Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:20, 17 Ақпан 2023

Әкімдерді білеміз, депутат мырза, сіз кімсіз?!

None
None

«Ашық-жарқын, ақ-адал

болмағандықтан терең көрінетіндер

кездеседі».

 Альбер Камю,

 Нобель сыйлығының лауреаты

Мемлекетшілдігінен мансапқорлығы мықты, кішіпейілдігінен көзбояушылығы күшті, талабынан тәбеті зор, жасампаздығынан жағымпаздығы жоғары тұратын адамдар сайлау майданынан саңлау тауып – депутат, ақорданың сынақ-сүзгісінен сүрінбей өтіп, әкім болып жатады.

Жаңарып жатырмыз деп жарнамалағанымыз болмаса, сол баяғы ескі сүрлеу, көне соқпақпен салып ұрып келеміз. Елдегі кадрлық саясаттың катализаторы – ақордада отырған ақсүйек мырзалар батасын берсе болды, шұбалшаң жыланға, жылан қыранға айналып шыға келеді. Осыдан кейін ақорданы адалдық алаңы деп айтуға аузың бармайды. Тіліміз жазықты болмасын, «тірі» мысалдарды тізіп көрейік.

 Арыс қаласын «жарып», Жетісайды өртеп ел-жұрттың мазағына ұшыраған аудан әкімі Мұрат Қадырбек сенатор болып кетті. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деп айтқан ақорданың ақыл-кеңесін құлағына құйып алған ба, қайдам, сол әкім Жетісайда екі жыл тып-тыныш отырып, тиіп-қашып жүріп түк бітірмей тайып тұрды. «Жер бастым деп мәз болма, жерде ізің қалмаса» дейтін ешкімнің болмағаны ғой. Жасампаз әкімге жарымаған Жетісай жұртшылығы әкімнен құтылғанына қуанбаса, жылап-сықтап, қимай қоштасқан ешкім болмады. Парламент сенатының депутаттарын сайладық деген даңғаза мен дақпыртқа толы дабырасы болмаса, бұл да тағайындаудың деградацияға ұшыраған бір түрі болып шықты.

 Біздің елдегі кадрлық саясаттың астарын ақтарып қарасаңыз, шырынға жабысқан шыбын жайлы мультихикая көргендей әсерде боласыз. Айталық, сол сенатор тастап кеткен «қасиетті» орынға аузынан ана сүті кеппеген, өмірлік тәжірибесі жоқ, шаруашылық табиғатын түсінбейтін «толыспаған Толстой» келіп қонжия кетті. Осы жұрт біледі: сүйенгенің мықты болмаса, Құдайға сыйынып, әкім бола алмайсың. Ақорданың «зымырантасығыштары» кадрларды қанатына қондырып алып діттеген орынға, қалаған жеріне қадап қоя салады. Бұл баяғы өз сүйкімдісін халыққа зорлап танатын Кремль көсемдерінің қолтаңбасын еске түсіреді.

 Жастарға жол бергеніміз жақсы шығар-ау, бірақ көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап беріп, азапқа салып қойғанымыз қайбір оңған тірлік дерсіз. Жас баланың әкім болғанын әрі қарай жоғары өрлеу үшін таптырмас трамплин деп түсіндік. Әйтпесе, 2ОО мыңға жуық тұрғыны бар, стратегиялық маңызы айрықша ауданның ауыр жүгін арқалап жүру – кәнігі тіс қаққан кәрі тарландарға да оңай соқпаған. Кадрларды іріктеп, таңдап, сүзгіден өткізіп отырған ақордадағы ақсүйектердің қойыртпағы – елге жаны ашымастың іс-әрекетінен онша алшақ жатпаған сияқты. Апыр-ай, ә, дерсіз. «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» дегеннің кері ғой.

 Наурыз мерекесі қарсаңында өтетін кіші іні – мәслихат, үлкен аға – мәжіліс депутаттарының сайлауы бірден қарқын алып кеткені соншалықты, халық жыл келгендей жаңалық көріп, ұлан-асыр тойды бастап жіберген. Қыстан тонып шыққандардың тойып секіретін сәті туды. Бәйгеге ат қосқандар ру-ру болып, топ құрып, аста-төк дастарқан жайып, күндіз жиын, түнде той өткізіп әлекке түсіп жатыр. Үміткерлердің тізіміне сұқ саусақты тіреп отырып көз жүгіртсеңіз кілең қалталы байбатшалар мен аса тоқ адамдарды көресіз. Осал адамдарға орын жоқ. Біздің «осал» деп отырғанымыз, артық дүние жимаған, шашатын ақшасы, жабатын шапаны жоқ қолы қысқа адамдар еді. Анығын айтқанда, малының есебі жоқ мансапқорлар алға озып, мінетін есегі жоқ нарқасқалар көлеңкеде қалып жатыр. Осылайша жаңа қоғамның іргетасын кетік кірпіштермен қалап, қабырғасын тұрғызуға кірісіп кеттік.

 Саяси технологтардың тықпалап жатқан бағыт-болжамы: мәжіліс пен мәслихат корпустарын қайта жасақтап, жаңарған соң, бәрі аяқ астынан өзгеріп, әділетті қоғам орнап, табысымыз өсіп, реформалар қарқынды жүріп, экономикамыз өрлеп, Қазтуған жырауша айтқанда: «Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең, жары менен сайы тең» болады екен. Әлдебір ғажап дүниені қиял әлемінен іздеп жүргендердің ниеті түзу демесеңіз, сене қою қиын. Өйткені «Егер сендер дауыс беру арқылы бәрін шешуге болады деп ойласаңдар, онда Афинаның бар иттері атқа айналсын деп дауыс беріп көріңдер» деп, данышпан Сократ айтқандай, сайлау нәтижесін қорытындылап, соңғы нүктесін қоятын сайлаушылар емес, санаушылар болғандықтан, жерде жасалатын төңкерісшіл рухты көктен іздеп жүргеніміз күлкілі көрінеді.

 Сайлау сахнасына көтеріліп, депутат болуға жанталасып жүргендердің қарасы қалың: кілең жорға мініп, дорба көтерген тоқ адамдардың артелі сияқты. Қатарда жүрген қарапайым азаматтарды көрмейсіз. Депутаттықтан дәмелілердің арасында 1О-15 жылдан бері мәжілісті майшелпекке, мәслихатты қолбала меншігіне айналдырып алған, кеудесіне төсбелгі тағып, тойдың төрінен, жиналыстың мінберінен түспейтін, қалың елдің қамын жеген Едігенің рөлін ойнап жүргендер көп. Сол тоқ адамдардың текетіресі мен тайталасы – сайлау науқанының көрігін қыздырып жатыр. Мұның жақсы жағын қайдам, жаманы: «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Мансап мұнарасы – төрт құбыласы түгел адамның жанын жегідей жеп, атақ ауруына, даңқ дертіне ұшыратады. Ал бірге сойыл соғысқан халықтың мұң-мұқтажы ұмытылып, үлестен құралақан қала береді.

 Президент Тоқаевтың әу бастағы алғашқы қадамы – билік тармақтарында тас кенедей жабысып отырған ескі-құсқы көнекөздерді жаңа көзқарастағы ұлтжанды кадрлармен алмастырып, елдің дамуына тың серпін беру болатын. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» демекші, көзге көрінбейтін майданның кедергілеріне қарамастан, біршама жұмыстың атқарылып жатқаны анық байқалады. Дегенмен билікке келіп жатқан жаңа толқын есіктегі басымызды төрге сүйреп, елді ұшпаққа шығарады деген шолақ болжамнан шалқар шындық шықпайды. Оның себебін мына бір әпсананың астарынан айқын аңғаруға болады.

 Баяғы заманда елдің болашағына бей-жай қарамайтын бір кемеңгер кісі патшаға: «Тақсыр, айналаңызда адал адамдар азайып, дүниеқоныз, ашкөз, мансапқор, сенімсіз адамдар көбейіп кетті. Оларды ауыстырып, орнына биліктен бүлінбеген, сенімді тұлғаларды таңдап қойыңыз», – деп кеңес беріпті. Патша терең ойланып отырып: «Мен жақында базарға барып едім, бір бұрышта жатқан қайыршыны көрдім. Үсті-басы қаптаған қара шыбыннан көрінбейді. Жаным ашып, шыбындарды үркітіп бастап едім, әлгі қайыршы: «Уа, мырзам, неге бұлай еттіңіз? Бұл шыбындар әбден тойынып алып, жай қонақтап отыр еді. Енді олардың орнына келген аш шыбындар мені тірідей талап, жеп, мазамды алатын болды ғой», – деді. Сол қайыршы айтқандай, менің жаңадан тағайындаған қызметкерлерім де өздері алдымен тойынып алуға тырыспас па екен?» деген екен. Ақылды патшаның көңіл түкпіріндегі күмәнді ойларын түсінуге болады. «Адам аласы ішінде», жоғары лауазымды қызметке тағайындалған әкімқаралардың ант-су ішкені адал екенін білдірмейді. Антұрған албастылар арамызда жүр. Осыдан кейін ант қабылдау рәсімін көзбояушылық демей көріңіз.

 Батырлық, байлық кімде жоқ, депутат болу бір басқа. Сол шіркіндеріңізді қандай адам деп, ішкі мәдениеті мен жан дүниесіне үңіліп, адамгершілік әлемі мен кісілік келбетіне қарап жатқан ешкім жоқ. Бір білетініміз: депутат боламын деп жанталасып жол жөндеп, ұн үлестіріп, тырбиған тауық еттерін тарқатып, мектептерге қарайласып жатса болды, шашбауын көтеріп, үйіп-төккен уәдесіне сеніп, «қайраткерлер» қатарына қосып жібереміз. Бұл уақытша ұпай жинау «синдромы» екеніне селт етпейміз. Есегі судан өткен соң сойыл соғысқан елді естен шығарып жібереді.

 Кемеңгер Абай: «Өзің-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады» дейді. Ақыл-ой алыбының сөзіне қосарымыз да, аларымыз да жоқ.

Тегтер: