауымен қоса.
Екінші мемлекеттік жоба. Қоғамның рухани-тарихи жаңаруы жаңа өркениетке жол. Негізгі назар мәдениет, тарих, денсаулық, моральдық-адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Қазақстанға рухани-мәдени ренессанс қажет.
Үшінші мемлекеттік жоба. Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға аса басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет және жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз керек. Ол үшін үлкен инвестиция салу қажет. Егер азық-түлік державасы болғымыз келсе ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі қазіргі – 4,5 пайыздан кем дегенде – 20-25 пайызға дейін өсуі керек.
Төртінші мемлекеттік жоба. Жаңа өндірістік құрылым саясатына, индустриалды-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды тез дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гумманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.
Міне, осы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін саясатты жетік білу, идеологияны ұршықша иіру бүгінгі әкімдерге ауадай қажет. Өз елінен қашып, сұрағына мардымды жауап бергісі келмейтін әкімдер бұл міндет-мақсаттардың үдесінен шыға ала ма? Оразалы Сәбден «бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін» екенін айтады және алдағы уақытта тағы да қателіктерге жол беріп, жұтылып кетпеуіміз үшін қоғам болып Жаңа Қазақстан құруға шақырады. Оны қалай құрамыз? Ол үшін не істеуіміз керек?
Әлеуметтік желіде атына сын көп айтылатын әкімдердің бірі – Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек. Таяуда әкімнің атына тағы бір сыни пікір жазылған. Жетісайлық әріптестеріміздің бірінің ауыл-ауылды аралап жүрген аудан әкімінің кейбір кездесулерге журналистерді шақырмағаны туралы жазбасы жарияланғаны сол, Мұрат Қадырбектің «адресіне» қарай сын-ескертпелер мен реніштер қарша борады. Бірі әкімді даттап, екіншісі ақтап, араша түсіп әлек боп жатты. Сол елде туып-өскендіктен, Жетісайға қатысты кез келген пікірге елеңдеп отырамыз, арасында өзіміз де бірдеңе жазып қаламыз. Бірақ сондай кездерде әкімдік тарапы өздеріне ұнамайтын пікірлерді өшіріп тастап отырады.
Әлеуметтік желі – ақпарат алаңы, жақсы сөз де, жаман сөз де, біз қалайық-қаламайық, жазылады. Сын айтылады. Сын шын болса, қабылдап, кемшіліктер түзетіліп жатса, несі ағат?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастырғысы келеді, ал оның жергілікті өкілдері халықтың пікірінің «көзін жоюға» тырысады.
Кешегі «Қаңтар оқиғасынан» біз неге сабақ алмаймыз? Қалың ел жариялылықтың жоқтығынан, билік пен халық ашық диалогқа бара алмағандықтан, ашынды емес пе? Жарайды, өзіне жақпаған ұсыныс-тілектердің көзін жойды дейік, бірақ күннің көзін көйлектің етегімен көлегейлеген сияқты, шындықты қашанғы тұншықтырамыз?
Әлеуметтік желіде Жетісай ауданына қатысты көтерілетін кез келген мәселеге байланысты аудан әкімнің өзі ашық диалогқа шығып, дұрысын-дұрыс, бұрысын-бұрыс деп түсіндірсе, Мұрат Қадырбек өз атын ғана емес, өзі басқаратын әкімдіктің, қала берді шенеуніктердің абыройын сақтап қалар еді. Қазір заман басқа. Басшылардың бұрынғыдай бұғып қалатын дәурені өтті. Ел ашықтықты, жариялылықты қалайды. Президент те осы саясатты ұстанып отыр. Әр cалаға соған жауапты басшының өзі немесе ресми өкілі жауап бергені жөн. Әйтпесе жауапты адам тасада қалып, екі ортада ел бір-бірімен пікір таластырып, қызыл кеңірдек болып айтысып жатады емес пе? Бұл меніңше, өзін зиялымын, елжандымын, ақылдымын деген әкімге жараспайды.
Жетісайдағы соңғы жағдайлар «ауруын жасырған ажалынан бұрын өледінің» керін келтіріп тұрған соң, ел амалсыздан айтуға, аудан басшысын қамшылауға мәжбүр болып отыр.
Ал жиналыстарға келер болсақ, жөн білетін әкім ондай жерге ұсыныс айта алатын, өзіндік пікірі бар адамдарды шақырған болар еді. Көбіне әкімдердің жиналыс жасағаны айтылады, бірақ ол жерде қандай мәселе қаралды, оны шешу жолдары қалай болды ол жайлы айтыла бермейді. Мүмкін маңызды мәселелер айтылатын да шығар, бірақ оны сарапқа салатын, бұқара халыққа түсінікті тілмен жеткізетін журналистер мен көзі ашық азаматтар шақырылмай қалып қояды. Қандай да бір іс-шарадан ақпарат беретін кезде оның елге берерін де салмақтап көру керек.
Шынын айтқанда, шырттай болып киініп алып ел аралап жүрген шенеуніктердің ол жүрісі жер егуге жағдайы болмай, күнін әрең көріп отырған қараша халықты ашындырады.
Рас, Жетісайдың халқы еңбекқор, әкімнің нұсқауынсыз-ақ егінін егіп, еңбегін атқара береді. Жетісайға жетіспейтіні – ұлттық идеология! Идеологиясы дұрыс болса, қаншама көзі ашық адамдар (басым бөлігі мұғалімдер) пирамиданың құрбаны болмас еді… Идеология дұрыс жолға қойылса, қазақтың жас қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шықпаған болар еді. Үлгі болуға тиіс мектеп директорлары жылдар бойы бір-бірін сотқа сүйреп әуре болмас еді. Жаңадан үй құраған жастардың шаңырағы шайқалып, ажыраспаған болар еді. Адамдық қасиеттен адыра қалғандар білгенін істеп, әлеуметтің әлжуаз тобын басынбаған болар еді. Тағы да айтам, Жетісайға осының бәрін реттейтін идеолог әкім керек. Оны реттеу үшін әкімнің өзі ашық, елмен етене жұмыс істеуі керек емес пе?! Жетісайдың жас әкімі Мұрат Қадырбек адам ретінде жаман жігіт емес шығар, елге болсын деген ізгі ниеті бар болар, олай болса жанашырлықпен айтылған мәселені дұрыс түсініп, керісінше, шындықты айтатын адамдармен байланысты күшейтпей ме? Басқа біреу айтса, сену қиын шығар, білдей бір редактор, қоғамның қақ ортасында жүрген журналист жиынның өткенін естімей қалса, ондай жағдайда әкімді қалай ақтап аласың? Демек, тағы бір әріптес ініміз жазғандай, әкімнің жұмысын үйлестіретін идеология саласы ақсап жатыр...
Халық әкімнің қандай болғанын қалайды? Бұл сұраққа шама-шарқымызша жауап беруге тырыстық. Осыдан кейін біраз басшылар жаңа дәуірге қарай, заман талабына орай оңтайлы жағына қарай өзгеріп жатса, алдымен елге, одан кейін өздеріне де абырой еді…