Әкімдер Қытайдан инвестор іздеп жүр

Түркістан облысының аудан әкімдері, басқарма басшылары Қытайда жүр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қытайға жасаған сапары қазақ-қытай іскерлік байланыстарына жаңа серпін берді.
Осы сапардан кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация аспан асты еліне барып, инвестициялық мүмкіндіктерді саралап қайтқан болатын. Енді, міне, Қытайға барып, инвестор іздеуге аудан әкімдері де кірісті.
Жуырда Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Н.Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімдері, «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері және кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапардың мақсаты – облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуға инвесторларды тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері Үрімжі қаласындағы (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық республикасы) өндірістік кәсіпорындармен танысты. Алдымен «Хи Ки Джи» зауытында (ҚХР-ғы ең үздік 500 компанияның бірі) болып, зауыт өкілдері өндірілген биологиялық тыңайтқыштың технологиялық мүмкіндіктерімен, оның көмегімен, тіпті тропикалық жемістерді құмды топырақта да өсіру жолымен және «ақылды жылыжай» технологиясымен таныстырды. Одан кейін Түркістан өңірінің делегациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және буып-түю құрал-жабдықтарын шығаратын және жеткізіп беретін зауытпен танысты. Бірнеше кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында техника сатып алуға ниет білдіріп, өзара байланыс орнатылды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт жұмысы көрсетілді.
Түркістандықтар Боро-Тала қаласындағы «Шонши Хэ» зауытында болып, тұқым өндіру, мақта өсіру және оны өндеу, жіп шығару технологиясымен танысты. Зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдірді.
Делегация Чжэнджоу қаласында шаһар басшылығымен екіжақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Оған қоса өңдірістік компаниялармен танысты. Атап айтқанда, «Zhengzhou New Rural Vegetable Food Co. ltd.» компаниясының өндірісін аралап, технологиясын көрді. Бұл компания соя шығару және жеткізу бойынша танымал. Жүн мен былғары өңдеп, олардан автомобиль орындықтарын, автомобиль кілемшелерін және басқа да интерьер заттарын шығаратын «Henan Nile Industria» компаниясының жұмысы да сараланды.
Түркістаннан барған топ «Цифрлық экономика «Бір белдеу, бір жол» тақырыбындағы «The 10th Zhengzhou Logistics Exhibition» көрмесіне қатысты. Онда логистикалық қызметтер, техникалық жабдықтар, сақтау, тасымалдау және басқа да жаңа технологиялар салаларынан 300-ден астам компанияның көрмесін тамашалады. Делегация өз кезегінде көрмеге келушілер мен қатысушыларды Түркістан облысымен, оның инвестициялық, туристік және көліктік әлеуетімен таныстырды.
- Іссапар нәтижесінде Түркістан облысына тігін, тоқыма, мақта өндеу және ет өнімдерін терең өңдеу бағыттарына инвесторлар тартуға қол жеткізілді, – деп хабарлады Түркістан облыстық әкімдігі.
Ал енді бұл сапардан қаншалықты нәтиже шығатынын уақыт көрсетеді.