Әкімдер мойындамайтын кеңес кімге керек?
Президент соңғы жолдауында Қоғамдық кеңестердің құрамы мен жұмысы туралы ұсыныстар білдірді.
Мемлекет басшысы аталған кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті барын атап өтіп, «Биыл менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады», –деді. Әзірге, осыған қатысты заңнамаларға өзгертулер енгізілмегенімен, бұл жаңарудың қандай болатындығы белгілі болып қалған сияқты.
«Жас Алаштың» өткен нөмірінде біз Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына 10 мемлекеттік қызметкер ұсыну құзырынан бас тартып, кеңес толығымен азаматтық қоғам өкілдерінен құралады, деген сенім білдіргенін жазған едік. Шымкенттің әкімі мұндай бастаманы өз ойынан шығармағаны айдан анық. Бұл енді Қоғамдық кеңес мүшелерінің толығымен азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталатынын білдіретін сияқты. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы, 2016 жылдан бастап, жұмыс істеп жатқан Қоғамдық кеңестер елдің күткен үмітін ақтай алды ма?
Шымкентте бұл жолы Қоғамдық кеңеске мүше болғысы келетіндердің қарасы көптеу. 29 орынға 69 кандидат құжат тапсырған. Осы жөнінде әрқилы әңгімелер, әлеуметтік желіде түрлі пікірталастар өрбіп жатыр. Көпшілік кандидаттардың арасында шал-шауқандардың, пайғамбар жасынан асып кеткен бұрынғы шенеуніктер мен депутаттардың көп екендігін баса айтуда. Қоғамдық кеңес емес, ақсақалдар алқасы құрылып жатқандай. Біз осыған байланысты Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің бұған дейінгі мүшесі және жаңа құрамға кіруге құжат тапсырған қоғам белсендісі Жанысбек Өтегеннің пікірін білген едік.
Оның айтуынша, жаңа құрамды жасақтау қызу жүріп жатыр. Заңға сәйкес, 11 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған. Кеңес мүшелерін осы жұмыс тобы кандидаттармен әңгімелесу арқылы іріктейді.
– Қоғамдық кеңестерді құрудағы мақсат – билік пен халықтың арасын жақындастыру. Алайда бүгінгі әкімдіктер Қоғамдық кеңесті толық мойындады деуге ертерек. Мәселен, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов екі жылдың ішінде Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында бір рет те есеп берген емес. Бұл туралы уақтысында талай мәрте айтқанбыз. Бергі жақтағы шенділер де кеңеспен есептескісі келмейді. Шымкент қалалық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Ералы Жұмаханбетовты да шақыртып, келтіре алмадық. Қалалық әкімдікке қарасты басқарманың басшылары да келмейді, орынбасарларын жіберуді әдетке айналдырған. Қоғамдық кеңестердің жұмысына өзгеріс қажет. Әкімдер мойындамайтын Кеңес кімге керек? – дейді қоғам белсендісі.
Жанысбек Өтегеннің ойынша, «кеңестің құрамына кіргісі келетін кандидаттардың арасында шал-шауқандар көп», деген пікірге біржақты баға беруге болмайды.
– Зейнет жасындағы азаматтардың арасында да өте белсенді, сауатты ақсақалдар аз емес. Жастарға көбірек орын берген де дұрыс шығар. Бірақ жастар соған лайық па? Қоғамдық мәселелерді сараптап, жіліктеп, шағып бере алады ма? Кеңестің қазіргі құрамында да жастар аз емес. Бірақ солардың ішінде үндемей келіп, үндемей кететіндер, жастық жігерін көрсете алмағандар да бар. Дегенмен, кандидаттардың арасында бұрынғы шенеуніктердің, парламент, мәслихат депутаттарының көп екендігі рас. Сол экс-депутаттардың уақтысында парламент пен мәслихатта отырып, халықтың сөзін сөйлегенін, елдің көкейіндегі мәселені қозғанын көрмеппіз. Кешегі қаңтар оқиғасына алып келген жағдай да халықтың аманатына адал болмаудан шықты емес пе? Олардың бар мақсаты – Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде кеуде керіп, қоқыраңдап жүру ме? Қоғамдық жұмысқа абырой, атақ іздеп келетіндерді өз басым түсінбеймін. Заң бойынша әкім Кеңес құрамының үштен бірін жасақтай алады. Әйтенов осы құзырынан ресми түрде бас тартқанымен басқа жағынан өз адамдарын өткізіп жібермейтініне кім кепіл? Байқағаным, канидаттардың басым бөлігі кешегі нұротандықтар мен бүгінгі аманаттықтар. «Ауыл» партиясынан жалғыз мен құжат тапсырдым, – деді Жанысбек Өтеген.
Заң бойынша Қоғамдық кеңес жасақталып болған соң, оның алғашқы отырысында төраға сайланады. Шымкентте кеңестің төрағасын сайлаудың да біраз «жырға» айналатын түрі бар.