Әкімдік: 3 мың гектар егістікті су басты, ондаған үй жарамсыз қалды

02.05.2020, 16:46

17

Түркістан облысы Мақтарал ауданында су алған бірнеше елді мекенде ондаған үй жарамсыз болып қалды, 3 мың гектар егістік жерді су басты. Жеңіс пен Жаңа тұрмыс ауылдарын толық су алды. Бұл туралы 2 мамырда кешке қарай Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ресми орындар "әзірге адам және мал шығыны белгісіз" деді.

«5460 адам эвакуацияланды. 3 мыңға жуық адам 10 мектепке жайғастырылды. Қалғаны туған-туыстарына кетті. Мектептерде тамақ, жатын орын, карантинге байланысты қауіпсіздік шаралары сақталып жатыр» деді әкімдік өкілдері.

1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасындағы бөгеттерің бірі жарылып, айналасындағы елді мекендерді су басып қалған еді. Кейінірек Мақтарал ауданындағы бірнеше елді мекенге де су басу қаупі төніп, кейбір тұрғындар өз бетімен, кейбірі биліктің көмегімен ауылдардан көшірілген. 2 мамырға қараған түні ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Сенбі күні су алған елді мекендерге барған Азаттық тілшісі үйлер мен қораларды су басқанын, ірі қара малдардың, жылқылардың суда жүзіп жүргенін көрді. Сенбі күні түстен кейін Мақтарал ауданы әкімдігінің алдына он шақты тұрғын жиналып, су алған кейбір ауылға көмек келмегенін айтып шағымданған. Олар су шайған ауылдан өз бетімен қашып шыққанын айтқан. Ал әкімдік өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Мақтарал ауданында елді мекендерді су алып, төтенше жағдай жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі күні күндіз Twitter-де зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Сыйымдылығы – 922 млн текше метр. Су қоймасының биіктігі – 28,8 метр.

Мақтарал ауданындағы елді мекендерді су алды Фотогалерея

Мақтарал ауданындағы елді мекендерді су алды

2 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сырдария облысында жарылған Сардоба су қоймасының суы Түркістан облысы аумағына өтті. Облыста шұғыл штаб құрылып, Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Аудандағы бірнеше ауылды су алған. Жергілікті билік бірнеше елді мекеннен 5 мыңнан астам адамды эвакуациялағанын хабарлады. Төтенше жағдай жарияланбай тұрып, кейбір тұрғындар ауылдан өздері кеткен.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    13:30
  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    27.11.2020, 09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16