Әкімдерді әшкерелейтін күн алыс емес
Байқасаңыздар, соңғы кездері президент көп айтатын сөздердің бірі – олигополия.
Содан кейін көзбояушылық. Бұл екеуі қазіргі қоғамның, әлеуметтік-экономикалық саланың ең өзекті проблемасы болып тұр. Әсіресе, екіншісі. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге көп тапсырма берді.
– Аймақтарда жұмыстың алға басуы әкімге байланысты екені рас. Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін де – көбінесе әкімдер. Бұл – ащы ақиқат. Тіпті қаржылай көмек бермек түгілі, заң аясында әкімшілік қолдау да көрсетпейді. Мұндай жөнсіздікті шұғыл түрде доғару керек. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Оларға жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын жылына 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеген жөн. Біз енді жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Керісінше әкім инвестор тартуға ұмтылуы қажет, – деді мемлекет басшысы.
Өткен аптадағы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов президенттің бекітіп берген межесіне жету үшін ұлттық экономика министрлігі есеп комитетімен және стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде жұмыс орындарын есепке алу жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу қажеттігін тапсырды. Қысқасы, тапсырма берілді, орындауға жіберілді. Нәтижесі келер жылдың басында белгілі болады.
Енді аудан әкімдері 10 мың адамға 100 жұмыс орнын ашуы тиіс. Бұл аз ба, көп пе? Салыстырмалы түрде алып қарайық. Мәселен, халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысында, орта есеппен, әр ауданда – 100 мың халық бар. Яғни, аудан әкімдері енді жаңадан кемінде, 1000 жұмыс орнын ашуы тиіс. Кейбір аудандарда – 180 мыңнан асатын тұрғын бар. Мұндай өңірлерде 1800-ге жуық жұмыс орны ашылуы керек. Жыл сайын. Әкімдер бұл тапсырманы енді қалай орындайды? Алдымен, ағымдағы жағдайға талдау жасап көрсек.
Жуырда облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында жұмыспен қамту мәселесі қаралған болатын-ды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтқан мәліметтеріне қарағанда, былтыр Түркістан облысында мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 40,1 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, нақты 54,2 мың жұмыс орны құрылған. Оның ішінде – 20,3 мың тұрғын тұрақты, 34 мың тұрғын уақытша жұмысқа тұрған. Бекітілген жоспар 135,2 пайызға орындалған. Егер қажет болса, Түркістан облысы жұмыспен қамту жөніндегі Тоқаевтың берген жаңа тапсырмаларын 135 пайызға орындап тастады. Бірақ осы цифрлардың арғы жағында президент жиі айтатын көзбояушылық жоқ па?
Жауапты азаматтардың сөзіне сенсек, бәрі шынайы. «Мәліметтер зейнетақы қорларына аударылған жарналармен расталған», дейді. Біз хабарласқан Бәйдібек аудандық әкімдігінде де жұмыспен қамтудың жоспарлары былтыр 100 пайыздан асыра орындалып қойылған болып шықты. Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әділхан Нәселбектің берген ақпаратына қарағанда, былтыр ауданда 1339 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде – 447-сі жаңа жұмыс орны. Бәйдібекте елу мыңнан астам халық тұратыны ескерсек, бұл дегеніңіз Тоқаев белгілеген межеге жетеқабыл.
– Жалпы, Бәйдібек ауданында өндіріс орындары аз. Жақында аудан әкімі халықпен кездесулерінде айтты, өңірге инвестор тарту, жұмыспен қамту мәселесіне баса көңіл бөлініп жатыр. Ал бұрын ашылған кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді Ә.Нәселбек. Шалғайдағы Шардара аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нартай Майқановтың бізге берген мәліметіне қарағанда, былтыр ауданда салалық бағдарламалар аясында 1755 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның – 867-сі тұрақты. Яғни, 80 мың халық тұратын Шардара ауданы да президенттің қойып отырған үдесінен шығып отыр деген сөз.
Артта қалған аудандардың өзінде жұмыспен қамту жоспарлары артығымен орындалып жатқан соң, басқаларында жағдайдың, тіптен керемет екендігіне күмәніміз жоқ. Жалпы, қазір қай әкімдікті алып қарасаңыз да жұмыспен қамтуға қатысты жоспарлардың бәрі артығымен орындалып қойылған. Қаржы дағдарысы, пандемияның салқыны байқалмайды. Әлде әкімдер байқатпай ма?
Енді ұлттық экономика министрлігі есеп комитеті, стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірігіп, жұмыс орындарын есепке алудың көзбояушылыққа жол бермейтін жаңа жүйесін ойлап тапса, көп нәрсе өзгереді дей беріңіз. Әкімдердің өтірігін әшкерелейтін күні алыс емес.